Басты бет Иман Дін мен қазақы дәстүр-салттың сабақтастығы

Дін мен қазақы дәстүр-салттың сабақтастығы

0
5,330

Ғұн, үйсін, қаңлы, қыпшақ, сақтарданмын,

Дүркіретіп жердің жүзін басқарғанмын.

Дінім ислам, салт-дәстүрім, тілім де бай,

Сан ғасыр, аттап өттім асқардан мың.

Дәстүрі, діні, ділі мен тілі, территориясы мен сана-сезімдік сапасы сынды факторлар ұлттың ұйтқысы десек, осы дәстүріміз, діліміз, тіліміздің дінімізбен сабақтастығы халқымыздың қазақы қағидасына қаншалықты  енгенін елестетіп көрейікші!…

Аллаға шүкір териториямыз бар және әлемде ойып тұрып тоғызыншы орынға келіп тоқтаған. Алтын діңгегіміздің бірі әрі бірігейінен саналатын дәстүріміздің де діңі берік. Дәстүрдің тозығы тозаңданып, озығы ортамыздан орын алары анық әрі бұл заңдылық та.  Сондыңтан, салт-дәстүр саласында керегемізді кеңейтуге кежегесі кері тартар келеңсіздіктер жоқ деп санауға болады.

Алайда, әңгіменің «әдемісін» дінімізбен ділімізден тұтатқысы келетіндердің көлбеңдеген көлеңкесі кей-кейде көрініс беретіні де көмескі емес. Осындай іргемізді ірітер кейбір келеңсіздіктердің қылаң беріп қалуын, қылаң беріп дейміз-ау, қауіпке қалдыратынын қаперге ұстамасақ ұтылатынымыз анық.

«Дін асылын діннен ізде», — деп Шәкәрім атамыз айтқан аталы сөзбен Ислам қағидалары қағыс қалып, дін асылын адамнан іздейтін ағымдардың апанына аңдамай кіріп, солардың сойылын соғып жүрген бауырларымыз басымызды ауыртып, балтырымызды сыздатады.

Иә, кейбір сыртқы күштердің «бөліп ал да, билей бер» саясатының салқыны дінімізге дендей кіріп, белгілі бір деңгейде білімі бар адамдардың шашбауын көтеріп, сол адамдар арқылы өзара арбасқан ағымдарды жасап жатқаны жасырын емес.

Ал, шындығына келгенде біз «әлмисақтан мұсылманбыз» деп атам қазақ айтқандай, әлхамдулилла мұсылман халықпыз. Сол мұсылмандық дініміз дәстүрімізге қабысып, салтымызға сіңгені салт-дәстүрден хабары бар көкірегі ояуға көмескі емес. Алайда, кейбір «ғұламалардың», ғұмырлық тағлымға толы Ислами игіліктердің халқымыздың қазақы қағидаларына қабысқан құндылықтарына қатысты қырын қарап, қыңыр сөйлеп, қисық басуы өкінішті. Ағымдардың жетегіне жегіліп, ізіне ілескен ғайыптан пайда болған осындай «ғұламалар» ғасырлар аттап жеткен ғұрпымызға ғаріп күй кештірмек.

«Құдайсыз қурай да сынбайды» деген қағиданы қазық қылған дана қазақтың: «Құдайға сенген құстай ұшар, адамға сенген мұрттай ұшар», «Құдайға сенгеннің екі бүйірі шығады, адамға сенгеннің екі көзі шығады» деген терең танымдық тұжырымы мен сенімін аяқ асты етіп, «қазақтар мушіріктер» (Аллаға серік қосушылар, яғни, кәпірлер) деп, халқымызды шариғат шеңберінен шығып кеткен, айдалада адасқан адамдар санатына санайтындарға таң қаласың.

Егер, қазақ дінсіз болса, мұндай сөздерді тіліне тұтып, санасына сіңірмес еді.  Егер, қазақ мұсылман болмаса, өлген адамды «қайтыс болды» демес еді. Қайтыс болу — қайту деген ұғымнан шыққан. Пәниден бақиға қайту, яғни, уақытша өмірден мәңгілік мекенге қайту дегенді білдіреді. Мінеки, қазақ ежелден мына өмірдің уақытша сынақ өмір екеніне, мәңгілік өмірдің о дүниеде болатынына сенді. Қазақ өлген адамды қайтыс болды деп ғана қойған жоқ. Сол қайтыс болған адамды шариғат заңына сай шығарып салды. Жуындыру, кебіндеу, жаназа шығару және жерлеу сынды жол-жоралардың барлығы Ислам шариғатына сай жасалып, салтымызға айналды. Міне, бұл да Ислами қағидалардың  салт-дәстүрімізге сіңген тұстарының бір көрнісі. Қазақ қайғыда болсын, қуанышта болсын, тәлім-тәрбие мен тілде болсын Исламнан игілік тапқан, иманның шамын жаққан халық. Мысалымызды онан әрі өрбітсек, қазақ қайтыс болған адамды кебіндегеннен кейін орайтын ақ киізді, «иман киіз» деп атады. «Иманы жолдас болсын! Иманы серік болсын! Жаны жәннәтта болсын! Топырағы торқа болсын! Жатқан жері жәйлы болсын!» деген сияқты сөздер арқылы қайтыс болған адамның туыстарына көңіл айтып, дұға-тілек бағыштады. Бұл дегеніміз дін Исламның діліміздегі, тіліміздегі көптеген көрністерінінің бірі десек дөп басқанымыз болмақ.

