Шілденің бірінші жексенбісі ұлттық домбыра күні болып бекітіліп, ол күнтізбеміздегі мерекелік күндерге айналып, аталып өтіп келеді. Соңғы екі жылда карантин шараларына байланысты ол үрдіс тоқтап қалғандай болып еді, биыл қайта жаңғырды. Аудандық мәдениет үйінде ұлттық домбыра күні мерекелік көңіл-күйде өтті.
Сахна ашылмай тұрып кішкентай сәбидің атасынан домбыраның қадір-қасиетін сұраған көрінісі көрерменге ұсынылды. Атасы қолына қасиетті қара домбыраны ала отырып, домбыраның қандай аспап екендігін, одан шығатын дыбыстың, күйдің қандай сезімге бөлейтіндігін, жалпы ұлттық құндылықтың ішіндегі оның орны жайлы баяндады. Кішкентай сәбидің санасына домбыраның қадір-қасиетін сіңдіріп, оның ұлтымызға қасиетті тұстарын әдемі баяндап берді. Сонан соң сахнаға шыққан қыз бен жігіт домбыра күнінің белгілену тарихынан ақпарат беріп, бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі екендігін жеткізді көпшілікке. Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бастамалар бой көтеріп отырғандығын тілдеріне тиек етті. Қастерлі аспап кезінде көшпенділердің өмірінен хабар берсе бүгінде оның деңгейі өскен. Домбыраның үні симфония мен операға әр беріп, классикалық өнердің ажырамас бөлшегіне айналып келеді. Ол – қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті. Домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық. Халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген, күйшілерді төредей күтіп, төбесіне көтерген. Бүгінгі шара соның нағыз жарқын көрінісі болды.
Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Шухрат Нурахунов алды. Рухани жаңғыруға бет алған халқымыз қасиетті домбыра мен құдіретті күйді қаншалықты қадірлейтінін бүкіл елге, дүниеге паш етіп отырмыз. Осы жерде күмбірлеген күйлер біздің бірегейлігіміз бен рухани тұтастығымызды білдіреді. Лайым әр уақытта бізге Жаратқан бірлік берсін. Домбыраның қос ішегіндей бірлік беріп, елдің болашағын жарқын етсін деген ыстық ықыласын жеткізді. Аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов ұлттық домбыра күнімен жиылғандарды құттықтап, ықылым заманнан адам баласы тілмен жеткізе алмаған нәрсесін күй арқылы жеткізген деп, Жошы ханның өлімі туралы аңызды баяндап берді. «Ақсақ киік» күйінің шығу тарихын баяндады. Сонан соң екі күн бұрын өткен журналистер күнімен аудандағы екі газет ұжымын құттықтап, аудан әкімінің саясатын жүргізіп отырған «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газетінің бас редакторы Анар Дүйсенбайқызына қасиетті қара домбыраны сыйға тарта отырып, кешігіп жеткен сыйына кешірім сұрады. Бүгінгі шара өскелең ұрпақтың қасиетті домбыраға, ұлттық өнерге деген құлшынысын арттыра түседі деп білемін, ұлттық домбыра күні тағы да баршамызға құтты болсын деп ағынан жарылды.
«Адай» күйі концерттік бағдарламаның беташары болды. Әрі қарай орындалған әр күйдің тарихы баяндала отырып тыңдарманына жеткізілді. Арасында ән де болды. Мұқағалиға сағынышын жеткізген жергілікті күйші, композитор Жұмақадыр Бақытхан мен Нұрданғали Жылқыбаевтың орындауында Мұқағалиға сағыныш та күймен жеткізілді. «Кеңес», «Ерке сылқым», «Сарыарқа» күйлерінің шығу тарихы бейнебаян арқылы жеткізілді. Айдос Сәдінің орындауындағы Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйі шыңырау шыңына жеткізіліп көрерменін ризашылыққа бөледі. Сүгірдің «Қосбасары», Динаның «Науысқы» күйлері де керемет көңіл-күй сыйлады. Құрманжан Зікірияның «Дауыл» күйін Бақытхан аса биік шеберлікпен орындап шықты.
Ұлттық домбыра күні күй атасы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен мәресіне жетті. Бір сәт домбыраның қоңыр үніне елітіп, сирек орындалып жүрген күйлерге құлақ түріп, рухани жан дүниемізді байыттық. Жанымыз жадырады. Ұлттық брендіміз домбыраның құдіретіне бас идік.
Баян МАМЫРБАЕВА