Көк Түріктер дәуірінің көсемі Тоныкөктің осы бір құдыретті сөзімен сұхбатымыз басталды.
– Нұрлан Мырқасымұлы, 75 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын!
– Рахмет.
– Сіз театр, басылым, Жазушылар одағын басқардыңыз, депутат болдыңыз. Осы соқпақтың бәрімен жүріп өткеннен кейін қандай өмірлік түйін жасадыңыз? Кешегі құндылықтар бүгін қайта безбенделіп, қоғамда өткір пікірталастар жүріп жатқан кезде сіздің Жаңа Қазақстан жүйесінде алып-қосарыңыз бар ма?
– Әрине бар.
– Мысалы?
– Әуелі бір шындықтың басын ашып алайық. Басқару жүйесінде үлкен өзгерістер болғанымен… Ел өзгерген жоқ. Ондаған ғасырлық тарихы бар Ұлы Дала да, ұлы даланы мекен еткен халық та, халықтың тілі де, ділі де өзгерген жоқ. Ел мінезі мен болмысы қалпында.
Ел тарихы – біртұтас. Бұл – дәлелсіз ақиқат. Өткенді – бүгіннен, бүгінді болашақтан бөле-жара қарауға болмайды. Тағдыр-талайы ғаламдық қайшылықтардың көкпарына түскен Ұлы Даланың бүгінгі күрделі ахуалына әрбір қазақтың, әрбір қазақстандықтың бей-жайы қарауға хақысы жоқ. Біздің халықта «сөз тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деген мақал бар. Бұл мақалдан халқымыз үшін сөз дейтін ұғымның қаншама киелі, қасиетті екенін аңғаруға болады.
Мысалы… Сен айтып отырған пікірталастар хақында менің ойым былай… Өз тағдырын өзі қолына алған кешегі бодан елдің азаттыққа қол жеткізген 1990-2000 жылдар аралығындағы тарихи жауапкершілік арқалаған кезең мен үшін аса қымбат, қадірлі! Өйткені бұл кезең – Ұлт, Мемлекет Тәуелсіздігінің алғышарттарын қалыптастырған ұрпақтың арманы мен мұратын, ойы мен жігерін арқалаған кезең! Мен – сол ұрпақтың бір өкілімін. Қатары күн санап сиреп келе жатқан ұрпақ Тәуелсіздік туралы ақ айтылған сөзді естігенде – қуанады. Сыңарезу пікірлерді естігенде қуарады. Сөз қадірі кеткен мына бейдауа мінезді заманаға, әлде ары мен намысы тапталған адамға ренжірін білмей дал болады…
Өкінішті әрине…
«Мемлекеттік дәстүрі болмаған ел» дейтін дүдәмәл уақытта іргелі реформалардың тұсауы кесілген күрделі кезеңге жан-жақты сараптама жасалып, тарихи баға толық беріле қойған жоқ. Оның орнына қоғамдық пікірді өзге арнаға бұрып, төбеден түскендей етіп, «отыз жыл бізді құртты, отыз жыл бізді оңдырмады» деушілердің қатары көбейе түсуде. Тәуелсіздіктің іргесі қаланған жылдардағы қиындық, қуаныш, жетістік, жаңашылдық, жасампаздық, бәрі сол жалпылама айтылған «жазғыру» мен «билікті кінәлаудың» көлеңкесінде қалып барады… Жақсымыз да, жаманымыз да «оңдырмаған отыз жылдың» құрсауына қамалып, өз өткенімізді өзіміз өгейсітіп, өз тарихымызға деген жиіркенішті сезімді ұрпақ санасына, ұлт жадына «егіп» жатқанымызды байқамаймыз.
Бұл – қатерлі құбылыс!
