Аудандық «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газетіне үстіміздегі жылдың 16 ақпанында жарияланған «Шонжы жайлы не білеміз?» деп аталатын тарихи- танымдық мақаламен таныстым. Мақала авторлары өздерін Дәулет Күнікеев, Аман Дәулет тарихшылар деп таныстырыпты.
Мақаланың мазмұны тарихыңа, қасиетті жер-су аттарына келіп тірелетіндігін, тарихты жасайтын Отаныңның, туған жеріңнің ұл-қыздарының болатындығын айқындайды. Сондай қасиетті де қастерлі есім мақалада жазылған Әлмерек бабамыз болып отыр. Мақалада 1683 жылы болған қазақ, жоңғар шапқыншылығы көрсетілген. Түркітанушы С.Е.Маловтан «Шонжы» атауына қатысты деректер берілген. Мақаланы жазған бауырларымыздың айтқан уәждері мен тың деректерін сүйсіне отырып оқыдым. Елін, жерін, оның атауына, әрбір әрпіне дейін мақала авторларындай сезіне білу, бүгінгі рухты ұрпақтарға да қажет деп білемін. Ұланғайыр даламызды, қасиетті қазақ жерін ХҮІІІ ғасырдың басында жоңғар шапқыншылығынан қорғауға қатысқан бахадүр бабамыз Райымбекке кезінде бата берген Әлмерек бабамыздың жоңғар қолбасшысы Шонжыны жекпе-жекте жеңуі тарих парағын алдымызға жайып салып отыр емес пе? «Шонжы өлген» деген жердің Шамалған, Боралдай, Қаскелең өлген дегендей жайттарды елестетіп өткендей сезіндім. Аталмыш мақала авторларына алғыстан басқа айтарым жоқ. Қасиетті де батыр бабаларымыздың рухы қолдай берсін демекпін.
Оңайбай КӘДІРБЕК
ҚАРАСАЙ АУДАНЫ