Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселелер көтеріліп, ұлт-санасын қайта жаңғырту керек деген ой айтылған болатын. Осыған орай оқу жылының басында мектебімізде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде «Рухани жаңғыру – ұлттық сананы түлету» атты жобалар жоспарланып, әр сыныптар арасында өткізілуде. Жобаның басты мақсаты – дәстүр мен әдет-ғұрыптың өткен қоғамнан қалған озық түрлерін, тұрмыстық формаларын, ырым-жоралғыларын, рәсімдер жиынтығын жас ұрпаққа дәріптеп, бойына сіңіру.
Сондай-ақ бұл жобада көпшілік қауымға ортақ мәдениетті түрде қолданыс табатын әдет-ғұрыптың жинақталған түрлері мен рәсімдері де қамтылады. «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым», «Құрт – қазақтың ұлттық тағамы», «Сексеуіл және оның пайдасы», «Абай ілімі менімен бірге» тақырыптарында түрлі іс-шаралар өткізді. Жоба аясында сыныптар арасында жеке зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оқушылар жан-жақты іздене жүріп бойына рухани құндылықтарды сіңіруде. Сананы жаңғыртуда қоғамда және белгілі бір ұжымдық ортада қалыптасқан дәстүр өзінің өмір сүру заңдылығын жоймай, қоғамда жалғасын табады да, тұрақты орын алады. Сондықтан бұл іс шара жоспарлы түрде үнемі жүргізілуде. Қазақтың салт-дәстүрімен рухани байлығын, тарихтан сыр шертетін шежірелері мен ата-бабаларымыздың мұра етіп қалдырған осынау құндылықтарын оқушылар бойына сіңіріп, жас ұрпаққа тағылымы мол тәрбие беруде ұжымның атқарып отырған ісі осындай.
Гүлжазира САТЫМБЕКОВА
ШАРЫН