Басты бет Рухани жаңғыру Жиырма жасында жаумен жағаласқан батыр қыз

Жиырма жасында жаумен жағаласқан батыр қыз

0
766

Биыл туғанына 100 жыл толған шығыстың шолпан жұлдызы атанған қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова жайлы «Мәншүк туралы ән» фильмін мектеп қабырғасында жүргенде көрдік. Батыр қыздың рөлін сол жылдары аса танымал, қазір де атағы дардай Наталья Арынбасарова орындап шықты. Балалық сезім, әлде көңілдің таза кезі болар Мәншүктің сыртқы келбетін, мінезін сол актрисаның болмысымен бірдей көрдік. Әлде ойнау шеберлігінен бе? Кейін де көптеген басқа киноларда ол сомдаған рөлдерді көрдік. Бәрібір Мәншүк екен деген елестен бе, сезімнен бе біраз уақыт арыла алмағанымыз рас. Бар болғаны 20 жасында ер-азаматтармен теңдей дәрежеде ерлік көрсеткен Мәншүктің жасаған жанкешті мінезін дәл қазір қайталай аламыз ба деген сұрақ қылт етеді ар жағымызда. Басқа түссе мүмкін ондай батырлықты кез келгеніміз жасармыз бәлкім. Бірақ ондай адам өмірін жалмайтын соғыс енді болмасын деп сұрайық Жаратқаннан. Ол қилы замандарды ұрпағымыз ендігәрі көрмесін деп тілейік.

Мәншүк Мәметова азан шақырып қойған аты Мәнсия. Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова 1922 жылы Орал облысы, Орда ауданында дүние есігін ашқан. Анасы еркелетіп Моншағым дей бергеннен, Мәнсияның тілі келмей өзін Мәншүк деп кеткен. Мәншүктің өз әкесі Жиенғали Мәметов. Бірақ Жиенғалидің інісі Ахмет Мәметовте бала болмаған соң, 1925 жылы Мәншүкті сол кісінің қолына берген. Ахмет Саратов қаласында оқып жүргендіктен, Мәншүкті өзімен бірге сол жаққа алып кетеді. Көп ұзамай аласапыран заман басталады да, Ахмет бірнеше жыл ағасымен хабар алыса алмай қалады. Кейін 1931 жылы Алматыға келгеннен соң ағасы Жиенғалидың аштықтан көз жұмғанын естиді. Ахмет Мәметов – қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, өзі Алашордашы, Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбановтармен жақын араласқан. 1937 жылдың қуғын- сүргініне Мәметовтер әулеті де ұшырады.  Ғылыми – зерттеу институтының директоры Ахмет Мәметов  қамауға алынды. Ол кісінің әйеліне айтқан соңғы сөзі: «Менің Мәншүгімді ренжітпе, аман сақта». Кейіннен Ахмет Мәметовті ақтады, бірақ олардың отбасы қудаланып, «халық жауы» атанды. Есейген Мәншүк әкесінен бас тартпады, оны сатпады. Ол әкесінің қамалуын қате деп санады.