Қазақ жаңа туған балаға Исламның ізімен азан шақырып ат қойды. Аллаберген, Тәңірберген, Құдайберген, Әбдірахман, Әбдолла, Ахметхан, Ахметжан.т.б. деп қойды. Қазақ сәбиі дүниеге келген қуанышты құттықтап «шілдехана» тойын жасады. Бұл да Исламда «ақиқа» аталатын сүннетке сай амалдың бірі еді.

Қазақ жаңа түскен келінін сүннетке сай, босағадан оң аяқпен аттатып кіргізеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Үйге кіргенде оң аяқпен аттап, шыққанда сол аяқпен шығыңдар», — деген. Қазақ той жасамай келін түсірмейді. Ең кемінде шағын дастарқан жайып, жақын туыстары мен көрші-қолаңдарын шақырады. Ал, Ислам діні бір қой болсада сойып, той жасауға үндейді. Яғни, некелесу дегеннің өзі жария ету деген мағынаны береді. Сол үшін соңғы малы болсада сойып, той жасаудың түп мәні — үйленгендігін жариялау деген сөз. Демек, Исламдағы қуанышқа қатысты қағида қазақ арасында да қағыс қалмапты. Келін түскен керегеде қан шығарып, қазан қайнатпаған қазақты көрмеппіз.

Міне, байқап отырғанымыздай дін мен дәстүр сабақтастығы осылай біте қайнасып кеткен. Дінімізбен дәстүр-салтымыздың сабақтастығын санап таусу мүмкін емес. Ал, Ислам діні ешқашан салтымызға симастық жасап, құндылықтарымызды құрдымға кетірмеген. Керісінше, кемелдендіріп, қасиетке толы дінімізбен өсиетке толы дәстүріміз қабыса қатар қанат жайған-ды. Сонау Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ пен Сақтардан бері сан жылдар жылысып, Ғұндардан ғұмырлық ғұрыптар ғасырдан-ғасырға жалғасып жеткен жүлгесі ұзын, жілігі майлы салт-санамыз бен дәстүріміз Қараханилер дәуірінде дендей кірген хақ дін Исламмен біте қайнасып, көшпенділер көшінің керуенін бастаған халқымыздың көсегесін көгертіп,  өркениет өлкесінде өшпестей өскелең тағылымға толы құндылықтар қалыптастырды. Аңдай білген адамға, Алтай мен Атыраудың арасы аспан астындағы ашық мұражай спетті. Бабалардан бүгінге жеткен бай мұраны жер-жүзіндегі жауһарлардың бірі деп білген жөнді болмақ. Діннің атын жамылған, жарылыс жасауға жаны құмар жат ағымдардың жетегіне ерген жандарға осындай керемет байланысты, дәлірек айтқанда, дін мен дәстүр-салттың сабақтастығын санасына сіңдіру жолында жұмыс жасауымыз керек.

Қазақстан республикасының ұлттық қауіпсіздік туралы заңының 7-бап, 2-бөліміндегі: «Қазақстан Республикасының азаматтары өздерінің Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген құқықтары мен міндеттерін іске асыру арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады» — деген бапқа және басқа да баптарға сәйкес өз еліміздің  заңдарындағы көрсетілген құқықтарымыз бен міндеттерімізді дұрыс бағытта іске асыруға барымызды салуымыз азаматтық парызымыз деп білейік, ағайын!

Түркілік тек, қазақы қан, ислами иман. Бұл біздің туымыз. Туды ешкім екіге бөлмес болар.

 «Алматы облысы дін істері басқармасы» ММ

«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының» 

 Жамбыл ауданы бойынша дінтанушы маманы                       Б.Тоқай.

Тел: 8(727)7020281,  8-771 127 33 27.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАТ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ НӘРСЕ?

Бүгінгі қоғам өте қызық. Ондағы тіршіліктің қайсысы жақсы, қайсысы жаман деп ойыңды қорытқ…