Отыз жылды апарып салғанда өткен ғасырдың қойнында қалып бара жатқан Азаттық үшін жан алысып, жан беріскен, Тәуелсіздік үшін тұрысқан тоқсаныншы жылғы тұлғаларды қайда қоямыз?! Тірілерімізді түгендеп жатпай-ақ бақиға озған Салық Зиманов, Сағадат Нұрмағамбетов, Сұлтан Сартаев, Қаратай Тұрысов, Өзбекәлі Жәнібеков, Шерхан Мұртаза, Өмірбек Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Балғабек Қыдырбекұлы, Шахмардан Есенов, Әнуар Әлімжанов, Манаш Қозыбаев, Сауық Тәкежанов, Марат Оспанов, т.т. тәрізді екі ғасыр тоғысы тудырған тұлғалардың рухтарына не дейміз?
Күн сайын алапат өзгерістерге ұшырап жатқан дәуірдің жаңа бейнесін жасауға үлес қосқан өзге де қайраткерлеріміздің қызметін қайтеміз? Сызып тастауымыз керек пе? Отыз жылды тарих бетінен толықтай аластап тастасақ… Кім қалады? Кіммен қаламыз сонда? Ұтатын кім? Ұтатын қазақтың ұлы байтағын түсінде көріп, осыншама жерді алаш жұртына Ұлы Жаратушы жаңылып бере салғаны несі, дейтін ұлы жұрттар екенін неге естен шығарамыз? Өз тарихымызды жоққа шығарғаннан ұтылар кім? Ұтатын кім? Ұтылатын қазақ екені басы ашық! Егер ешнәрсе жасалмаса, Тәуелсіздік қайдан пайда болды? Мен бір қоғамдық формациядан екінші қоғамдық формацияға өту кезеңінде бар қиындықты иығына салып, жауапкершілік жүгін арқалаған мемлекет басшысының сол тұстағы маңызды қадамдары туралы жазған сынық сүйем сөзімнің бірде бірінен бас тартқан емеспін. Бас тартпаймын. Өйткені сол іргелі реформалардың ақпараттық насихатын жүргізіп, қазақ елін оңынан да, солынан да сансыз мәрте көктеп өткен егемендіктің әр кірпішінің қалай қаланғаны менің көз алдымда… Егер осы сөзіме күмәнмен қарап, кінә артар адам болса, 1993, 1994 жылдардағы Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жүргізген екі сұхбатымды тауып алып оқуына болады. Мемлекет іргесі бекімеген, шаңырағы болғанымен, уығын қадай алмай, қалың тұман арасынан қаңтарылып жол іздеген тұста, Президенттің сол сұхбаттарында елді, елдікті сақтаудың барлық жүйе-жобасы айтылып, идеология тұғырын бекітуге негіз болып еді…
Әрине әр кездің өз қиындығы, өз мәнері болады. Тәуелсіздік дәуірінің «көзімізді уқалап ашқан» кезін еске алған сайын, билік пен халық арасындағы осы бір ұғынысты үйлесімнің барынша табиғи болғанын еріксіз сезінуге болады. Халықты – биліктен, билікті халықтан үркітетін әсіре ресмилік жоқ кез. Елі – басшысына сенген, басшысы халқына арқа сүйеген кезең… Осы бір жарасты үйлесім күрделі кездің қиындығы мен ауыртпалығын жуып-шайып, жүдеген елдің көңіліне қанат бітіргендей еді. Күдік пен күмән өрттей қаулап, «қазақ ұлты мемлекет құра алмайды» деген сыпсың сөздің жолын кесуде де осы үйлесім ерекше рөл ойнаған жылдарды жамандыққа қалай қиюға болады?! Ел Тәуелсіздікке сенді! Бүгін қиналғанымен, ертең өмірлерінің оңалатынына сенді…
– Демек, халық Тәуелсіздікке сену арқылы билікке, болашаққа сенді ғой?
– Әрине… Экономикамыз тұралады. Рухани кеңістігімізде де тоқырау болды. Бірақ халық ертеңіне сенді. Сенімді серік етті…
– Өтпелі кезеңнің өрті тимеген сала болды ма?
– Жоқ! Өтпелі кезеңнің өрті мен дертінің жалыны қатты шалған рухани саланың бірі – әдебиет.
