Алтай мен Атыраудың, Ертіс пен Еділдің арасындағы қазақтың байтақ даласының төсінен орын тепкен еліміздің бас қаласы Нұр-сұлтанның, кешегі Астананың, тарихтағы Ақмоланың дәл осы маусымның алғашқы аптасында өзіне тән төл мерекесін атап өту елімізде игі дәстүрге айналды. Арқаның төрі гүлденіп, осындай әсем шахарға айналуының да өзіндік тарихы бар. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдаған болатын. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. 1998 жылғы 6 мамыр күні Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өткен еді. Ал 1999 жылы жас қала ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның елордасы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі болып келеді. Осылайша әлем қаласы деген мәртебелі атау алған бас қаламыз бүгінгі күні әлем елдері талай рет бас қосып, бітімгерлік пен бейбітшілік мәселелерін талқылаған қоақжай қалаға айналып үлгерді. Әлемдегі ең жас қалалардың бірі өзінің қарқынды құрылыстары мен жылдам көркейіп, гүлденуімен талайды таңқалдырып келеді. Осындай көрікті шахардың мерекесі еліміздің барлық өңірлерінде жыл сайын 6 масумы күні аталып өтіліп, бас қалаға құттықтаулар жаудырылады.
Биылғы бас қаламыздың мерекесі жылдағы мерекеден ерекше аталып өтілді. Аудандық орталық алаңда, ашық аспан астында өткізілген бұл шараға аудан басшылығанан бастап барлық игі жақсылар мен зиялы қауым және аудан қонақтары мен тұрғындары белсене қатысты. Аудан әкімі Шухрат Турдахунұлы Нурахунов меркенің алғашқы құттықтау сөзін сөйлеп, барша жерлестерді еліміздің айтулы мерекесімен шын жүректен құттықтап, ел жүрегі елордамыздың болашағы жарқын және Мәңгілік Елдің астанасы болсын деген ақжарма тілегін ақтарып айтты. Сонымен қатар шараның жүргізушілері де айрықша датаға сәйкес Нұр-сұлтан қаласының кешегі тарихына терең тоқталып, көпшілікке тың ақпараттар мен қаланың шежіресі жөніндегі дәлелді дәйектерін жеткізді. Тақырыпқа сәйкес ауданның «Арзу» халықтық ән-би ансамблі мен «Жазерке» халықтық ұлт-аспаптар ансамблі және «Қарадала» халықтық театр мүшелері де өздерінің өнер қоржындарынан ел астанасының құрметіне ән шырқап, би билеп, алаңға жиналған көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.
Жалпы бүгінгі күн ертең тарих болып өткеннің еншісіне қалып үлгеретіндігі табиғи заңдылық. Сондықтан еліміздің ендігі тарихы ел сүйсінетіндей болуы үшін бүгінгі жасап жатқан әрбір әрекетіміз бен ұрпақ алдындағы атқарып жатқан адал ісіміз нәтижелі әрі жемісті болуы қажет. Кешегі ата бабамыздың жемісі ұрпаққа аманат қалдырған тәу етер Тәуелсіздігіміз. Ал бүгінгі буынның жемісі сол тәуелсіз елдің ұлттық құндылықтары мен рәміздері және шегенделген шекарасы мен әлем таныған астанасы. Осы басты құндылықтар ұштасқан Тәуелсіз елдің символына айналған, алтын самрұқ ұя салған Сарыарқаның төсіндегі алтын ордамыз – бас қаламыздың ғұмыры ұзақ болғай және Мәңгілік Елдің астанасы болса екен!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