(Аудан әкімі Ш.Т.Нурахуновтың құттықтауы)
Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірменді жерлестер!
Баршаңызды еліміздің ең қасиетті, ең қымбат, ең қадірлі мерекесі тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!
Биыл ғасырлар бойы аңсаған азаттығымыздың 30 жылдығы. Баһадүр бабалардың арманы, ақ жаулықты аналарымыздың аңсары болған тәуелсіздіктің арайлап таңының атқанына 30 жыл. Тарих таразысында 30 жыл көп уақыт емес. Бірақ біздің мемлекетіміз осы 30 жыл ішінде ғасырлық жобаларды жүзеге асырды. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Тәуелсіздікке қол жеткізе сала Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атом бомбасынан бас тартып, әлемнің аузын айға білеген мемлекеттеріне үлгі болдық. Ғасырлар бойы дауы тарқамаған шекарамыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ шегенделе бастады. Елімізде дүниежүзі елдерінің басын қосқан саммит, арқа төсіндегі айшықты астанамызда ЭКСПО көрмесін де өткіздік. Әрине, Мемлекетіміздің дәл осылай қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау. Бұл – біздің де басты мұратымыз. 30 жыл ішінде мемлекетіміздің алға басуымен қатар ауданымыз да әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан көш бастады. 30 жыл бұрынғы ауданның экономикалық дамуы бүгінгі күнде жер мен көктей өзгерген. Мәселен 1991 жылы небәрі аудан бюджеті 10,5 миллион болса арадағы 30 жыл ауданның бюджетін 322 есеге арттырған. Аулшаруашылығы өнімдерінің көлемі де 808 есеге артқан. Ауданда бау-бақша өсіру ісі мен асыл тұқымды мал саны артып, бүгінде шаруалар өз ісінің жемісін көріп жатыр. Тәуелсіздік жылдары ауданымызға көгілдір отын келіп, бүгінде аудан орталығы Шонжы ауылының тұрғындары көгілдір отынның жақсылығын көріп отырған жайы бар. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 18 елді мекенге таза ауыз су тартылып, оған бюджеттен 4 218,2 млн теңге бөлінді.
Білім саласы – басты құндылық. Өйткені ел ертеңінің еңселі болуы білімді ұрпаққа тікелей байланысты. Сондықтан Мемлекет басшысы әрдайым білім саласының дамуын назардан тыс қалдырған емес. Жастарымыздың заманауи білім алуына да барлық мүмкіндік қарастырылған.
Денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерді айтып тауысу мүмкін емес. Тәуелсіздік жылдары үлкен қалалар мен облыс орталықтарында әлемдік деңгейдегі емханалармен деңгейлес орталықтар ашылды. Біздің еліміздің дәрігерлері шетелдік тәжірибелерді елімізге әкеліп, мыңдаған жанның жанына араша болды. Ауданымыздағы денсаулық саласы қарқынды дамыды. Бүгінгі күні 25 елді мекендегі денсаулық ұйымдарында 126 дәрігер еңбек етуде. Осы уақыт аралығында аудандық аурухана мен ауылдық амбулаторияларға әртүрлі сырқаттарды анықтауға арналған аппараттар әкелінді.
Осылайша Қазақстандықтар алмағайып өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Республикамыздың, қала берді ауданымыздың осындай биіктіктерді бағындыруына барлық адамдар сүбелі үлес қосып келеді. Оның ішінде біздің ауданның тұрғындары да бар. Бүгін біз жерінің асты ырғын байлыққа, жерінің үсті парасатты халыққа толы Қазақстан елі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын зор салтанатпен атап отырмыз. Осы айтулы мерекеде баршаңызға берекелі ғұмыр, бейбіт аспан, мықты денсаулық тілеймін. Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Осы қуанышымыз құтты, бақытымыз баянды болсын. Жаңа ғасырда қайта түлеген, жасарып, түрленген еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болғай! Барша бастама — талпыныстарыңыз жемісті болып, туған Жеріміз, Еліміз – Қазақстан гүлденіп, көркейе берсін!
Мереке құтты болсын!