Екіншісі – кітап! Кеңес Одағы кезінде Қазақстан кітапты көп оқитын ел едік… Нарық басталған соң, жағдай өзгерді. Кітап шығару ісі мен кітап саудасы қиындады. Тоқырады. Ауыл-ауылдағы кітапхананың бәрі жабылды. Кітапсыз елдің ертеңі не болады? Жазушы қауымның тағдыры кітаппен байланысты. Жазушы да, кітап дейтін ұлы қазынамыз да жүдеді. Бірақ Сөздің рухы жүдеген жоқ.
Міне, Ел Үкіметін Ә.Қажыгелдин басқарған кезеңдегі кітап пен кітапханалар айналасындағы осы қиындыққа әрі бас газеттің басшысы, әрі қаламгер ретінде араласуыма тура келді. Үкімет басшысы мен бас редактор арасында қырғи-қабақ келіспеушілік басталды. Жүрегім сыздады. «Жабылып жатқан кітапханалар үшін кім жауап береді?» деген айдармен «Егемен Қазақстан» бетінде сын материалдар басылды. Жер-жерден келген хаттар дабыл қаға бастады. Есігіне қара құлып салынған кітапханалар қастандықпен пара-пар еді… «Олжабайдың ауылы ашығып отыр» тәрізді мақалалар үшін тиісті жерлерден сын-ескертулер естіп, «сыбағамызды» да алдық… «Егеменнің» 75 жылдық мерейтойында құттықтау күтіп отырған редакция ұжымы сұрапыл дауыл мен бет қаратпас боранның өтінде қалған да кезі болды. «Сендер нарық қатынасын неге дұрыс насихаттамайсыңдар?» деген мемлекет басшысының аузынан ауыр сын есту оңай болған жоқ.
Дегенмен… Басылым басшысы ретінде соңынан сөз алып, он-он бес минут сөйлеп, шындықты жайып салуға тура келді. «Егемен» – ел билігінің көзі мен құлағы болуы керек. Бірақ көз бар – көрмейді, құлақ бар – естімейді. Билік пен халық арасындағы есік бекітілген… Көрсетпейтіндер бар, естіртпейтіндер бар. Өңірлердегі «СҚ»-ның кезінде сықиып «Волга» мініп жүретін меншікті тілшілерді әкімдер есігінен сығалатпайды… Есік-терезе тарс жабулы. Сонда тілші қалай жазбақ, нені жазбақ? Тілшілердің алатын айлығы мардымсыз. «Караван» болса, жүйрік журналистерді Петербургтен, Мәскеуден, Омбыдан шақырады. Екі басылымда істейтіндердің айлықтарының айырмасы – жер мен көктей. Олар шақырған тілшісіне Алматының төрінен ойып үй алып береді. Ал Үкімет жалғыз басылымына жағдай жасаудың орнына қол-аяғымызды қысып, тулақтай тартып, көкпарға салады» дедім. Шындықты естіген Президенттің беті бізге бұрылды. Жүзі де, сөзі де жұмсарды. «Егеменнің» мерейтойы күнде бола бермейді» деп күнілгері жоспарланған Парламенттегі жиынға бармай, редакция қызметкерлерінің ортасында отырып, қуанышымызды бөлісті, жалақы орнына күріш пен қой алатын қызметкерлерімізбен суретке түсті. Қолдауы мен қамқор көңілін көрсетті. Кейін Нұрсұлтан Әбішұлы бір сөзінде «Сенің «Караванмен» салыстырып айтқан сөзіңе қатты ойланып қалдым» дегені бар.
– «Бизнестің жауапкершілігі, дәрігердің, мұғалімнің жауапкершілігі» деген ұғым бізге жақсы таныс. Ал табиғаты еркіндікпен етене жақын қаламгердің қоғам алдындағы жауапкершілігі қандай болады?
– Ел басына ауыртпалық түсіп, қандай қиын-қыстау кезеңдер орнаса да, жалпақ жұрттың жанынан алдымен ақын мен жазушы табылады. Себебі олар – жан дәрігері. Адамның жанын емдеумен айналысатын суреткердің жауапкершілігі тәнді емдейтін дәрігер жауапкершілігінен кем емес. Кеңес қоғамындағы адамдар үшін құдайдан кем болмаған Сталин өзі құрған жүйенің қалыбына сыймаған Булгаковты «алақанына салып», неге «кешіріммен» ұстады? Италияда жүрген Горкийдің Отанына оралуына неге мүдделі болды? Өйткені әдебиеттің үгіт-насихаттық, тәрбиелік мәнін жақсы түсінген тоталитарлық жүйе қоғамды руханият пен мәдениеттің өсіретінін, ал қаламгерлердің жасампаздық қасиетке ие екенін жақсы түсінді.
