Басты бет Мәдениет және руханият Соғыс сағын сындырмаған ақын

Соғыс сағын сындырмаған ақын

0
877

Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттарын» мектеп партасынан жаттап өстік. Атақты лирик ақын, жырлары сезімге толы, туған ел, туған жер туралы толғаныстары кез келген адамның жүрек қылын тербете алатын, тұла бойына түгел сіңетіндей жырлардың авторы биыл 100 жасқа толады. Сырбай Мәуленов десе көз алдымызға жылы шырайлы, салмақты, кесек тұлғалы адам келе қалады. Ұлы Отан соғысына қатысқан, ұрыс даласында солдаттардың қиян-кескі шайқасының бел ортасында жүрген оның тағдыры шын мәнінде ауыр еді. Төрт жыл кескілескен ұрыс Сырбайды ақын ретінде де, адам ретінде де шыңдады. Соғыстан келген соң халықтың жай-күйін «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңі арқылы баяндап берді. Есімізге түсіріп көрейік.

Жаутаңдап қарап дала тұр,

Көз жасын сүртіп жаңа бір.

Хабарсыз ұлын сұрауға,

Жолыңды тосып ана жүр.

Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар.

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан солдаттар? деп оралмаған солдаттарды жоқтады. Сырбай ақын 40 қа жуық жыр жинағының авторы болса да осы өлеңнің жөні бір басқа болып көрінеді де тұрады. Әлде балалық кезден санамызда сақталып, жадымыздан шықпағандықтан ба? Соғыстың ауыр зардабын өз көзімен көріп, санасымен сезінгендіктен болар, бәлкім?

Халқымызда «жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ» деген тағылымды тәмсіл бар. Жұртшылық Сырағаңды Сыр мен қырға ортақ ұл ретінде дәріптейді. Оның себебі де бар. Ақынның атамекені Торғай өлкесі болғанымен, ол кісі 1922 жылы Сыр бойында өмірге келген. Сол жылы Торғайда қуаңшылық болып, бір қауым ел айдыны шалқыған Сыр бойын келіп паналапты. Содан оған «Сырбай» деп ат қойған. Шілдеханасында Торғайдан Сарысу өзеніне ағайындарын сағалап келген Тосынбайдың Әлиі деген ауыл ақыны батырлар жырын толғап, жарық дүние есігін ашқан сәбидің құлағын өлеңнің азанымен ашыпты. Сондықтан да ақынды қызылордалықтар да жерлесіміз деп қадір тұтады. Алайда ақын Сыр бо­йында дүние есігін ашқанымен, өскен, тәрбие алған жері, ата-бабасының мекені – көне Торғай даласы. Ол жайында ақын «Өмір жолы – өлең жолы» атты естелігінде: «Менің кіндік қаным тамып, кең дүниеге көзімді ашып қараған жерім – Қызылжыңғыл да, нәресте ойым­ды, бала қиялымды тербеген бесігім, табиғаттың таза ауасын, жазық даласын, өзен-суын алдыма тосқан, алғаш маған өмір есігін ашқан, білім босағасын аттатқан қасиетті шаңырағым – Торғай бойы, Тосын тоғайы. Осы ортада мені табиғаттың сан түрлі құстарынан бастап, жергілікті ақын-әншілердің жырларын тыңдап өстім. Жасымнан дастандарды жаттадым. Біздің үйге менің дастан оқығанымды қызық көріп, жанымыздағы ағайын-туғандар, көрші-көлемдер жиі жиналатын. Солардың қошеметі қолтығымнан демеп, қиял аспанына шырқатып, сонау бұлттардың арғы жағына алып кететіндей көрінетін», деп жазады.

Сырбай Мәуленов 1940 жылы Қызылорда педагогикалық институтының екінші курсында оқып жүрген кезінде Қызыл Армия қатарына шақырылды. 1942 жылы майданында лейтенант болып, саяси мәселелер жөніндегі командирдің орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Ал 1943 жылы Ленинград қоршауы кезіндегі кескілескен ұрыс кезінде Сырбай атамыз ауыр жарақат алып, ауруханаға түседі. Жарақаты өте ауыр болғандықтан емделгеннен кейін әскерден қайтарылады. Туған жеріне аман-есен оралған ақын 1943-1950 жылдары Қостанай облыстық газеті редакторының орынбасары  міндетін атқарып, кейін Жазушылар одағының кеңсесінде жұмыс істеді. Онда «Қазақ әдебиеті» республикалық әдеби газетінің бас редакторы болды. Сондай-ақ, «Жұлдыз» республикалық әдеби журналының бас редакторы болып қызмет атқарды. Өзін ақын, публицист, журналист ретінде дәлелдеді. Сырбай Мәуленовтің редакторлығы жөнінде ақын Мұзафар Әлімбаев: «…Бас редактордың өзі: әмбебап, нағыз газеткер, жаңалыққа ұмтылғыш, тың идея тапқыш, өзгелерге ой тастағыш, ұжымдағыларды жұмылдырғыш, кімнің қандай оңтайы бар, соған қарап кімге тапсыруды, нені жаздыруды жіті біледі. Өзі де жазғыш өлеңдегі беделінің өзі бір төбе. Басқа жанрларда да бас редактордың еңбегі ұсақ емес, ірі, көзге көрініп, көптің мақұлдануына ие болып жатады» дейді. Шынында, Сырбай Мәуленов – қазақ поэзиясына жаңа леп, өзгеше өрнек, сазды ырғақ, әсем үн әкелген лирик ақын. Оның нәзік сезімге толы өлеңдерінен сыршылдық пен сұлулықты көресіз. Жастық шақтың жалындаған үнін естисіз. Адамды өмірді сүюге, оның қадірін білуге үндейді. Жырларында ешқандай жасандылық жоқ. Таңғы шықтай мөлдіреп тұрады. Табиғатты талай ақын жырлады, бірақ Сырағаңның табиғат туралы өлеңдері ешкімге ұқсамайды. Өзінше өрнектейді. Оны оқығанда даланың саумал самалын жұтқандай боласыз, бойыңызға күш бітеді. Табиғат құбылыстарын көркем суреттейді. Тамылжыған табиғатты тамсана жырлаған ақын теңеулері тосын, майдан қыл суырған шеберлікті көресіз. Осыны тап баса білген мемлекет және қоғам қайраткері, руханият жанашыры Ілияс Омаров: «Табиғатты жырламаған ақын жоқ, бірақ та сол жырлауда екі өзгешелік бар. Біріншісі – табиғатқа сүйсіну, дәлдікпен суреттеу, көрген жердің философиясын беру. Екіншісі – табиғатқа жан беру, тірілту, адаммен, қоғам өмірімен теңеу. Сырбай өлеңдерінде осының екеуі де бар, дегенмен екіншісі басымдау», деп жылы лебізін білдіріпті.

