Басты бет Мәдениет және руханият Ол – қазақтың Жарасы

Ол – қазақтың Жарасы

0
1,971

Ол – ақын. Ол – композитор. Ол – журналист. Ол – алты Алаштың ардақтысы. Ол – біздің Қарадаланың қасиетті топырағында дүниеге келген оғлан. Ол – сезімнің қылын шертіп жыр жазатын дарын иесі. Ол ­– қос ішекті домбыраның күйін келтіріп, қазақтың алты ауызын шырқайтын әнші де. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, қос мәрте Президент сыйлығының  иегері, бірқатар газет-журналдарда өз қолтаңбасын қалдырған публицист. «Керуен көшіп барады», «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім», «Қастерлім», «Түнемел», «Жан – арымның жарығы» жыр жинақтарының авторы. Ол – Жарас Сәрсек.


Табиғат сыйлаған талантқа ғана тояттап қалу, ізденістен іркілу шығармашылық адамын адастырары хақ. Кеудесін соғып, өзім деп, өзгені елемеу де орға жықпаса, биікке көтерері неғайбыл. Ал Жарас ағамыз – қашанда ізденіс пен үйреністен шаршамаған, алуан бояулы поэзия табиғатының тылсым құпияларына үңілуден жалықпаған, төл поэзияның кешегісі мен бүгінін саралап, даралар салған дара жолды шиырлаудан қашпайтын жан. Ол өлеңді өміріндей сүйеді. Ол барын да, нарын да өлең деп таниды. Терең тұңғиыққа бойлайтын, дәуір биігінен үн қатып, қаламын қынында сайлайтын, ойлы да өрнекті шығармаларымен шын баурайтын, адам жанының қат-қабат пернелерін ашатын сыршыл да сезімтал поэзиясымен қазақ елін тәнті етуде.
Ол ­– тыңнан түрен салып жазатын ақын. Қай тақырыбын болмасын байыбымен қозғайды. Ешбір өлеңінен таптаурындық тақырып байқалмайды. Оны Жарас ақынның өлеңін оқыған әрбір жан аңғарған болар. Өлең өлкесінде өзінше дара жүзген ақын ауданымыздың, облысымыздың, тіпті республикамыздың мақтаны.
Болмысы бөлек, таланты ерек, мақтауды сүймейтін, атақ-даңқ деп күймейтін ағамыз күні кеше ғана ердің жасы елуді еңсерді. Біреуге көп, біреуге аз уақыт. Ал осы уақыт ішінде біздің өлкеден шыққан бала Жарас, аға Жарасқа, дана Жарасқа айналып үлгерген. Осы мерейтойға орай руханияттың ордасы болған Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен ақынның «Жаныңда жүрмін…» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш тізгінін ұстаған Бақыт Жағыпарұлы ақынмен өлең, ақындық, әдебиет туралы сыр ақтарысты. Кеште қазақ әдебиетіне келген орта буындардың арасында айрықша орны бар Жарас Сәрсектің шығармалары, ойлы да отты жырлары оқылды. Белгілі эстрада жұлдыздары Рамазан Стамғазиев, Саят Медеуов және т.б. әндерін орындап, композиторлық қырын танытты.
Кеште Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын жазушы, прозашы Әлібек Асқаров тапсырса, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың құттықтауын «Қазақ газеттері» ЖШС-і директорының орынбасары табыстады. Сондай-ақ жыр кешіне Қазақстан Жазушылыар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Әбубәкір Қайран сынды дарынды қаламгерлер, Алматы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов, Алматы қалалық мәдениет және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Әлиевтер арнайы сый-сияпаттарымен келіп, құттықтап қайтты. Жарас ақынның қатарлас достары мен інілері, поэзия әдемінде бірге жүрген қаламдастары Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған. Бауыржан Бабажанұлы, Бақыт Беделхан, Жанарбек Әшімхан, Бейбіт Сарыбай сынды бүгінгі әдебиет айдынындағы ақын-жазушылар да кеш иесіне жыр шумақтарын арнады. Біреуге аға, біреуге іні болған Жарас Сәрсектің ағалық құрметі, інілік ізеті сөз болды. Ауызбен емес, қолмен, жанымен тірлік істейтін жанның жақсылығын айтып жар салғандар да, дақпыртын айтып даралағандар да кездесті. Қалай десек те алты Алашқа арда сөзімен өзін танытқан, танытып қана қоймай, табынтқан ақынның дәл біздің өлкенің тумасы екеніне мақтанып, марқайып, төбеміз көкке бір елі жетпеді. Ауданымыздан да «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұров, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұловтар арнайы барып, жерлесіміздің астына ат мінгізіп, үстіне шапан жауып қайтты.
Жарас Рысқұлұлы 1968 жылы қасиет қонған Қарадаламыздың сұлу Сүмбесінде дүние есігін ашқан. 11 балалы отбасында тәрбиеленген Жарас қарапайымдылықты бойына дарытты. Еңбекке жақын болды. Әскери борышын өтеген соң қарашаңырақ әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте білім алды. Журналист атанды. «Өркен-Горизонт», «Жас Қазақ», облыстық «Жетісу», республикалық «Әдебиет айдыны», «Заң» газеттерінде, «Парасат» журналында қарапайым тілшіліктен басшы орынбасарлары лауазымына дейін атқарды. Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі де болды. Бүгінде республикалық «Үркер» журналында бас редактордың орынбасары лауазымын абыроймен атқарып отыр. «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Ақпарат саласының үздігі» медальдарын кеудесінде жарқыратқан.
Осындай абыройы артқан, беделі биік ақын ағамыздың тойы өзі туған өлкеде жалғасса нұр үстіне нұр болады. Және солай болатынына сенім мол. Өйткені ол өскелең ұрпақ үшін, қазақ әдебиетінің қаймағының бұзылмауы үшін аса қажет. Бүгін біз Жарас ағамыздың бірқатар өлеңдерін де назарларыңызға ұсынып отырмыз. Құмарыңыз қанғанша сырлы жырмен сусындаңыз, ағайын!

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…