Біз егемендік алғаннан кейін екі мәселеде қателік жібірдік-ау деп ойлаймын. Бірі – ғылымды құлдыраттық, екіншісі – әдебиетті кіріптар жасадық. Соның салдарынан тұлғалардың қоғамдағы орны төмендеді. ХХ ғасыр ғылымға ғажайып жол ашты, қамқорлық жасады… Бірақ сол ғылымымыз глобализаторлардың қалтасында кетіп, адамзатқа қарсы жұмыс жүргізді емес пе? Пандемия көп шындықтың бетін ашты. Әдебиеттің әлсірегенін адамдар бойындағы қатыгездік пен жүгенсіздіктен аңғаруға болады. Кітап дейтін киелі дүниенің сұраныстан шығуы адам санасына жасалар озбырлық пен қаталдықтың шабуылын күшейтті. Рухани дағдарысқа ұшыраған қоғам ізгі сезімнен ада болатынына күні кеше қаңтар оқиғасының кезінде көзіміз жетті. Азған, тозған сана қатерлі. Азған адамға тонау, талан-таражға салып, таптау, өлтіре салу, өртеп жіберу түк емес.
Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым Академиясының 75 жылдық мерейтойымен құттықтаған жиынына қатыстым. Жалақысы азайып, мықты мамандары өзге салаға ауысып, басынан бағы тайған Ғылым Академиясы «ендігі жерде қайтадан мемлекет тарапынан қаржыландырылатын болады» дегенде, бөркін аспанға атқан ғалымдардың қуанышын тек көзбен көру керек. Мемлекет басшысының әр сөзіне ризалығы кемі жиырма рет қол соққанынан аңғарылды. Мұны ғылымға жасалған қамқорлықтың, жалпы қоғамдағы іргелі болашақ өзгерістердің басы деп білдім. Кітаптан алыстап кеткен, ғылымнан бас тартып, рухани жүдеген елдерде тобырлық психология етек алатынын жаңа дәуір тарихынан күн сайын көріп келеміз. Президентіміздің бұл шешімі – ерлік! Нағыз ерлік! Ұлт ғылымын уақыт ұйығынан суырып алғандай әсер етті. Қоғамды, адамды, адамның ой-санасын, жанын сақтайтын кәсіптің иелерін тықсыра бергеннен ұлт та, билік те ұтылады. Ғылымға жасалған осы қамқорлық болашақта әдебиетке де жасалуы керек деп ойлаймын.
– Қарап тұрсаңыз, қарабайырлық пен қатігездік барлық жерде насихатталып жатыр. Қалыпты жайтқа айналғандықтан талғаусыз жұтып, таразыламастан санаға сіңіріп, қабылдауға мәжбүрміз. Осының бәрі идеологияда сүзгінің болмағанынан ба? Себебі неде?
