Бес жылдан кейін Қазақстанның экономикасы қандай болады? Бұл сауал бүгінде экономистердің ғана емес, қарапайым халықтың да көкейінде. Өйткені экономикалық өзгеріс туралы айтқанда әңгіме құр цифрлар мен болжамдар жайында емес. Оның әсері ең алдымен адамның күнделікті тұрмысынан байқалады: азық-түлік бағасынан, жалақыдан, несие төлемінен, жұмыс орнынан. Сондықтан алдағы бес жылға көз жүгірткенде бір ғана «не болады?» деген сұрақпен шектелмей, бүгінгі экономикалық үрдістердің қай бағытқа бет алып бара жатқанын саралаған жөн.
Қазақстан үшін алдағы кезеңдегі негізгі мәселенің бірі инфляция. 2026 жылғы қыркүйекте елдегі жылдық инфляция 9,3 пайызды құрады. Азық-түлік бағасы 8,5 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 11 пайызға, ақылы қызметтер 8,9 пайызға өскен. Инфляцияның халыққа әсері бірдей емес. Себебі әр отбасының шығыны әртүрлі. Дегенмен оның ортақ салдары бар: адамның табысы бұрынғыдай болғанымен, сол ақшаға алатын тауары мен қызметінің көлемі азаяды.
Осы тұста жалақы мәселесі алға шығады. Табыстың өсуі халықтың тұрмысы автоматты түрде жақсарды дегенді білдірмейді. Егер жалақыдан гөрі баға жылдам өссе, адамның нақты сатып алу қабілеті төмендеуі мүмкін. Сол себепті экономикалық өсімді бағалағанда жалақының қаншаға артқанынан бұрын, оның халықтың нақты тұрмысына қаншалықты әсер еткеніне назар аудару қажет. Яғни алдағы бес жылдағы басты мәселе тек табысты көбейту емес, сол табыстың құнын сақтап қалу болмақ.
Қазақстан экономикасының болашағын мұнайдан бөлек қарастыру қиын. Мұнай бағасы әлемдік нарықтағы өзгерістерге тәуелді болғандықтан, оның құбылуы Қазақстан экономикасына да әсер етеді. Ұлттық Банктің сарапшылар сауалнамасында Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 2026 жылы барреліне 84,6 доллар, 2027 жылы 75 доллар, 2028 жылы 71,8 доллар болады деген болжам жасалған. Сарапшылар Қазақстан экономикасының өсімін де күтеді. Бұл жерде маңызды мәселе экономиканың өсімі ғана емес, оның қандай негізде өсетіні. Егер өсім негізінен шикізат экспортына сүйенсе, Қазақстан сыртқы нарықтағы өзгерістерге тәуелді болып қала береді. Ал өндіріс, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, технология және шағын бизнес дамыса, экономиканың ішкі тірегі күшейеді. Сондықтан алдағы бес жылда Қазақстан алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі экономиканы әртараптандыру.
Мамандар сөзінше, қымбатшылықтың тағы бір маңызды қыры азық-түлік бағасы. Әлемдік азық-түлік нарығындағы өзгерістер Қазақстанға да әсер етуі мүмкін. FAO мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы қыркүйекте әлемдік азық-түлік бағалары индексі бір жыл бұрынғы деңгейден 5,8 пайыз жоғары болған. Алайда ішкі нарықтағы бағаның себебін тек сыртқы жағдайдан іздеу жеткіліксіз. Өнімнің өзіндік құнына өндіріс, жанармай, электр энергиясы, сақтау, тасымалдау, өңдеу және импорт сияқты көптеген фактор ықпал етеді. Ал азық-түлік бағасын тұрақтандырудың ұзақ мерзімді жолы бағаны уақытша ұстап тұрумен ғана шектелмеу. Өзімізде өнім өндіруді көбейтіп, оны өңдеу мен сақтау жүйесін дамыту қажет. Өйткені азық-түлік қауіпсіздігі халықтың дастарқанындағы тұрақтылықтың негізі.
Алдағы бес жылда экономикалық өзгерістің тағы бір маңызды бағыты еңбек нарығынан көрінеді. Жасанды интеллект пен автоматтандырудың дамуы көптеген мамандықтың жұмыс тәсілін өзгертеді. Кейбір қайталанатын міндеттерді технология атқаруы мүмкін. Бірақ бұл адамның еңбегі қажет болмайды деген сөз емес. Керісінше, технологияны пайдалана алатын, ақпаратты талдайтын, шешім қабылдайтын және жаңа жағдайға тез бейімделетін мамандарға сұраныс арта түседі. Осы себепті болашақтағы еңбек нарығында бір рет алған дипломнан гөрі, адамның үнемі білімін жаңартып отыру қабілеті маңыздырақ болуы мүмкін. Бұл әсіресе жастарға қатысты. Бүгін мамандық таңдап отырған адам тек қазіргі нарықты емес, оның өзгеру мүмкіндігін де ескеруі керек.
Бес жылдан кейінгі экономиканың нақты бейнесін ешкім айтып бере алмайды. Халықаралық валюта қоры әлемдік экономиканың өсімі жалғасуы мүмкін деп бағалағанымен, инфляция мен геосаяси тәуекелдердің сақталатынын атап өтеді. Демек, болашақты тек жақсы немесе жаман деп бөлудің қажеті жоқ. Алдымызда әрі мүмкіндік, әрі тәуекел бар. Қазақстан үшін бұл кезеңнің нәтижесі үш нәрсеге байланысты болады: экономиканы қаншалықты әртараптандыратынымызға, өндіріс пен адам капиталына қаншалықты инвестиция салатынымызға және жаңа технологияға қаншалықты бейімделетінімізге. Ал қарапайым адам үшін ең маңыздысы осы өзгерістерді сырттай бақылап қана қоймай, оған дайын болу.
Бес жылдан кейін азық-түлік бағасы қандай болатынын білмеуіміз мүмкін. Мұнай бағасын да, әлемдік нарықтың бағытын да алдын ала дәл айта алмаймыз. Бірақ бүгін қандай білім алатынымызды, қандай маман болатынымызды және өз қаржымызды қалай басқаратынымызды өзіміз шешеміз. Сондықтан бес жылдан кейін бізді не күтетінінен бұрын, сол бес жылда өзіміздің не істейтініміз маңызды. Болашақтың экономикалық жағдайын толық болжау мүмкін емес, бірақ дайын қоғам құруға болады. Ал оған дайындық дәл бүгіннен басталады.
С. БАЗАРҚҰЛОВА
