Меди-цина саласының дамығандығы соншалықты адам ағзаларының қызметін баламалы түрде жүзеге асыратын аппараттар, жүрек, бауыр, бүйрек сияқты аса қажетті мүшелердің жаңаланып немесе ауыстырылып жатқандығы жайлы күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, көріп, оқып, біліп жатырмыз. Өт жолы, соқырішек дегендеріңіз еш қиындық тудырмайтын оталар қатарына жататын болыпты. Шүкір, еліміздегі әртүрлі медициналық орталықтардың жұмыстарымен танысатын болсаңыз адам өмірін арашалау жолдары өте биік деңгейде дамып кеткендігіне көзіңіз жетеді. Адамзатта ауру түрлерінің қаншама мыңдаған түрлері болса оны емдеудің жолдары одан да көп. Дәрігер мамандығы басқаларға қарағанда аса жауаптылықты, сүйіспеншілікті, шеберлікті, іскерлікті талап ететіндігін ешкім жоққа шығара алмас. Жақсы дәрігер деген атты сауыққан, шипа көрген адамдардың айтуымен, насихаттауымен ғана ала аласың. Бұл жерде жасандылық, жалғандық жүрмейді.
Аудандық ауруханада өз ісінің білгірлері, жақсы дәрігер деген атқа лайықты ақ желеңді абзал жандар көптеп саналады. Олардың басым бөлігі — тәжірибелі, жастары егде мамандар. Ал жастар туралы пікір әралуан. Біреулер даттайды, екіншілері жақтайды. Дей тұрғанмен ауылымыз шағын болған-дықтан әр-кімнің қабілет-қарымы алақандағыдай сайрап тұратыны бар. Жақында ғана Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының кезекті ІҮ съезіне аудан жастары атынан барып келген жас дәрігер — неонатолог Гүлнара Абдукаримова туралы көптің пікірі жаман емес, мақтаулы маман ретінде танылғандығын басшылары да, тұрғындар да мойындайды. Көз алдымызда өскен қызбен тілдестік. С.Асфендияров атындағы Алматы медицина университетіне жүрек қалауымен түскен қыз, гранттық негізде оны жақсы бағалармен аяқтаған. Бала кезінде көп ауырғаны жанына батқаны соншалықты, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ медициналық анықтамалықтарды іздеп, өз сырқатының себептерін тауып, бұл салаға толықтай берілгендігін жеткізді әңгіме арасында. Оқу өте қиын, дегенмен өз таңдауың болғандықтан оның қыр-сыры қызықтырып, адам саулығын сақтау жолындағы еңбектер елітіп, тәжірибелі профессорлардың сабақтары бұл салаға бірден сүңгітіп кеткендігін де жасырмады. Жалпы емдеу мамандығы бойынша 2007 жылы интернатурасымен қоса аяқтаған соң «Дипломмен ауылға» деген жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаға ілініп, туған жерге оралған қыз перзентхананың балалар дәрігері, неонатолог мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Өзі де шаңырақ көтеріп, отбасылы болып, бүгінде екі баланың анасы. Неонатологтың мазмұнын онша түсіне қоймағанымды жасырмадым. Дүние есігін жаңа ашқан қызылшақаның денсаулығын қадағалау. Аман-саулығын білу. Оның қай жері ауырып немесе мазасын алып тұрғандығын қайдан білетіндігін сұрадым. Сәбидің жылауынан-ақ оның денінің саулығын немесе дімкәстігін байқауға болады екен. Медицинаның дамығандығы соншалықты уақыты толмай шала туылған балалардың килограммға жетпегендерін де аман-есен жетілдіруге болатындығын естідік. Шарананың қимылынан, әрекетінен, айналасына болған әсерінен оның денсаулығына баға беріледі екен. Ең бастысы — өз жұмысыңнан қанағат алу, жақсы көру. Гүлнараның бойынан бұл қасиеттердің бәрін байқадық.
Жұмысы туралы біраз мәлімет алғаннан соң жақында ғана Астанаға барғандағы жастардың съезінен алған әсері жайлы білгіміз келді. Астанаға алғашқы рет барғандығын, одан алған әсерін, қаланың сұлулығын суреттеуді тілмен жеткізу мүмкін еместігін айтты. Ол «Ұлттың саулығы – әлемнің саулығы» атты семинарға қатысқандығын, ондағы жастардың білімі мен іскерліктеріне таңдай қағып, риза болғандығын айтты. «Қазақстанның болашағы жастардың қолында» деген Елбасы сөзінің шын мәнінде жан-жақты дамыған, көзқарастары ерекше, өркениеттің нағыз заманауи құрушылары екендігіне көзі жеткендігін тамылжыта баяндады. Жаңашыл идеяға толы, әлемнің ең мықты мемлекеті болуы үшін жасалуға тиісті жобаларды ұсынған жастардың бүгінгі келбетіне көңілі тояттап келгендігін, өзінің де солармен бір үстелде отырып, сұхбаттасып, пікір алмасып қайтқандығын Алланың сыйлаған бағына балапты. Ең керемет елдің тұрғыны екендігіне марқайғандығын аса биік қуаныш сезімімен жеткізді. Дүниенің бәрі салыстырмалы десек, өзінің білмеген, естімеген, көрмеген нәрселерін басқалардан үйреніп, амбициялы, саналы, еркін, тәуелсіз ойлы жастармен бірге өткізген күндерінің елесінен әлі шыға алмай жатқандығын да жасырмады.
Жастардың бойынан ертеңгі күнге деген сенім мен алғырлықты көргенде өзің де елің, мемлекетің, жерің үшін масаттанатының рас. Дәрігер деген атқа лайықты өз жұмысын тындырымды атқарып жүрген Гүлнара Мұсажанқызындай жас мамандарымыз көбейе түссе екен деп тіледік. Дүниеге келер әр сәбидің амандығын өз қолына алған, оған жауапкершілікпен қараған, ұлттың болашағы болар балалардың ешқашан сырқаттанбай өсуін тіледік. Әңгіме соңында өз балаларын атасы мен енесі бағып, қағып отырғандығын, сондықтан жұмысына алаңдамайтындығын айтып оларға деген шексіз алғысын жеткізгенде, шыны керек енеге риза келіндер азайған мына заманда Алланың нұры жауған жан болар деген түйін түйдік.
Қоғамның ең басты байлығы адам десек, ал дүниеге келген әр сәби — оның бақыты. Сол бақытымыздың амандығы, саулығы дәрігердің қолында десек, еліміздің болашағы бүгінгі сәби, ертеңгі азаматтардың қолында. Ойлары жарқын, көзқарастары айқын, бағыттары белгілі, ұстанымдары мықты жас мамандар — ертеңгі ел иелері. Жаратушы иеміз солар үшін нұрын аямай шашып, тағдырларын тәлейлі етсе екен…
Баян
МАМЫРБАЕВА