Мектепті бітіргеннен соң Мәншүк медицина институтына оқуға түсті. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Мәншүк 18 жаста болатын. Ол соғысқа бару, Отанын қорғау туралы шешімді өзі қабылдады. Өтінішінде «Фашистерді жою үшін майданға жіберетін менің ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан өзімді жіберіңіз», деп жазған. 1939 жылдан бері комсомолмын. Бір жыл бойы Мәншүк әскери комиссариаттан өзін әскерге жіберу туралы өтінді. 1942 жылдың 13-ші тамызында Алматыдан 100-ші атқыштар бригадасы майданға аттанды. Оның құрамында 4890 жауынгер, оның ішінде 2 қазақ қызы – дәрігер Мәриям Сырлыбаева және Мәншүк Мәметова болған екен. Бригаданы соғысқа ұлы ақын Жамбыл өлеңімен шығарып салыпты. Негізі Ұлы Отан соғысы кезінде майданға әйел баласы алынсын деген бұйрық болмаған. Оның үстіне соғыс қазақ топырағынан тысқары мыңдаған шақырым қашықтықтағы қиян түкпірде жүріп жатты. Майданды таңсық көріп, тамашалау үшін аттанбаған Мәншүк – бүрме көйлегін зіл батпан шинельге, жеңіл байпағын ауыр керзі етікке айырбастайды. Қос бұрымын шорт кескізіп, мұздай темір асынатын, ерлердің тәуекелі жете бермейтін іске бел байлайды. Қара тастай өңі суық қару – пулеметтің әр қорабында бірнеше қалақ оқ лентасын алай-бұлай алып жүрудің өзі қанша күшке түсерін ойласақ  талдырмаш қыздың өмір мен өлім қақтығысына өзінің сұранып баруында көп сыр жатқандай. Мәншүктің Отанына, еліне, жеріне, әсіресе, әке алдындағы перзенттік борышына адалдығын көрсетер тұсты ердің ері, адамның адамы сыналар шағын таңдап алуының өзі ерліктің басы еді. Соғыстың да соғысы бар. Егер, Мәншүк 100-ші бригадада болмай, басқа ортаға түскенде, жағдайы әлдеқандай болатыны және белгісіз еді. Негізінен ұлттық, яғни қазақ бауырларынан, басшылары да өз ағайындары болғандықтан олар Мәншүкке қорған бола білген, әрқашан жанашырлықпен қараған. Сондықтан да оны үнемі штабта ұстауға тырысқан. «Ортамыздағы жалғыз қаракөз қарындасымызды оққа ұшырып алсақ, елге не бетімізбен қараймыз, бір қызға қараған ештеңе жоқ», деседі екен. Сөйтсе де Мәншүк өжеттігінің арқасында туасы көрмеген бар қаруды бес саусағындай үйреніп алады. Үздік пулеметші атанып қоймай, аз уақытта бөлімшенің командирі, батальон комсомол комитетінің жетекшісі болады, әскери шені сержантқа дейін көтеріледі. Соның негізінде Мәншүк Невель қаласының түбіндегі Изочи стансасы үшін қантөгісте өзінің кім екенін тарих бетіне қанымен жазып кетті. Оның басынан бақайшағына дейін қаруланған көп жауға жалғыз өзі қарсы тұрып, алға жылжытпай жер бауырлатуы көзсіз батырлық еді. Соғыстың заңы, денеңнен қан шыққан жарақат алсаң, ұрысты тастап, кейін қайтуға рұқсат. Мәншүк басынан жараланса да: «Сендер бара беріңдер, мен қалмасам сендер шепке жете алмайсыңдар», деп жалғыз өзі жолдастарынан қалып, көпе-көрінеу ажалмен бетпе-бет келіп, жанын құрбандыққа шалуы – ерліктің ерлігі. Міне, осындай сан ерліктің басын құраған Мәншүкке Батыр атағы шейіт болғаннан соң алты ай кешігіп берілген. Оның себебі әртүрлі жайларда әрқилы айтылып жүр. Дегенмен бригада комиссары С.Бәйішевтің хатшысы, кейіннен 120 миллиметрлік дивизион бастауыш партия ұйымының хатшысы болған Байуақ Ахметов атамыздың айтуынша: «Егер Мәлік Ғабдуллин болмағанда Мәншүкке Батыр атағы берілмейтін еді», – деп айтып отырады екен. Мәншүктің қаза тапқаны туралы жазылған газеттер Мәскеуде Қызыл Армияның Саяси Бас басқармасының орыс емес ұлттардың жауынгерлері арасында үгітші болып істейтін Мәлік Ғабдуллиннің қолына тиеді. Оның үстіне Мәлік Мәншүкті штабта, 1943 жылы маусым айында келгенде көргенімен қоса, анасы Әминамен хат алысып тұрған. Мүмкін Әмина қызына бас-көз бол деп те тапсырған шығар. Мәлік Ғабдуллин Мәншүктің қазасын ести салысымен дереу Невель қаласына келеді. Ол кезде 100-ші бригада тарап, 1-атқыштар дивизиясы құрылып жатады, ал Байуақ сол уақытта Невель қаласындағы 6-гвардиялық армияның резервінде тұрады. Мәлік келе сала: «Мәншүкке не жасап жатырсыңдар?» – дейді. Олар ІІ дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Мәлік жатып кеп ашуланады. Сосын тұрып: «Айтыңдаршы, Алматы мен Мәскеудің арасы қанша шақырым?» – дейді. Біреуі 4800 десе, біреуі 5000 шақырым деп жатады. «Мейлі, 4 мың-ақ шақырым болсын. Басқаны қойып қазақтың жиырмаға жаңа шыққан қызы сонша қиырдан Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына пулемет алып, соғысамын деуінің өзі ерлік емес пе? Осыдан артық не дәлел керек? Дереу құжаттарын қайта дайындаңдар. ВЛКСМ Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Бүкілодақтық төраға Калининнің өзіне барамын. Ворошиловқа да кіремін. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды беремін», деп қайтадан құжат дайындатып, алып кетеді. Содан алты ай дегенде Мәншүкке 1944 жылы 5 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.        Қайсарлықтың, ерліктің үлгісін паш еткен Мәншүк қазақ халқының жадында мәңгі жас күйінде қалды. Оның басынан бақайшағына дейін қаруланған көп жауға жалғыз өзі қарсы тұрып, алға жылжытпай, жер бауырлатып, соғысты бірнеше минутқа тоқтатуы, көзсіз батырлық еді.

Мәншүк туралы кино түсірілді, кітап жазылды, соғыста бірге болған майдандастарының естеліктері жарық көрді. Қазақ қыздарынан шыққан алғашқы пулеметші, Кеңестер Одағының Батыры, жастық шағының қызығын көре алмаған Мәншүк туралы анасынан артық естелікті ешкім бере алмас. Анасы Әмина Мәметованың «Менің сүйіктім» деген тақырыппен жазылған құнды мақаласы бар. Атының өзінен махаббат пен мейірім төгіліп тұр. Толық мәтінін бере алмаспыз. Дей тұрғанмен содан үзінді ұсынсақ.

