Басты бет Нұр-Сұлтан - Ұлы дала Елордасы Ұлт болашағы дені сау ұрпақтың қолында

Ұлт болашағы дені сау ұрпақтың қолында

0
1,751

Астана көркі жыл санап емес күн санап өзгеріп, гүлденіп жатқандығының куәсіміз. Аз ғана уақыттың ішінде шетелдіктердің таңдайын қақтыратын, әртүрлі келісімдер мен достықтың алаңына айналып үлгерген бас қаламыздың биыл Алла бұйыртса 20 жылдығын атап өтпекпіз. Жігіттік жас деп бағалауға болады, ал ауқымы жағынан ол көптеген ақсақал атына ие қалаларды басып озып,  сәулеттік, көркемдік, тарихи, заманауи құрылыс жағынан алға озып, ғарыштап кеткендігі тағы ақиқат. Мәдени орталықтар, тарихи тағылымды мұражайлар, театрлармен бірге спорттық кешендердің көптеп бой көтеруі Астананы болашақтың, жастардың қаласы екендігін тағы бір дәлелдей түскендей.

Спорт әлемнің елшісі саналады. Спорт арқылы мемлекетің, тәуелсіздігің, бостандығың айқындалады. Сонымен қатар спорт сенің деніңнің саулығы, шымырлығы, жаныңның тазалығы. Керемет ақылды болып, бірақ денсаулығың дімкәсті болса одан келер пайда татымсыздау болары жасырын емес. Сондықтан ұлттың болашағы дені сау ұрпақтың қолында болуы үшін ең алдымен оларды дене тәрбиесі мен спортқа баулуды қолға алу саясаттың ең мықтысы болар. Астана қазір спорттық кешендердің ордасы десек қателеспейміз. Спорттың барлық түрімен айналысуға жағдай жасалған. Олимпиядалық, ұлттық, бұқаралық дейсіз бе балалар үшін де, ересектерге де барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгінде Астанада ересектерге де, балаларға да спортпен шұғылдануға арналған 600-ден астам спорттық нысан жұмыс істейтіні адам денсаулығына жасалған қамқорлық демей көріңіз. Енді сол спорт кешендерінің біразы туралы қысқаша мағлұмат беруге тырыссақ.
«Астана» спорт кешені көпшілікке бассейн мен жаттығу залын ұсынады. Сонымен қатар, скалодром, футбол және баскетбол-волейбол ойнайтын алаңдарды да жалға алуға болады. Спорттық секциялардан кик-боксинг, каратэ, бокс және басқа да түрлері халыққа қызмет көрсетеді.
Су спорты түрлеріне әуес жандар жүзу, суға секіру, академиялық есу, байдарка мен каноэ есу, желкенді спортқа мамандандырылған «Толқын» спорт мектебіне жазыла алады.
Спорт кешендері үшін стандартты болып табылатын жүзу, фитнес, дзюдо, айкидо, джиу-джитсу, өзін-өзі қорғау сияқты спорт түрлерімен «Қазақстан» спорт сарайында айналысуға болады. «Арыс» бокс клубы секциялар тізімінде ерекше орын алады, онда топтық және жеке дайындық жұмыстары жүргізіледі. «Алатау» спорт кешенінде оннан астам спорт секциясы ашылған: шейпинг, йога, спорттық және басқа да би түрлері, акробатика, самбо, айкидо, каратэ, кик-боксинг, ауыр атлетика.
«Сарыарқа» велотрегі 4 жастан асқан балаларға көркем гимнастикамен айналысуға мүмкіндік береді, сонымен қатар жүзуді де үйренуге болады.
«Алау» мұзайдын сарайында фитнеспен айналысуға және жаттығу залында дайындалуға мүмкіндік бар. Үстел теннисінің ойыншыларына уақыт шектелмейді.
«Дәулет» спорт кешенінде үлкен теннистен жеке дайындықтар жүргізіледі. Кез келген адам қалаған уақытында кортты жалға ала алады.
Республикалық велотрек – велошабандоз шлемі түрінде жасалған, ерекше спорт ғимараты, әлемдегі ең үздік спорт кешендерінің бірі ретінде танылған. Ол 2011 жылы тұрғызылды. Велотрек Астана қаласындағы Есіл өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Велотректің жалпы ауданы – 44 957 ш.м, мұз сырғанағы – 4188 ш.м., қазандық бөлмесі – 636,5 ш.м., энергия блогы – 316,4 ш.м. Велотректің ішіне: трек, мұз сырғанағы, қонақ үй, мейрамхана, фитнес орталығы, кеңсе бөлмелері, конференц залдары, бокс залы, гимнастика залы, ойын залы және шағын футбол алаңдары кіреді. Ғимараттың әмбебаптығы, 2-3 күннің ішінде аренаның қызметін толық өзгерту мүмкіншілігінен тұрады. Қандай да іс-шараны өткізген жағдайда трек ортасының кеңістігі шараның ерекшелігіне байланысты жабдықталады. Бұл бокс рингі, дзюдоға арналған татами, гимнастикалық кілем, баскетбол немесе концерт алаңшасы болуы мүмкін.
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион ауыр атлетика секциясына 18 жастан бастап, жеңіл атлетикаға 9 жастан бастап қабылдайды. Бұдан басқа жаз маусымында футбол алаңы келем деушілердің барлығына ашық.
1998 жылы 7 ай ішінде стадионда халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге қажетті барлық жағдай жасалды. Жаңа оңтүстік мінбесі салынып, оның үстіне электрондық көрсеткіш тақтасы орнатылды. Барлық үш мінбеге жаңа дербес орындықтар орнатылды, көрермен сыйымдылығы 12 500 адамға дейін жеткізілді. Сол жылы маусымның 10 күні стадионда Қазақстан Республикасы Астанасының ашылу салтанаты болды. Жыл сайын стадионда көптеген спорттық іс-шаралар, Президенттік көпсайыстар тапсыру, Астана күні мейрамын атап өту және УЕФА халықаралық футбол ойындары өткізіледі. Жазғы маусымда қала тұрғындары стадионға еркін кіріп, дене шынықтырумен шұғылдана алады. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион өзінің 60 жылдық тарихымен, Қазақстан астанасының халықаралық стадионы мәртебесіне ие болды.
Астананың көркіне көрік қосып, оның мәртебесін асқақтатып тұрған осындай спорттық кешендер балалардың дене тәрбиесіне дұрыс көзқарас қалыптастырып, спорттың түрлерімен айналысуларына жағдай жасап қана қоймай, олардың халықаралық деңгейдегі байрақты додаларда мемлекетіміздің атын аспанға шығаратын, көк туымызды желбірететін шыңдалған, жігерлі, намысшыл азаматтар болып қалыптасуына ықпал етері даусыз. Спорт – жастарды бір-бірімен байланыстырып, достастырып, бірлікке шақыратын ең тиімді жол. Осы жолда жастардың жігерлері жанып, абыройлары асқақтап, ұлттың нағыз жанашырларына айналса деген тілек бар көкейде. Астанадай қаласы бар, онда спорттың кез келген түрімен айналысуға, оны өмірлік салттарына айналдыруларына мүмкіндіктері бар жастарымыз бақытты. Сол бақыттары мәңгілік болғай…

Баян
МАМЫРБАЕВА

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Сарыарқа сардарының мерейлі мерекесі

Алтай мен Атыраудың, Ертіс пен Еділдің арасындағы қазақтың байтақ даласының төсінен орын т…