Басты бет Рухани жаңғыру Өткеніміз жаңғырса…

Өткеніміз жаңғырса…

0
1,380

Көп жылдан бері көкейімде жүрген жер атаулары туралы пікірлер мен аңыз-әңгімелер мені де қатты толғандырған еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әр өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс», – деген болатын.
Міне осыған орай заманымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған жеріне арнап жазған мына бір өлең жолдары ойыма оралды.
Мына өлке,
Мына аймақ,
Бұл маңда,
Құлшылық етемін тұрғанға.
Құлшылық етемін құмдарға,
Тағзым жасаймын қырларға!
Шүкірлік етемін қашанда,
Осы бір Отанда туғанға!
Жақында «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газетінде Дәулет Күнікеев пен Аман Дәулет атты тарихшылардың жарық көрген «Шонжы жайлы не білеміз?» деген мақаласын оқып шығып, жас шағымнан орақ тілді, от ауыз, құйма құлақ, көсем сөзді, зерек ойлы, зерделі қарттардың айтқан аңыздары мен әңгімелері шындыққа жақын екендігін сезінгендеймін. Ұзынқара тауының сай-саласы, тау-тасы, ата-қонысы мен мөлдір бұлағына берілген атаулар қарттардың жадында мәңгіге сақталған ғой. Мына сөйлемде «Шонжы атауы жоңғар, қазақ шайқасынан кейінгі жоңғар батыры жекпе-жекте қазақ батыры Әлмеректен жеңіліп, сол жер «Шонжы өлген» болып аталған. Келе-келе «өлгені» түсіп, Шонжы аталып кете барған. Бұл – тарихи дерек» деп жазылған. Ендеше бұған дейін қолымызда дерек болмағаннан соң шындыққа тіке қарамағанымыз да шындық еді. Аталмыш мақаланы оқығаннан кейін көкірек көзіміз ашылғандай болды. Ұрпақтарымызға қалдыратын, ежелгі жер-су атауларын өз қалпына келтіретін рухани жаңғыру сәті келіп тұр. Аудан халқы аты аталған тарихшылардың ой-пікірін қолдайтындығына күмәнім жоқ.
Қарадала өлкесінің жаңғыру атты тас қамалының есігі жаңадан ашылғанын сезінгендеймін. Осы орайда жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігі тағы бір мәрте артатындығы да сөзсіз. Ауданымыздың төл перзенті, ақын Нұрлан Оразалиннің «Қарадала» атты өлеңінің мына бір жолдарына көз салсақ:
Қарадала – күй қанаты талмайтын,
Жібек жолы ғасырлармен самғайтын.
Сақ, Ғұндар мен Үйсіндердің көзі бұл,
Шығыспенен Батысты үнсіз жалғайтын,
– деп жусанының иісі аңқыған, қараса көз талатын қасиетті де киелі мекенімізді ғасырлар үнімен суреттейді. Жібек жолы бойында орналасқан Шонжы, Шошанай, Сүмбе, Ақтам, Дардамты, Гомба, Добын сияқты тағы да басқа атаулар мемлекеттік ономастика талаптарына сай сананың жаңаша жаңғыруымен аталатындығына да сенімім мол. Бабаларымыздың ұрпақтарына аманат еткен жерін мәңгілік елдің ортақ қазынасына айналдыратындығымызға да күмәнім жоқ. Кейбір ауылдардың есімдерін ежелгі жер атауларымен келтірсе, тарихқа тағы да бір үңілсе, ауданымыздан шыққан дарын иелерінің атауларымен жаңаланса заман жаңғыруы жалғасын табар еді…

Абай ТОРҒАЙҰЛЫ,
зейнеткер ұстаз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…