Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады. Бұл Жолдаудың мәні де, мазмұны да айрықша.
Азаматтарымыз жаппай қолдаған Конституция 1 шілдеде заңды күшіне еніп, еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі жаңғыруына, жаңа билік институттарының құрылуына үлкен серпіліс берді. Жұртымыз жарқын болашаққа бастайтын ауқымды жұмысты атқаруға белсенді түрде кірісті. Жалпы кез келген дүние бірлік пен татулықтың арқасында жүзеге асатыны анық. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анықтығын айтып, Жолдауын бастаған Президентіміз қоғамымызда талап пен тәртіпке басымдық беруі қажеттігін бас айтты.
Қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек деген ойы әр азаматқа ой салуы қажет деп қабылдадым. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет.
Жұмысым заң саласында болғандықтан «Заң мен Тәртіп» қағидатына байланысты айтқаны жаныма жақты. Заңға бағына отырып, адал еңбек ету арқылы көздеген мақсаттарымызға міндетті түрде қол жеткіземіз және келер ұрпаққа лайықты мұра қалдыратынымыз анық. Мемлекет басшының айтқан тапсырмаларын орындап, осы бағытта жұмысымзды адал атқарсақ, Қазақстан әлемдік өркениет көшінің алдыңғы шебінен лайықты орын алатынына бек сенімдімін.
Жалпы, кез келген реформаны іске асыру үшін заңдарды жетілдіру, саяси институттарды нығайту жеткіліксіз. Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс. Адамдардың санасы елім, жерім, Отаным деп елжірегенде мықты мемлекет орнығары тағы рас. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Өзімізге жүктелген міндеттерді адал атқарып, мемлекетіміздің өркендеуіне таза еңбекпен құлшына кіріссек ең бай, қуатты ел боларымыз ақиқат. Сондықтан мейлінше ширақ болып, отаншыл азамат екенімізді жасампаз істермен көрсету аса маңызды. Ал отаншыл болу – заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, ел игілігі үшін табанды еңбек ету деген сөз. Заңға құрметпен қарайтын адам табысты болады. Өйткені заң болған жерде тәртіп болады. «Тәртіпке бағынған құл болмас» деген қағиданы батыр Бауыржан атамыз жайдан жай айтпағаны тағы шындық.
Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда. Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды. Мемлекетімізге мықты ғалымдар, кәсіби инженерлер, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер әрқашанда керек болады. Өз ісінің нағыз мамандары, жоғары білікті заңгерлер қоғам дамуының қозғаушы күшіне айнала алғанда еліміз кез келген өркениетті елдермен терезесі тең болады.
Шахмурат АКИМОВ,
аудандық соттың әкімшісі, сот приставы
