Тәу етер тәуелсіздігіміз, ұлтымыз аңсап жеткен бостандығымыз, мемлекетіміздің дербестігі өмірдегі ең қымбат, ең қастерлі, ең құнды байлығымыз. Оны еш нәрсемен салыстыруға келмейді. Осындай күнге жеткенімізге 30 жыл толуына арналған кеш аудандық мәдениет үйінде өтті. Күннің суықтығына қарамастан мәдениет үйінің алдына көзтартар көрме қойылыпты. Әр сала өз жетістіктерін, 30 жылда қол жеткізген табыстарын көпшілік назарына ұсыныпты. Арнайы бұрыштар мен ұлттық нақыштағы бұйымдар, қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан дүниелер көздің жауын алады. Қарапайым шегеден жасалған логотиптер, ағаштан нақышталған заттар да жиналғандардың таңдайын қақтырды. 30 жыл ішінде ұлтымыздың ұмыт бола жаздаған заттары да көрменің көзайымына айналды. Мерекеге жиналғандар бір сәт көрменің қызығына батып, әр нәрсені бір ұстап көріп, қуанышты көңіл-күйде мәдениет үйінің залына жиналды.
Қараңғылық тұңғиығына бір сәт батырып, зал мүлгіген тыныштыққа бөленді. Тарихтың тереңіне сүңгітіп, қайран қазағымның басынан өткен зұлматты күндер мен әдейі жасалған қаскүнемдік жайында мағлұмат берілді. Рухы мықты қазағым басын бәйгеге тігіп, жанын аямай жері үшін талай боздағынан айырылды. Біреудің көлеңкесінде жүруді көксемеді, біреудің тізесіне бас имеді. Тек азат ел болуды мақсат етті, «Алаш» деп ұрандатқан ата-бабаларымыздың аманатына қиянат етпеді. Шағын сахналық қойылым Абылай хан мен бес арыс, желтоқсан құрбандары боп тіл қатты. Жанды түршіктірді, жүректі қан жылатты. Бір сәт Алаш ардақтыларының сөзіне елтіп, солардың демімен тыныстап, рухтанғандық. Әлиханның үш ұстанымы мен Ахметтің тіл туралы айтқан жан тебіреністерін, Міржақып пен Мағжанның ұлт жайындағы толғаныстарын аудандық мәдениет үйінің жігіттері жетер жеріне жеткізді. Олардың армандары – бостандық, еркіндік, егемендік, тәуелсіздік. Одан кейін сөз алған желтоқсан оқиғасының батырлары Қайрат, Ербол, Ләззаттар ата аманатына қиянат келтірмей, арым – жанымның садағасы деп ұлты үшін жандарын аямай, ата-баба үмітін ақтағандықтары жайлы баяндары жиылғандарды елең еткізді.
Ресми әуенмен Қазақстан Мемлекетінің Туы ортаға шығарылды. Қонақтар оны тік тұрып қарсы алып, қол шапалақтарымен сахна төріне шығарды. Сонан соң Мемлекеттік Гимн шырқалды. Осындай бейбіт, ашық аспан аспанда тату өмір сүруіміз тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың сабырлы, тұжырымды саясатының арқасында екендігі айтылды.
Аудан әкімі Шухрат Нурахунов құттықтау сөзге шығып, 30 жыл ішінде елімізде болған оқиғалар мен жаңалықтардан және ауданның тыныс-тіршілігінен толық мағлұмат берді. Арнайы бейнеролик арқылы жетістіктер нақты деректер мен дәйектер арқылы көрерменге жеткізілді. Ыстық ықыласын білдірген соң мемлекеттік, ведомстволық марапаттар мен өзінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын табыс етті. «Ерен еңбегі үшін» медалімен аудандық аурухананың бас дәрігері Айдын Елікбаев, ұстаз Бибігүл Шолақова, «Шапағат» медалімен Алимжан Ашимов, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» мерекелік медалімен әр саладан көптеген адамдар марапатталды. Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар жаңбырша жауды. «Ауданның құрметті азаматы» атақтары да бұл күні біраз адамның мәртебесін көтерді. Алғыстар мен марапаттарға ие болған адамдардың көңілдері көкке ұшты, рухтары көтерілді.
Бүгінгі ән бұрынғыдан өзгеше демекші, бүгінгі концерттік бағдарлама да бұрынғыдан ерекше болғандығын айтуымыз керек. Отан, туған жер,туған ел жайлы ән мен күй мерекенің ажарын аша түсті. Әсіресе бүлдіршіндердің орындауындағы «Отан-ана» әні тамаша шықты. Періштелер ән қанатында өздері ғана қалықтап қоймай, барша жұртты Отанға деген махаббатпен тербеді.
Жастың қуаты – білімі мен білегінде, бірлігі мен патриоттығында. Біз бабалардан мирас болған атамекенімізді тәуелсіз ел еттік. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналдырдық. Татулықты және тұрақтылықты – дамудың тұғыры еттік. Біздің барша жетістіктеріміздің бастауы – бірлік. Бірлігімізді тұмардай сақтай білсек еліміз үшін алынбайтын белестер жоқ. Бүгінгі мереке осының бәрін паш етті. Жүрегімізге қуат қосты, жігерімізді жаныды, намысымызды қайрады. Жиналғандарды керемет күйге бөледі. Бұл тәуелсіздіктің құдіреті деп түсіндік.
Баян МАМЫРБАЕВА