– Ұялы телефон мен интернет кітап оқымайтындар мен рухани жүдегендердің алтыннан да қымбат уақытын ұрлағанымен қоймай, адам баласын жолынан тайдырып, ой-санасын аздырудың үлкен қаруына айналды. Ғаламданған үшінші әлемді біржола тұралату үшін жасалған қатігез құрал сияқты көрінеді. Артық айтсам… Алла кешірсін! Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) тіріліп келсе, Абай ортамызда жүрсе, бүгінгі қағынған жеріген тобыр-қоғам оларды да оңдырмай, көкпар етіп тартып, күні-түні қысымда ұстап отырар едік. Әрине… Әлеуметтік желінің пайдасын жоққа шығара алмаймын, бірақ желі бетіндегі жойдасыз жүгенсіздік қазақ мінезінің өзгеруіне әсерін тигізіп, жалқаулыққа, тәуелділікке алып келді. Телефонға телміргендер білімнен гөрі, өсексөз, қажетсіз ақпаратты аңдитын болды. Адам ойы мен санасын осылайша арзандатқан ел емес едік… Ақсақалдың басынан аттап, қадірлі кісіні кемсітетіндей, жақсының жағасынан алып, жығылған бейбақты табалайтындай көргенсіз мінезді күнде көріп, көндігіп барамыз. Қорқынышты. Альберт Эйнштейннің мына айтқанын, ұнатқан болуым керек, күнделігіме (25.01.2022 ж.) көшіріп жазыппын: «Я боюсь, что обязательно наступит день, когда технологии превзойдут простое человеческое общение. И мир тогда получит поколение идиотов» депті. Жазыппын да: «Ұлы кісінің айтқаны келді. Жаңа ХХІ ғасыр басталғалы әлем адамзаттың бойындағы қарапайым адами қатынастардан айырыла бастады. Технология біздің бойымыздағы сезім, жанашырлық, кісілік, кішілік, адамгершілік секілді ұлы қасиеттерді мүлдем ығыстырып, тұншықтырып бара жатқан тәрізді. Бұл, әсіресе, өркениет пен жаһанданудың байыбына толық бара қоймаған, еліктеу, солықтау сатысында жүрген ұлттар үшін қауіпті» деп пікір қалдырыппын.
– Күнделікті не себептен жазасыз? Сұхбаттасып, сырласып, ой бөлісетін жақын-жанашырларға сенім азайғаннан ба? Ермегіңіз бе? Әлде шығармашылығыңыздың бір бөлігі ме?
– Менің шығармашылығымда әр түрлі көңіл толқынымен, сезімге қозғау салған оқиға ізімен жазылған күнделік жазбалар айырықша орын алады. Өмір, қоғам туралы ойларымды, шығармашылық жоспарымды, кейде заматында тіл ұшына келген өлеңдерімді де күнделігіме түсіріп отырамын… Жақында ескі күнделіктерімнің бірін ақтарып отырып, қырық жыл бұрын болған бір хикаятты кезіктірдім. «Асығыс жазбалар. 6-дәптер» деген күнделігіме (28.09.2020 ж.) түсіпті. «Екі күн болды, Армения мен Әзербайжан арасында таулы Қарабақ үшін соғыс басталды. Қырғын соғыс! Менің есіме өткен ғасырдың, 1981 жылдың бір оқиғасы түсіп отыр. Пицунда. Әдеби қордың Шығармашылық демалыс үйі. Әзербайжаннан келген Рахман Ализаде деген драматург пен Армениядан келген Петрос Мартиросян деген екі досым есіме түсіп отыр. Совет Одағы дейтін кең қолтық елдің драматургтері бас қосамыз. Біріміздің пьесамызды біріміз оқып, танысып, аудару керек болса аударуға жол ашып, шығармашылық байланыс орнатамыз….» деп басталған көлемді жазбада екі дос арасындағы сүттей ұйыған сыйластықтың аяқ асты қалай төбелеске айналғаны жайлы жазылыпты. Соңынан дәлізде келе жатқанда Ярославь Стельмах: «Нурлан, ты не забудь, одну истину» деді. «Какую?» «Трудно дружить нам с русскими». «Это правда». «Сен менің айтқанымды әлі талай еске алатын боласың. Армяндар да әзербайжандармен тату болуы екі талай. Армяндар 1915 жылды ұмытпайды. Ал біз бастауымызды ежелгі Русьтен алатын славян тектес екі ел болсақ та, аға болғысы келетіндерге төзе алмаймыз» деп еді… Міне, атақты «Большая родня», «Кровь людская – не водица» деген атақты романдардың авторы, белгілі украин жазушысы Михаило Стельмахтың ұлы Ярославь Стельмахтың осыдан қырық жыл бұрын айтқан сөзі жадымда осымен үшінші рет жаңғырып отыр.