Сонымен қатар Сырбай Мәуленов – қазақ лирикасын классикалық үлгіге жеткізген, бүкіл ақындық қуатын, талантын осы салаға арнаған біртуар тұлға. Ақын лирикасының сыры мен бояуы да өзгеше. Ғафу Қайырбековтің пікірінше, ол бар шығармашылық өмірінде лирика жанрының алуан түрлері мен мүмкіншіліктерін сынап, байқап, сараптап, лабораториялық қыруар жұмыс жүргізген. «Сырбайдың айрықша бір қасиеті өзінікін емес, өзгенің шебер жасаған өлеңдерін, мейлі, ол кім болса, ол болсын – орыс па, өзбек пе, әзербайжан ба, украин ба – бәрін де жадында ұстап, жаттап алып, үнемі айтып жүретіндігі. Бұл – өзге ақындарда мен көп байқамаған құбылыс», дейді Ғафекең. Ал әдебиет сыншысы Мұхаметжан Қаратаев сыршыл суреткердің лирикасын түрлі түспен құлпырып тұратын гауһар тасқа теңейді. «Қалай құлпырса да сол жаңа түс автордың қандай да бір тапқан, ашқан жаңалығының жемісі ретінде көрініс береді.

Сырбай Мәуленовтің алғашқы өлеңдер жинағы 1948 жылы, яғни соғыстан кейінгі жылы жарық көрді, содан кейін отыздан астам поэтикалық кітабы басып шығарылды. Соғыс тақырыбына көп қалам тартқандықтан ба, Сырбай Мәуленовтің көптеген еңбектері орыс тіліне және КСРО халықтарының тіліне аударылды. Орыс тілді оқырмандар оны сүйсініп оқыды. Бейбіт өмірде де соғыс тақырыбын ол шығармашылығынан үзіп көрген емес. 1971 жылы «Қызыл арша» және «Сәуір жаңбыры» өлеңдер кітабы үшін Сырбай Мәуленов Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. 1967 жылы «Таңдаулы лирика» сериясында «Жас гвардия» баспасында майдангер-жазушының өлеңдер жинағы жарияланды. Сондай-ақ, 1958 және 1966 жылдары ақынның таңдаулы шығармалары жарық көрді.

Ақын аударма саласында да жемісті еңбек етті. Ол Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Ломоносов, Байрон, Маяковскийдің және бауырлас республикалардың бірнеше көрнекті ақындарының өлеңдерін аударған. Сонымен бірге, ақын бірнеше балалар кітабын құрастырып, әртүрлі уақытта жазылған публицистикалық мақалалардың екі кітабын жариялады.

Оның лирикасында қазақ халқының шынайы тарихы көрініс тапқан. Сонымен қатар, Сырбай Мәуленов өз еңбектерінде қиын жағдайларда адамның моральдық-адамгершілік қабілеттіліктерін ашық танытатын соғыс тақырыбы барлық шығармасының діңі болды десек артық айтқандық бола қоймас. Сырбай Мәуленовтің шығармаларында жауынгер ақынның, азамат ақынның және лирик ақынның позициясы айқын көрінеді.

Жақсылыққа жаны құмар, жан дүниесі мөлдір бұлақтай таза Сырбай Мәуленовтің өлеңінің лирикалық кейіпкері өлімді жеңіп, майдандас достарын қайта тірілтеді. Өйткені, олардың алдында жаңа биіктер мен шекаралар, жеңіске жетудің ұлы жолы тұрды. Ақынның поэзиясы бізге адамдар бәрін жеңе алады, олар жақсы болашақты құра алады деген ұғым тұрады. Ақын туған жеріне, табиғатқа үлкен құрметпен қарайды. Сол себепті оның шығармаларында Отан қай жерде болмасын, адаммен бірге жүретін, аспанда қалықтаған қарлығашпен байланыстырылады. Адам мен табиғаттың байланысын да керемет суреттейді. Сондықтан да оның жырлары сыршыл лирикаға толы. Оның лирикасы ешкімге ұқсамайды, ғажайып суреттеуімен де бағалы. Соғыстың қиын кезеңдерін басынан өткерсе де кейінгі бейбіт өмірдің де тамаша сәттерін көрді. Оған да тәубе. Сырбай Мәуленов 1993 жылы 71 жасында дүниеден өтті. Оның жырлары мен есімі жадымызда әлі ұзақ сақталатындығы анық.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…