Басты бет Заң және қоғам ҚАРМАҚҚА ТҮСКЕН ҚАРЖЫ

ҚАРМАҚҚА ТҮСКЕН ҚАРЖЫ

0
36

Бір телефон қоңырауы, әлеуметтік желідегі жарнама немесе мессенджерге келген күмәнді сілтеме… Кейде адамның жылдар бойы жиған-тергенінен айырылуына осылардың өзі жеткілікті.

Бүгінде алаяққа есік ашудың қажеті жоқ. Ол банк қызметкері болып қоңырау шалады, тиімді инвестиция ұсынады немесе танысыңның атынан хабарлама жібереді. Ең қауіптісі – мұның бәрін сенімді етіп көрсете біледі. Интернеттің мүмкіндігі артқан сайын, оны теріс мақсатта пайдаланатындардың да айласы күрделеніп барады. Бірі банк шотыңызға қауіп төнгенін айтып асықтырады, енді бірі аз уақыт ішінде мол пайда табуға уәде береді.

Адамның қорқынышы мен үмітін қатар пайдаланатын мұндай тәсілдер талай жанды сан соқтырып отыр.

Бұл мәселенің маңыздылығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өткен. Президент 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет», – деген болатын. Бұл тапсырманың мәні тереңде: азамат алаяқтыққа ұшырамай тұрып, оның айласын танып, өз қаржысын қорғауды үйренуі керек.

Алаяқтың басты қаруы – адамның сенімі. Қаржы пирамидалары осы сенімді ерекше шеберлікпен пайдаланады. Олар өзін инвестициялық компания, табысты бизнес немесе заманауи цифрлық жоба ретінде таныстыруы мүмкін. Алғашқы қатысушыларға ақша төлеп, өзгелерді де қаражат салуға шақырады. Алайда мұндай жүйеде табыс нақты кәсіптен емес, кейін келген адамдардың ақшасынан құралады. Жаңа салымшылар азайған сәтте пирамида құлап, соңғы қатысушылардың ақшасы қайтпай қалуы ықтимал.

«Танысым ақша салып, пайда көрді» деген сөз жобаның заңды екенін дәлелдемейді. Керісінше, адам тартқаны үшін сыйақы беру, қысқа мерзімде жоғары табысқа кепілдік ұсыну, шешім қабылдауға асықтыру және қаражаттың қайдан көбейетінін түсіндірмеу – күмәндануға негіз. Интернет алаяқтарынан қорғану үшін де сақтық қажет. Банк картасының деректерін, құпиясөзді және SMS арқылы келген растау кодын ешкімге беруге болмайды. Банк немесе мемлекеттік орган атынан хабарласқан адамның сөзіне бірден сенбей, ұйымның ресми нөмірі арқылы тексерген жөн. Күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды орнатпау және бөгде адамның өтінішімен ақша аудармау да маңызды. Ал алданып қалған жағдайда уақыт жоғалтпай, банкке хабарласып, күмәнді операцияны тоқтатуға әрекет жасау керек. Хабарламаларды, түбіртектерді, телефон нөмірлерін сақтап, құқық қорғау органдарына жүгінген дұрыс. «Жоғалған ақшаңызды қайтарып береміз» деп алдын ала төлем талап ететіндерден де сақ болған жөн. Олар алаяқтықтың екінші толқынын ұйымдастыруы мүмкін.

Дегенмен мәселені тек азаматтардың сақтығымен шектеуге болмайды. Қаржылық сауаттылықты арттыру, алаяқтық тәсілдері туралы халықты дер кезінде хабардар ету, күмәнді жобаларды анықтау және құқық бұзушылардың жауапкершілігін қамтамасыз ету ортақ міндет. Әсіресе интернетті белсенді пайдаланатын жастарға да, жинаған қаражатын сақтағысы келетін аға буынға да түсіндіру жұмыстары қажет. Ақша табудың оңай жолын ұсынатындар көбейген заманда, әр ұсынысты тексеру сенімсіздік емес, сауаттылықтың белгісі. Өйткені адал табыс еңбек пен уақытты қажет етеді. Ал еш тәуекелсіз мол пайда уәде еткен адам сіздің әл-ауқатыңызды емес, өз мүддесін көздеуі мүмкін.

Қаржылық қауіпсіздік бір ғана заңмен немесе тыйыммен қамтамасыз етілмейді. Ол білімнен, сақтықтан және жауапты шешім қабылдаудан басталады. Бір сәттік сеніммен жоғалған қаржыны қайтару қиын. Сондықтан ақша аудармас бұрын ойланып, тексеріп, күмәндануға негіз болса, бас тартқан жөн. Өйткені алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы  оның құрбаны болмауға алдын ала дайындалу.

Сарби Әйтен

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЗАҢҒА БАҒЫНУ – БОЛАШАҚТЫ ЖАНДАНДЫРУ

Күні кеше ғана Мемлекет басшысы  Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын  жариялады. Бұл Жолда…