Билік пен халық бір-бірінен алыстамауы тиіс. Біз жаңа Қазақстанға қадам жасап бара жатырмыз. Бұл қадам шынымен де бізді жаңа Қазақстанның болашағына алып баруы керек. Ол үшін күні кеше ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекеттің» негізі бүгіннен бастап қалануы тиіс. Ал мемлекет халықтың үніне шынайы құлақ асуы үшін билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналған партиялар мен олардың тарапынан Мәжілістің мандатын иеленіп отырған депутаттардың елмен қарым-қатынасы тығыз болуы және алыстағы ағайынның айтылған аманаттары билікке бұрмалаусыз жетуі, ал жеткен жанайқайдың шынайы, әділ әрі уақтылы шешілуі тиіс деп пайымдайды халық. Осы орайда халық қалаулылары жиі-жиі ел аралап, сайлаушылармен нәтижелі байланыс орнатуды бүгінде мықтап қолға алған. «AMANAT» партиясының партиялық тізімімен ұсынылып, халықтың таңдауына ілініп, саяси науқанда көпшілік дауыс жинап, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты деген мәртебелі лауазымды иеленген биліктегі халық өкілдері, яғни ел аузында жүрген халық қалаулылары алыстағы ауылдар мен шалғай елді мекендерді аралап, қарашаның ортасында болып, елдің жағдайы мен тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп, бар мәселені бүкпесіз билікке жеткізіп, көпшіліктің көкейіндегі күрделі сауалдардың күрмеуін шешу үшін кезекті іс-сапарларына шықты. Біздің өлкеге жолы жиі түсетін Мәжіліс депутаттарының бірі Телпекбаева Жанна Тілеубекқызы бұл жолғы сапарын да қасиетті Қарадаланың жұртшылығына арнапты. Ағымдағы жылдың 04 шілдесі күні аудан орталығы Шонжы ауылдық округінен іс-сапарын бастаған Мәжіліс депутаты партияның аудандық филиалының мәжіліс залында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдауын өткізді. Ауыл халқының басым көпшілігі күн тәртібінен түспей келе жатқан жер, тұрғын-үй, азық-түлік пен тұрмысқа қажетті маңызды тауарлардың қымбаттап кетуі сынды мәселелерімен Мәжіліс депутатының алдына кірсе, көлік құнының шамадан тыс қымбаттауы, аудан орталығындағы тұрғын үйге табиғи газ тарту үшін қойылған бағаның қол жетімсіздігі сынды маңызды мәселелер де көлденеңінен қойылды.
Іс-сапардың келесі күні ауданның құқық қорғау органдары, яғни аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен кездесу жиналысынан бастау алды. Қоғамдық тәртіп пен жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтар турасында және ауылдық округтер мен шалғай елдімекендердегі учаскелік полиция қызметкерлерінің жетіспеушілігі, қызметтік автокөлік пен материалдық қажеттіліктер турасында тақырып тарқатылды. Кездесулер мен іс-шаралардың кестесіне сәйкес келесі қадам Үлкен Ақсу ауылдық округінің денсаулық сақтау саласы мамандарымен бас қосу жиналысына ұласты. Су жаңа ауылдық емхана ғимаратында қызмет ететін медицина қызметкерлері мен Мәжіліс депутаты арасында дәл осы саланың айтарлықтай жетістіктері мен олқы тұстары бойынша әңгіме өрбіді.
Біздің өңірдегі іс-сапардың соңғы нүктесі аудан кәсіпкерлерімен кездесумен қойылды. Бұл шараға да Елордадан Мәжіліс депутаты келе жатыр деген хабарды естіген бірқатар жергілікті кәсіпкерлер арнайы жиналып, өз салаларындағы өзекті деген сауалдарын айтып, мәселенің оң шешілуіне қайран жасап беруін сұрап, азды-көпті жетістіктерімен де бөлісіп отырды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандағы филиалын басқарып отырған аудандық мәслихат депутаты Муслим Амангелді өз әріптесіне өңірдің кәсіпкерлік саласының жалпы жай-күйі жөнінде, халыққа қызмет көрсететін ірілі-ұсақты ашылып жатқан қоғамдық орындар мен кәсіптік нүктелер бойынша толыққанды мағлұматымен де таныстырып өтті.
Мінбедегілерге халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, түйіні шешілмей тұрған түйткілді мәселелердің тиісті органдар арқылы оңтайлы шешілуіне ықпал жасап, ауылдағы ағайынның айтқан аманатын ел астанасына арқалап алып баратын халық жанашыры осы жолы да бірқатар сауалдарды қойындәптеріне түртіп алып кетті. Жағымды жаңалықтар мен жақсы өзгерістер болады деп үміттенеміз.
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