Біріншісі, 1989 жылы алғашқы Қарабақ қырғыны тұсында. Екіншісі, 2014 жылы ДНР, ЛНР қырғындарының тұсында, үшінші рет бүгінгі Кавказдағы екі ел арасындағы жаңа соғыстың тұсында… Славаның оншақты жыл бұрын қайтыс болғанын Иранбектен естідім. Жаны таза, жақсы жігіт еді…
Жүрегімен өмірдің бар шындығын қабылдап жүріп, ақыры «малорусь», «белорусь», «великорусь» дейтін ұғымдардың арасына сөзімен, ойымен көпір орната алмай бақиға ерте аттанып кеткен Ярославь Стельмахты ойладым. Ойлауыма себеп болған Таулы Қарабақтағы жаңа соғыс» деп жазыппын.
– Шартарапты шарпыған мынау дүрбелеңді қырық жыл бұрын болжаған досыңыз сәуегей екен, айтқаны келіп отыр ғой. Бұдан кейінгі Қырым, бүгінгі Ресей мен Украина арасындағы соғыс Қарабақтан да қиын болып, әлемді тығырыққа тіреді. Біздегі қаңтар қасіреті де ешқашан ұмытылмайды, қандай баға берер едіңіз?
– Айтары жоқ. Әлем тынышсыз. Қырық жыл бұрын Слава айтқан ағайын екі ел арасындағы «қайсымыз мықтымыздан» басталған өткен ғасырдың дауы, айналып келгенде Батыс пен Шығыстың алапат қырғынына жалғасқалы, міне, төртінші айға кетті… Қашан аяқталары белгісіз. Өршіп тұр.
«Жаңаөзендегі кедейшілік тақсыреті тудырған әлеуметтік наразылық еліміздің тарихына қаңтардың қанды қырғын болып кірді. Іргеміз шайқалып барып, Тоқаевтың арқасында тоқтады. Басы мәдени үлгімен басталған наразылық шеруінің ақырын қанқұйлы топтар мен арамойлы мүдделер пайдаланды. Ежелден белгілі ескі айла – «айран ішкен құтылып, табақ жалаған тұтыладыға» әкелді. Осыны ойлағанда, жүрегім қан жылады. Қазақ елінің басында бұрын болмаған қақтығыс! Қақтығыс емес, кәдімгі жүгенсіздік пен тәртіпсіздіктің көшедегі қырғын соғысы. Ұлт пен ұрпақтың ақыл мен мәдениетінің деңгейін танытар соғыс!» деппін күнделігімде. Түнгі сағат 3-те күнделікке мынандай жазба түсіпті. «Ел өміріндегі аса ауыр жағдай болды. Болмауы керек еді – болды! Болдырмауымыз керек еді – болдырдық! Әзірге адам өлімі бар ма, жоқ па белгісіз.Алматының бас алаңында адам шошырлық ауыр қырғын болды. Президент елдегі жүгенсіздікпен бетпе-бет келді. Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай жарияланды. Бірден-бір дұрыс шешім. Ел үшін маңызды аса ұстамды ұлт басшысының сөзі айтылды. Менің есіме Б.Момышұлының «тәртіпке бағыну құл болу емес» дейтін сөзі түсіп отыр. Қаланы қалың тұман басты. Түнімен ұйқы көрмедім. Таңғы 5.30-да көз ілдім. 7.30-да Еркебұлан келді. Ұлым ұйқы көрмей шаршап келді. Үй де, түз де тынышсыз…»
– Аспанды бұлт торламай тұрғанда, адамның бәрі батыр ғой, сол қалың тұман басқан қаралы қаңтарда зиялыларымыздың көпшілігі бұғып қалатын әдетіне басып, дыбысы шықпай қалғанын көзіміз тағы көрді. Жұрт не істерін білмей, әрі-сәрі күй кешкен сол мазасыз күндері ақпарат құралдары арқылы сіз пікіріңізді ашық білдірдіңіз…
– Рас, 5 қаңтар күні Қазақпарат, Baq.kz сайтынан тілшілер хабарласты, екі рет өз ойымды мәлімдедім. Түнімен дүркіреп, ұлы қалаға майқан салған тентектерімізді, бұзақыларымызды ақылға шақыруға ұмтылдым. Шынында да күллі Қазақстанды аяғына тұрғызып, шындық іздегені бар, адасқаны бар, мың-мың қаралы жігіттерді – қандастарымызды ақылға шақыруға тырыстық. Қаралы күндері қабырғам қайысып отырып ақпарат құралдары («ҚазИнформ») арқылы білдірген ойым мынау еді:
