Басты бет Иман Ораза қабыл болсын!

Ораза қабыл болсын!

0
2,041

Ең әуелі баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау болсын. Күллі мұсылман асыға күткен қасиетті рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын. Рамазан – береке айы. Ал берекенің бірден-бір нышаны – жамағат. Басқа кезде жиылмаған жамағат ауызашар мен тарауих намазы уақытында мына дүние мен Ақырет үшін пайдалы әңгіме айтып отырса нұр үстіне нұр емес пе? Рамазан – Құран айы. Алла Тағала Құран Кәрімде:  «Рамазан адамдарға тура жол нұсқаушы бекем тұтынатын жолбасшы, ақ пен қараны айырушы ретінде Құран түсірілген ай» деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде «Рамазанның бастапқы он күні Алла Тағаланың рақымы, екінші он күні Хақ Тағаланың кешірімі, соңғы он күні тозақ отынан азат болу айы» деген. Хадис: «Рамазан келгенде жаннаттың есіктері ашылып, тозақ есігі жабылады, әрі шайтандар кісенделеді» деген. Иә, Ораза ұстаумен пенде бойындағы құмар мен нәпсісін тежеуді үйренеді. Ал бұл өз кезегінде сауаптың мол болып, күнәлардың кешірілуіне және шайтанға қарсы тұра білуге алып келеді. Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп он екі айдың сұлтаны деп атаған.

Рамазан – рақым айы. Қасиетті айдың құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Рамазан – жақсылық айы. Оразада жасалған әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Хадис шарифте айтылғандай: «Адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады» делінген. Қасиетті айда көмекке мұқтаж жандарға, қайырымдылық іс-шараларға көңіл бөлсек нұр үстіне нұр болады.
Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп, берекесі мол айда жарапазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауызашар дастарқаны рухани сұхбаттың, бата мен ізгі-тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру, бар дәмдісі мен тәттісін алдына тосу ежелден келе жатқан әдет-ғұрпымыздың айрықшасы. Таңғы сәресі әр шаңырақ үшін қуанышқа толы болатын. Өзіміз бала кезімізде еміс-еміс есімізде, ораза ұстаған үлкендермен қабаттасып тұрып алып, жылы-жұмсақтан құры қалатындай жағаласып жүріп берекелі дастарқаннан дәм тататынбыз. Ол замандарда ораза, намаз, жалпы дін туралы еркін айтылмайтын. Соның өзінде ауылдың қариялары етін, жентін, майын алдын-ала дайындап, оразаны үлкен мерекені күткендей дайындалатын. Ал қазір тәуелсіздік таңының арқасында ниет еткен әр пенде бес парыздың бірі саналатын ораза ұстауды дәстүрге айналдырды. Шүкір Аллаға. Ауызашар дастарқанында имамдар, аузы дуалы адамдар Құдайға құлшылық, Аллаға ризашылықтарын білдіріп, имандылық, рақым, тәубе, пітір-садақа жөнінде сұхбаттасып, жиылғандарды ұйытып әңгіме айтып, рухани тазаланудың хақ жолына нұсқауда. Біреулер тамақ ішу немесе сәнге айналдыру үшін де ауызашар беріп жатады. Ол дұрыс емес. Мәселе дастарқандағы асыңның саны, сапасы, мөлшерінде емес, адамдардың жан дүниесіндегі адалдығы, тазалығында. Әңгіме ауаны да имандылыққа шақыруы тиіс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сән үшін, қатардан қалмау үшін, артық салмақ тастау үшін ораза ұстағандардың басымдау болғаны жасырын емес. Шүкір, қазір оның мән-мағынасын шынайы түсініп, қабылдап, мұсылманның ең асыл, қасиетті айын тек тазалықпен, адалдықпен, мұқтаждарға қол ұшын созатын, көмек беретін, реніштері, өкпелері барлары бір-біріне кешірім жасайтындай деңгейге шықты. Денсаулықтарында сырқаты бар, бала емізіп отырған аналар, сүйектері қалыптасып үлгермеген нәрестелер өздерін зорлап ораза ұстауларына болмайды.
Ең бастысы рамазан айының қасиетін, басқа айлардан ерекшелігін түсініп, оған ерекше көңіл бөліп, адамдардың бір-біріне деген мейірімдерінің арта түсуі. Бір ауыз сөзге бола немесе көңілдеріне кірбің алып, өкпе арқалап жүргендер болса осы айда татуласулары керек. Реніштерді артқа тастап, тек жақсылық ойлап, қолынан келіп жатса мейір, шапағатын аямағаны жөн. Өздері белгілі себептермен ораза ұстай алмай қалғандар болса ауызашарға шақырысып, шын пейілдерімен дәмін ұсынса ол да үлкен сауапты іске жатпақ. Кеңестер кезінде дін апиын деп тәрбиеленген ұрпақтың әлі күнге оның елесінен шыға алмай жүргендері де бар. Қалай болғанда да діни иланымның адамдардың ғұмырын жеңілдететін, мінез-құлқын жұмсартып, мейірбандығын арттыратын, бірлігін бекемдеп, әдептілікті орнықтыратыны даусыз. Демек адамға ең алдымен сенім керек. Діннің өзекті қағидалары нысап, нәпсіні тыю, қайырымдылық, ғайбат сөз айтпау, кісіге қиянат жасамау, жоқ-жітік, кемтарларға қайыр-садақа беру, ұрлық-қарлық жасамау, алдап-арбау, өтірік айтпау, ата-ананы ардақтап, жетім-жесірді налытпау, адамдардың тату, бейбіт өмір сүруін қалыптастыру.
Он екі айдың сұлтаны болған рамазан айы берекелі болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыздың бірлігі нығайып, берекесі арта бергей. Тәуелсіздігіміз әрқашан баянды болсын.
Сабыржан ӨЗБЕКОВ,
ауданның наиб имамы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАТ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ НӘРСЕ?

Бүгінгі қоғам өте қызық. Ондағы тіршіліктің қайсысы жақсы, қайсысы жаман деп ойыңды қорытқ…