Отбасы – адамгершілік пен тәрбиенің бастауы, қоғамның берік тірегі. Ұрпақ тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі мен балаға қамқорлық жасау қоғамның рухани дамуы үшін ерекше маңызға ие. Отбасы институтын нығайту және балалардың құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында да айқын көрініс тапқан. Жаңа Конституцияның 30-бабында неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болатыны белгіленген. Сонымен қатар балаға қамқорлық жасау және оны тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті ретінде бекітілген. Бұл қағидаттар отбасының қоғам өміріндегі орнын айқындап, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсетеді. Отбасындағы сыйластық, өзара түсіністік пен мейірімділік баланың тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Ата-ананың өнегесі, берген тәрбиесі мен күнделікті іс-әрекеті жас ұрпақтың бойында адамгершілік, адалдық, жауапкершілік және үлкенге құрмет көрсету қасиеттерін қалыптастырады. Сондықтан отбасындағы тәрбие – болашақ қоғамның қалыптасуына тікелей әсер ететін маңызды құндылық. Отбасын қолдау мен балалардың құқықтарын қорғау – қоғамның ортақ міндеті. Әр баланың қауіпсіз ортада өсіп, сапалы білім алуына және өз қабілетін дамытуына жағдай жасау маңызды. Сонымен қатар отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстардың маңызы зор. Ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және отбасылық тәрбиені нығайту да назардан тыс қалмауы тиіс. Отбасында қалыптасқан ізгі қасиеттер мен ұлттық тәрбие баланың өмірлік ұстанымына негіз болады. Ал өзара құрмет пен түсіністікке құрылған отбасылық орта қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты нығайтады. Конституцияда отбасы, ана, әке және баланы қорғауға ерекше мән берілуі – осы құндылықтардың мемлекет үшін маңызын айқындайды. Әрбір азамат отбасының берекесін сақтауға, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға және өскелең ұрпақтың құқығын құрметтеуге үлес қосуы қажет.
Берік отбасы – тұрақты қоғамның негізі. Отбасылық құндылықтарды сақтау, балаға қамқорлық көрсету және ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау – баршамызға ортақ міндет.
Ұйғыр аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісі Сембекқызы Перизат

