Менің Отаным – Қазақстан. Осы жерде дүниеге келдім, өстім, оқыдым, жетілдім. Бар саналы ғұмырым ауданда өтті. Біз соғыстан кейінгі тағдыр тауқыметін тартқан ұрпақтың өкіліміз. Өзімнің Қазақстанда туып-өскенімді мақтан тұтамын. Бізді ешкім өзге ұлт өкілісің деп кемсіткен емес. Балаларымызды оқытып, жоғары білім беріп, енді немерелердің қызығына батып отырған аналардың бірімін.
Кейде тұрмыстық жағдайларда ұлтқа бөлініп, ұлт араздығын тудыратын мәселелер болып қалады. Қатты ренжимін. Түсінігі төмен адамдардың деңгейіне кейіп қалам. Алла бәрімізді пендесі етіп жаратқан соң, ұлтына, тіліне, басқа да ерекшеліктеріне қарай бөлінуді жөн санамаймын. Біз қазір ең бақытты мемлекеттегі ең бақытты адамдармыз. Соны бағалай білуіміз керек. Өзім кезінде банк саласында қызмет атқарған жанмын. Менің жұмыс атқаруыма ешкім кедергі келтірмеді. Керісінше білмегенімді үйретіп, менің де ақылыма жүгінгендер көп болды. «Социалистік Қазақстан» деген республиканы бас газеті болды. Оның редакторы Сапар Байжанов деген мықты журналист, жазушы, публицист болды. Сол кісінің жан жары Күләш Бейсембиева менің жан досым. Іссапармен ауданға жолы түсіп қалса басшыларды іздемей бірден менің үйіме түсетін. Өте жоғары лауазымда отырса да ол қашанда кішіпейіл қалпынан танып көрген емес. Кейін балаларымыз бір-бірімен араласты, дос болды. Менің ұйғыр ұлтынан болғаным біздің достығымызға ешқашан кедергі келтіріп көрмепті. Қазір болатын, болмайтын нәрселерді ұлтаралық кикілжіңге тіреп қояды. Маған ол ұнамайды. Білімсіз адамдардың сапасыз сөздерін қару қылып ала жүгіретіндер бар. Бірлігі мен татулығы жарасқан осынау киелі мекенде өмір сүріп жатқаныма шүкір айтамын. Бір шаңырақ астында бір атаның баласындай қаншама этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Қазір бір мемлекетте тұрмақ, бір отбасында тату-тәтті өмір сүру мүмкін болмай жатқанын қоғам айқындап беріп тұр. Ал біздің кең-байтақ даламызда 130-дан аса ұлт пен ұлыс емін-еркін, тату, дос өмір сүріп келеді. Олар қалаған уақытында өз ұлтының ұлттық мерекесін атап өте алады. Сонымен қатар салт-дәстүрін еркін ұстанып, мәдениеті мен әдебиетін де қалаған уақытта меңгере алады. Бүгінгі таңда бізді бөтенсініп, жатсынып жатқан ешкім жоқ. Керісінше, бауырына басып, қамқорлық танытады. Қолында қалған соңғы бір тілім нанымен, көлдей көңілімен, бауырмалдығымен талай жанға жаңа өмір сыйлаған қазаққа әрбір ұлт мәңгі қарыздар. Қайсар қазақтың бұл жақсылығын ешқашан да ұмытпаймыз. Себебі біз ұрпағымызға үнемі қазақтың арқасында арайлы таңды көрдік, қазақтың арқасында ұлт болып аман қалдық деп айтудан жалыққан емеспіз. Болашақта біздің де ұрпақ қазаққа мәңгі бас иіп өтеді.
Әлемді мейірім мен қамқорлық құтқарады. Жер бетінде қанша адам болса, оның бәрі мейірімді, соның бәрі қамқор деп айта алмаймыз. Ал жанашырлық, қамқорлық деген асыл қасиет қазақ халқының қанына туғаннан берілген деп айтар едім. Қазақта «өле жегенше, бөле же» деген мағынасы өте терең нақыл сөз бар. Қазақ халқы сөздің қадірі мен қасиетін терең түсінетін халық. Сол үшін олар үнемі ата-бабалары айтқан, өсиет етіп қалдырған сөзді терең түсінеді. Мен білетін қазақ халқы үнемі «Бірлік түбі – береке» деп, елдегі этностардың ынтымағы мен татулығын, бірлігі мен берекесін мықты институт ретінде қалыптастырған. Бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқанымыз маңдайымыздағы бағымыз. Соны бағалайық.
Тамарахан РАШИТОВА,
зейнеткер
