Аудандық кітапхананың конференц-залында Ассамблеяның белсенді мүшелерінің басын қосқан мерекелік шара өтті. Бірлік күніне арналғандықтан болар әр ұлттың ұлттық киімін киген ұл-қыздар, ересектер көз жауын алатындай болып залдың ішін құлпыртып тастапты. Қазақстан – бірлік пен келісімнің мекені. Бүгінде елімізде түрлі этнос өкілдері бір отбасының баласындай өмір сүріп келеді. Бұл – мемлекетіміздің сындарлы саясаты мен халықаралық дәрежедегі асқақ мәртебесінің жемісі. Бір шаңырақ астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі этносаралық татулық әрдайым берік болып, қашанда ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін! – деген жалынды сөздермен шараны ашқан жүргізуші алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Бота Елеусізоваға берді.
Қадірменді Ассамблеяның белсенді мүшелері! – деп құттықтауын бастаған өңір басшысы жылы лебізін білдірді. Бірлік пен татулықтың мекеніне айналған біздің елімізде әлемде теңдесі жоқ Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұйымы өз жұмысын жүргізіп келе жатыр. Татулықты ту еткен бұл ұйымның құрылғанына биыл 30 жылдан астам уақыт өтіп, іргесі берік еліміздің тағы бір жарқын жетістігіне айналды. Осы ширек ғасырдың ішінде, Ассамблеяның сессиялары мен айтулы шаралары, ауқымды жобалары мемлекет басшысының қолдауымен нәтижелі жүзеге асырылып келді. Келелі отырыстар мен маңызды шараларда ең әуелі еліміздегі баға жетпес байлық – татулық пен тұрақтылықтың маңызы айтылып келді. Еліміздегі мызғымас тұрақтылық пен ғасырларға ұласқан татулық осы идеологиялық бастамалар мен нақты жұмыстардың жемісі деп білеміз.
Мемлекет басшысы Қазақстан Халқы Ассамблеясының 34 сессияда «Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік – мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары. Осы құндылықтарға арқа сүйей отырып, біз Тәуелсіздіктің зор жетістіктерін сақтап, еселеп, келер ұрпаққа аманаттай аламыз» деп нақтылаған болатын. Осы орайда бізден ұрпаққа аманат болып қалатын ең басты құндылық еліміздің тәуелсіздігі мен бірлігі, тұрақтылығы екендігі айқын.
Бүгінгі өздеріңізбен емен жарқын бас қосып, осындай игі шараны көңілді өткізіп отырғанымыз еліміздегі мемлекеттік саясат дұрыс әрі оң бағытта жүргізіліп отырғандығының айқын көрінісі. Баршаңызды айтулы мерекемен құттықтай отырып, еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деген ыстық ықыласын төкпеледі.
Сонан соң татулық пен бірлікті ту етіп жүрген Ассамблея мүшелерінің біразына өзінің алғыс хатын арқалатты. Орыс этномәдениет орталығының белді мүшесі Лариса Абрамова өлең жолдарын арнап, жиналған қауымды Бірлік күнімен құттықтады.
«Ұйғыр этномәдени» орталығының белсенді мүшесі, беделді әрі еңбекқор жас буын Назым Розахунов та өзінің жүрекжарды тілегін арнады. Қазақстанда өмір сүретін ұйғырлар ең бақытты ұйғырлар, өзіміздің театрымыз, республикалық газетіміз, мектептеріміз бар, біз бақыттымыз,– деген ойын ашық айтты.
Мерекелік шараның алғашқы сазды сәлемін күмбірлеген қазақтың домбырасын жанына серік еткен жас күйші Шахмурат Исмаилов Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйімен бастады. Күйді бабына келтіріп орындап, жиналған қауымды арқаландырып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ирина Беспалова Нұрғисаның «Құстар» әнін орындап, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Бүкіл зал оған қосылдық. Бүлдіршіндердің орындауындағы «Частушкалар», испан биі, попуррилер мерекенің ажарын аша түсті.
Шара соңы «Көк Тудың желбірегені» әнімен қорытыланды. Қазақ, ұйғыр, орыс, украин, өзбек ұлтының өкілдері бір үйдің балаларындай қауқылдасып, мәз болысып тарасты. Бір шаңырақ астындағы осындай берекелі өміріміз мәңгілік болғай…
Баян МАМЫРБАЕВА
