Басты бет Бір шаңырақ астында Бейбітшілік және ұлтаралық татулық

Бейбітшілік және ұлтаралық татулық

0
2,244

Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» шығармасындағы мына бір көрініс қазақ халқының өзге ұлт өкілдеріне пана болуының бастамасындай.
«… Ахмет шал балаларды жағалай басынан сипап өтті де ең шетте тұрған неміс баласының қолынан ұстады.
– Мен осы мықтының өзін қаладым. Баламның атын айт.
– Зигфрид Вольфганг Вагнер.
– Е, жөн-ақ. Келісті жақсы ат екен.
Ахмет шалдың жетегіне еріп кеткен неміс баласы Зигфрид Вагнер ертеңіне таңертең «Зекен Ахметұлы Бегімбетов» болып оянған».
Осылайша қазақ халқы қара ма, ақ па, қоңыр ма ешбір жатырқамастан түрлі ұлт өкілдерінің басын қосқан құтты мекенге айналып отыр. Ежелден бауырмал, қайырымды қазақ халқы тағдыр тәлкегіне ұшырап, әлемнің әр тарапынан келген ұлттарды жатсынбай, оларды туған-туыстарындай жақсы көрді. Міне сондықтан, қазір Қазақстан көпұлтты мемлекет атанып отыр. Дәл Қазақстан сияқты ұлттар достығы үлгі боларлық дүниежүзінде ел жоқ. Барлық ұлттардың терезесі тең, мүдде-мақсаты бір және олардың еркін еңбек етуіне, кәсіппен шұғылдануына, саясатпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Ең ерекшелік сол – кейбір ұлт өкілдерінің балалары мектепте өз ана тілінде оқиды. Ауданымыздың қай мектебін аламасақ та ұстаздарымыз ұрпақтарының бойына береке-бірлік, татулық пен тұрақтылықты сіңіруде. Бірлік болмайтын жерде береке де, тірлік те болмайтындығын түрлі тәрбие сағаттарында ұғындырып, қай пәнге болмасын «Достық» тақырыбының еніп, мектептерде өтілуі, бір мектептің оқушылары екінші бір мектептің оқушыларын құрметтеп, сый көрсетуді дәріптейтін іс-шаралар жыл бойы үздіксіз өткізілуде. Атап айтсақ, «Бақ қайда барасың? Бірлігі жарасқан елге барамын!», «Байлықтың ең үлкені – халықтар достығы», «Ақпыз, қара, сарымыз, ағайынбыз бәріміз» сияқты тақырыптарда тәрбие сағаттар, 1 наурыз «Алғыс айту күніне» іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мұндағы мақсат – достықты нығайтып, бір-бірімізді құрметтеп, еліміздің ертеңі үшін қызмет ету.
Қазіргі қоғам діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресті нығайтып, елдің тыныш, бейбіт өмір сүруіне барынша жағдай жасауда. Соған қарамастан кейбір мемлекеттерде лаңкестік оқиғалары орын алып, жазықсыз халық жапа шегіп жатқандығы да мәлім. Жалпы терроризм актілері әлемдегі барлық еш кінәсіз адамдардың өміріне қауіп төндіреді немесе олардың өліміне әкеліп соғады. Осы орайда діни экстремизм мен терроризмге қарсы құрылған іс-шаралар дүниежүзінде жалғасын табуда. Ал білім саласы мұндай қауіптің алдын алу мақсатында ұрпақтарға саналы білім мен тәрбие беріп, дін саласының мамандарымен, имамдармен кездесулер ұйымдастырып, дәстүрлі діннің асыл құндылықтарын түсіндіруге түрлі шаралар ұйымдастыруда. Өскелең ұрпаққа дәстүрлі тәрбие беру мектеп қабырғасынан тіпті балабақша табалдырығынан басталса, экстремизм, терроризм деген терминдерден аз ғана уақыттың ішінде құтыламыз деген ойдамын. Сонда достығы мен бірлігі, татулығы жарасқан еліміздің бейбітшілігі де мәңгілікке жалғасатындығына кәміл сенемін.
Қазір адал еңбектерінің арқасында кәсіппен шұғылданып, байып жатқан отбасылар көбейіп, қауымға айнала бастаған ұлт диаспоралары бар. Ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап, өз діндерін ұстанып, бір шаңырақ аясында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халық тек Қазақстанда жасап жатыр. Бұған әрине, қуанасың және мақтанышпен айтасың. Осындай ел бірлігі мен тұтастығы жолында өз бағдарламасы мен мақсаты бар Қазақстан Халық Ассамблеясының жұмысына дүниежүзі риза десек артық айтпаймыз. Әрине, оның басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғаны айтпаса да түсінікті.

Міне, осыншама ұлт пен ұлыстың тілін тауып, бірлік пен ынтымақта ұстап отырған бүгінгі билік ұлтаралық татулық пен бірлікті басым саясатының бірі ретінде ұзақ жылдардан бері ұстанып, ұлан-байтақ қазақ жерінде барлық ұлттың өкілдері бір атаның балаларындай ынтымақтастықта өмір сүріп келеді.

Адилжан АШИРОВ,
аудандық білім бөлімінің басшысы

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫМЫЗДЫ ТҮЗЕУІМІЗ ҚАЖЕТ

Қоғамда адам өзгерді ме, әлде заман өзгерді ме білмеймін, кінәмшілдікке көп жол беретін бо…