«Ақ ұлпа жерді жапқанда,
Ағаштар сырға таққанда.
Бозарып атқан ақ таңда,
Бозарып тұрып ақпанда,
Есіңе мені алғайсың!» деп ақынның өзі жырлағандай әр жылдың ақпан айындағы дүние есігін ашқан күнінде Мұқағали Мақатаевтай поэзия саңлағын ел болып еске алып, аймақтарда түрлі іс-шаралар өткізіліп, облыс, республика көлемінде өлең, жырларын орындаудан ақындар арасында мүшәйралар мен әншілер арасында ән байқаулары ұйымдастырылып жатады. Осы үрдіске сәйкес «Жырлайды жүрек» атты Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндерден ХIV облыстық әншілер байқауы биыл да ұмыт қалған жоқ. Облыс деңгейінде өткізілген әншілер бәйгесінде ауданымыздың намысын қорғауға барған «Жазерке» халықтық ұлт-аспаптар ансамблінің дәстүрлі әншісі Айқынбек Айдар әншілердің тобынан оза шауып, бірінші орынды еншілеп қайтты. Елдің намысын еңселі еткен өнерпаз 1982 жылы 10 қазан күні аспанасты еліндегі Іле аймағы, Текес ауданында дүниеге келген. Қаршадайынан қолына домбыра алып, қазақтың төл өнерін жанын серік еткен сері жігіт дәстүрлі әндерді орындауға 5 жасынан бастап-ақ машықтанған. Қытай Халық Республикасында Іле облысынан ашылған «Өзге ұлттарды дәстүрге тәрбиелеу мектебінде» 3 жылдық музыкалық білім алып шыққан. 2019 жылы туған жерге, ата қонысқа көш түзеген қандас бауырлардың қатарын толықтырған. Атамекенге аяқ басқан сәттен бастап бойындағы өнерін өшіріп алмас үшін жергілікті «Жазерке» өнер ұжымына жұмысқа орналасқан. Дәстүрлі әндерді орындаудың хас шебері екендігін дәлелдеп, туған жердегі алғашқы бәйгесін алып, ауданның мәртебесін бір көтеріп тастады. Аталмыш байқауда Айқынбек Айдар ақынның сөзіне жазылған Дәнеш Рақышевтың «Аққулар, қош болыңдар!» әнін орындаған. Екінші айналымда Мұқағалидың «Аягөз ару» өлеңіне жазылған Тұрсынғазы Рахимның әнін орындап қазылар алқасының және қалың көрерменнің жүрегінің төрінен орын алған. Бүгінгі күнде дәстүрлі әндерді орындау техникасын одан әрі дамыта түсу үшін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидан дәстүрлі әндерді орындаудан шеберлігін шыңдап жүргендігін де айтып қалды.
Туған жерге деген жүректегі сағыныш пен сүйіспеншілік өнерпаздың бойындағы талантын оятып, шабытын одан әрі қамшылай түскендей. Алдағы уақытта алар асуы биік болып, халықаралық дәрежеде елдің намысын қорғайтын додаларда топ жарсын деп тілек білдірдік!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