«Бізде бір ғана Отан бар. Ол – қазақ елі. Қазақ елінің басына талай ауыртпалық түскен. Біз тәуелсіздіктің қадірін білетін, елдіктің аманатын арқалаған ұрпақпыз. Жалғыз Отанымыздың басына аса ауыр сынақ түсті. Бұл сыннан аман өту үшін, Отанымызды сақтау үшін халық өзі сайлаған Президентінің шешімін қабылдап, қолдауы керек! Жағдай ауыр. Халықтың түсінгені абзал. Дәл осы шешім болмаған жағдайда біздің қандай күнде боларымыз белгісіз. Бір сәтте, күллі Қазақстанның ұлы байтағына, облыстардағы стратегиялық нысандар тұрған жердің бәріне лап берген лаңкестік пен басбұзарлықты, жоспарлы түрде мемлекеттік тұтастығымызға жасалған шабуылды қайтару үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы тағдыршешті шешімге барды. Дұрыс деп есептеймін. Сонымен қатар ҰҚШҰ елдерге өз көмегін ұсынатын ұйым, ендеше осындай ұйымның келіп қадағалап отыруы және сес болып сырттағы күштерге қабілетін танытуы біздің тәуелсіздігімізге ешқандай да көлеңкесін түсіре қоймайды деп ойлаймын. Сондықтан осындай сын сағатта әлемдік деңгейге көтерілген, ойлау жүйесі аналитикалық пайымдау мектебінен өткен, батыстың да, шығыстың да жағдайын жақсы білетін Президентіміздің төңірегіне шоғырлану аса маңызды. Ол – үлкен саясаткер, қайраткер тұлға. Бұл өз кезегінде ұлт пен ұрпақ үшін, мемлекетіміздің тұтастығын сақтау үшін керек! Дәл осы сәтте лаңкес, бұзақылардың беті қайтқанымен, оның арғы жағында сол жолға салғандардың беті мен жоспары қайта қойды деу мүмкін емес. «Иә… Адасқан жастарымыздың тағдыры қиын болатын, арқамызды аяз қарып отыр… Амал жоқ… Басты мақсат – ел тұтастығы мен тыныштығы! Қалпымызға келетін болсақ, бесікте жатқан сәбидің болашағы тыныш болады. Елдің болашағы үшін тұтас халық болып, ақылмен, парасатпен бірігуіміз керек деп есептеймін. Бұл – елдігіміз үшін мемлекеттік тұтастығымыз үшін керек» деген сөздер айтыппын осы күндерде (06.01.2022 ж.)
Сол сөздерді әлі де қайталауға бармын. Бірақ қаңтар қасыретінің қайталанбағанын Алладан тілеймін!
Содан бері бес айдан астам уақыт өтті. Қаңтар қырғынына баға берілді. Оқиғаның көлеңкелі тұстары тергеліп, тексерілуде. Еліміз қалыпты жағдайға көшкенімен… Айналамыз мазасыз. Әлем тынышсыз… Жойқын күштер қасиетті қара жеріміздің төрт қиырын теңселтіп, ырғап бағуда. Әлемнің тепе-теңдігін сақтау қиынға соға бастады. Еліміздің бағыты мен бағдары анықталды. Референдум өтті. Халық ел өміріндегі өзгерісті қолдайтынын ашық айтты. Сол өзгеріс өрісімізді кеңейтіп, Жаңа Қазақстанның жолының кең ашылуын тілейік! Соған бір адамдай жұмылып, әр сөзіміз бен әр ісімізді Ел тұтастығына бағыштайық!
«Жауыңды басындырма, халқыңды ашындырма!» дейтін ұлы Тоныкөктің құдыретті сөзі әркез төрімізден көрінсін! – деген тілекпен сұхбатты аяқтағым келеді.
– Рахмет.
Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ
«Egemen Qazaqstan»