№4 Шонжы орта мектебінде «Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Қазақстан халқына Үндеуі аясында облыстық мәслихат депутаты Ызғарбек Бектұрсыновпен, аудандық №5 коррекциялық кабинеттің директоры Мамытхан Құдайбергеновпен және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұровпен аудан жастары кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты – «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуы бойынша ауданда қолға алынған шаруалар мен жоспарланып жатқан жұмыстар бойынша жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Кездесудің тізгінін ұстаған аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Болатұлы аудандағы жастардың атынан кездесудің қонақтарына бірнеше сауалын жолдады. Үндеудегі бірінші бастама бойынша қойылған сауалға жауап берген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұров «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» Елбасы ұсынып отырған басты тапсырмалардың бірі екендігін айтып, ондағы «7–20–25» бағдарламасының негізін түсіндіріп өтті. Яғни баспанаға қолжеткізу үшін банк 7 пайызбен несие берсе, алғашқы жарнасы 20 пайызды құрайды. Ал 25 жыл несиені өтеудің уақыты болмақ. Бұл жастар үшін үлкен көмек екендігін ескерткен Мәулен Мұқажанұлы ауданда үй салуға жер телімдерінің берілетіндігін, несиеге тұрғын үйлердің бой көтеретіндігін кездесуге келгендерге хабарлады. «Нұр Отан» партиясының жұмысы бақылау, қадағалау болғандықтан әрбір атқарылатын жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне, Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерінің орындалуына аса көңіл бөлінетіндігін де жеткізді. Үндеудегі «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» туралы қойылған сұраққа облыстық мәслихаттың депутаты Ызғарбек Бектұрсынов жалақысы аз қызметкерлердің табыс салығынан бір пайыз ғана салық алынатын болса ол қызметкер үшін аз да болса әлеуметтік жағдайдың жақсаруына ықпал ететіндігін айтты. Сонымен қатар жұмысқа жарамды жастарға шағын несие алып, кәсіп бастап, өзге де жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға кеңес берді. Бүгінгі таңда кәсіпкерлікке мемлекеттің көптеп көңіл бөліп жатқандығын айтып, бағдарламалар легіне тоқталды. «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы негізінде жолданған сауалға аудандық №5 коррекциялық кабинеттің директоры Мамытхан Құдайбергенов өз ойын жеткізді. Бүгінгі күнге дейін жастарымыз экономикалық, құқықтық мамандықтарға қызығып, оқу оқып, кейіннен сол мамандықтар арқылы жұмыс таба алмау қиындықтарына ұшырап отырғандығын айтып, енді Елбасымыз болашақта қосымша берілетін 20 мың гранттың 11 мыңын техникалық мамандықтарға беріп отырғандығы тегін емес екендігін түсіндірді. Болашақта техникалық мамандық иелері көбейсе, ауылшаруашылығы саласы бүгінгіден де жоғарғы қарқынға ие болатындығына да сенім білдірді.
Төртінші бастама «Шағын несие беруді көбейту» бойынша бүгінгі күнде жұмыссыздар саны мен өзін-өзі жұмыспен қамтушы жастар саны жыл санап көбейіп келеді. Оған Мемлекет басшысы баса назар аударып, әр жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтып жатқандығы да белгілі. Бұл турасында кездесуге келген қонақтар өздерінің пікірлерін білдіріп, кәсіпкерлік саласы негізінде жұмыс жасап жатқан жастарға алғыстарын білдірді. Ал ең соңғы бастама «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бойынша Мәулен Мұқажанұлы аудан халқына алдағы уақытта газ берілетіндігін айтты. Қолға алынған жұмыстың аяқсыз қалмайтындығына да сенім білдірді. Сонымен қатар еліміздің барлық өңірі газбен қамтамасыз етілсе әлеуетіміз бірнеше сатыға көтеріледі деген тұжырым жасады.
Кездесудің соңында ауданымыздың атпал азаматтары жастарға ағалық ақ тілектерін айтып, оларға артылатын сенімнің зор екендігін жеткізді. Қосымша қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптарын беріп, кездесуге келгендер жақсы көңіл-күймен тарқасты.
Думан
ТОЙҒАЗЫҰЛЫ