…Кедей болса да Жеңсікәлінің үйіне барсаң адамның кеткісі келмейтін. Жазда оқудан қайтқанда, ол үйде мен де көп болатын едім. Мен келіні бола тұрсам да балаларының бірінен кем көрмейтін. 1928 жылы мен оқуды бітіріп, Семей қаласына кететін болдым. Әуелі елге келдім. Мәнсия әп-әдемі қызғалдақтай кішкене қыз болып өсіпті. Жасы алтыға шыққан. Жасы келіп қалған Жеңсікәлі:

– Екі бала сабаққа кеткенде үңірейген үйдің мынау бір қыз бала шамшырағы болды, міне, күнібойғысы осы, – деп Мәнсияның барлық мінезіне сүйсініп, қуыршақ секілді әп-әдемі қызын ойнап жүрген жерінен көтеріп алып маған көрсетті. Мәнсияны менің де жақсы көретінімді олар білетін.

– Осы қыз саған лайық, сен алып кет, Әмина, – деп Жеңсікәлі баланы жерге қойды. Абысыным Толша да:

– Өлсе сұраусыз, ажалды болса қайда өлмейді. Рас алып кетші қарағым, ең болмаса қасыңда жүрсін, – деді.

Мен сенер-сенбесімді білмедім. Өйткені екеуі де Мәнсияны ұлдарынан артық жақсы көретін. Ертең жүреміз деген түні:

– Апаң алып кетемін дейді, барасың ба, Мәнсия? – деді Толша. «Барам» деді бала. Сол күні Мәнсияны алып Саратовқа кеттім. Мәнсия өте сүйкімді бала болды. Жібектей созылған жұмсақ мінезі жағынан Толшаға тартса, намыскер, біреудің жөнсіз бойтеңелдігін көтермеу жақтары әкесіне ұқсаған. 1929 жылы жазда ата-анасын сағынған болар деп елге алып келдім. Мәншүк менен қалмады. Содан кейін екеуіміз айырылған жоқпыз.

Мәншүк кішкене кезінен алыптар туралы ертегілер Қобыланды, Бекет, Исатай туралы, Құртқа, Ақжүніс туралы жырларды талай тыңдаған болатын. Әсіресе менің шешем ертекті көп айтушы еді. Мәншүктің анау-мынау кісілер істей алмайтын үлкен істерге ұмтылатын әдеті болды. Еліне, халқына қызмет етем деген адам білімді, бірсөзді, табанды болу керек деген сөздер кішкенесінен оның құлағына сіңген.

Мәншүк жас еді. Оның өлімі – маған үлкен күйініш. Жұбататын бір-ақ нәрсе бар. Ол – Мәншүктің ерлік көрсетіп, елі алдындағы міндетін ерлерше атқарып, қазақ халқының адал баласы екенін айқын көрсеткені. Мәншүк көп сөйлемейтін. Мен оны өнебойы айналып, толғанып қоймайтын едім. Бірақ еркелейтін кезі болатын. Ондай кездерде мейірі қанарлықтай жылы сөздермен айналып, еркелеткенде көңілі өсіп қалатын.

Мәншүгімді мен өте жақсы көретін едім. Ол да солай еді. Мен оны қолдан келгенше жақсы тәрбиелеуге тырыстым. Бұл еңбегім далаға кетпеді. Сүйікті қызымның еліне еткен еңбегін, оның жарқыраған жап-жас бейнесін алдағы күндерді де көз алдымнан кетірмес үшін Мәншүк сияқты жаңа адамдар тәрбиелеуге қалған өмірімді сарп етемін…

Ананың баласына деген махаббатын осындай тебіреніспен жеткізгенінен  артық ештеңе бола қоймас. Жиырма жасында намысын қайрап, жігерін жанып, басын өлімге тігіп, ерлерше ерлік көрсеткен Мәншүк Мәметова біздің жадымызда жас, сұлу, қайсар, батыл болып қалды, қала бермек. 100 жылдық мерейлі тойын ел-жұрты әспеттеп қарсы алады деген сенімдеміз. Батыр апаларымыздың ерлік істері кейінгі ұрпағына өнеге. Жиырма жасында дұшпанына қасқая қарсы оқ боратқан, жанындағы адамдарды құтқару үшін өз жанын пида еткен батырымыздың есімі халқы барда еш ұмытылмақ емес. Мәншүктей батыр болсын деп ырымдаған қаншама ана қыздарына осындай ат қойды. Ырымшылмыз, жақсылыққа үмітпен қарайтын сенгіш ұлтпыз. Сол ниетімізге қарай көл-көсір жерді, ғажайып табиғатты берген болар. Намысты, рухты бабаларымыздың, батыр апаларымыздың өмірлерінен сабақ алып, олар жүрген адалдықтың ақ жолынан таймай, тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтай түссек болғаны…

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…