Аудандық мәдениет үйінде республикалық «Жастар жалыны» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұрсұлтан Асқарұлының ұйымдастыруымен өнер фестивалі өтті. Әртүрлі жанрда бақтарын сынаған жасөспірімдердің саны өте көп болды. 50-ге жуық талапкер таланттарын таразыға салды. Жастарды жігерлендіру, таланттарын шыңдау, жетілдіру, оларды дамыту, нағыз өнерлі жандарды қалалық жерден емес шалғай ауыл аймақтан іздеу мақсатында өткізілген фестивальдің берері көп болды. Баяғыда шалғай ауылдардан таланттарды іздеген тұлғалар көз алдымызға келе қалды. «Ел іші – өнер кеніші» деген тәмсілді басшылыққа алар болсақ бүгінгі байқау бойында жалыны бар жасөспірімді шыңдау деуге болады.

Бұл фестивальге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Қанат, Айтгүл Құдайбергеновтер, кастинг директор, продюсер Айсунна Жұмабек қазылық етті.
Тек қана ән айтып, би билеу емес, кино саласындағы талаптары, дәстүрлі әншілік, аспапта ойнау, көркем сөз оқу сияқты сан қилы өнерлер талқыға түсті. 4 номинация бойынша гран при иегерлері анықталды. Түркия мемлекетінің 4 қаласына жеңімпазбен бірге ата-анасына саяхатқа арнайы жолдама табыс етілді. Кубок, арнайы медальдар, дипломдар, республикалық конкурсқа жолдама және үлкен тележобаларға арнайы сертификаттар берілді. «Біздің болашағымыз өнермен байланысты. Өнер арқылы бүкіл әлемді таң қалдыруға болады» деген ұстанымды ұстанған Нұрсұлтан Асқарұлының бұл жобасының болашағы зор екендігіне сендік. Өз арамызда қаншама таланттар жүргенін байқай бермейді екенбіз. Осындай байқауларда көшбасшылық танытып, бойындағы тұнып тұрған таланттарын көрсете алған балалардың өнеріне таңдай қағыстық. Аспапта ойнауда шеберлік танытқан Ақниет Дүйсенбай, би номинациясы бойынша Ихтияр Аблекимов, вокал номинациясы бойынша Ардолайты ауылынан Естай Мұқатай гран приге ие болса, дәстүрлі ән бойынша 7 жасар Әмірхан Қабылғазы бас бәйгені қанжығасына байлады.
Баян МАМЫРБАЕВА
