Басты бет Рухани жаңғыру РУХАНИ КЕРУЕН РУХ БЕРДІ

РУХАНИ КЕРУЕН РУХ БЕРДІ

0
1,229

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын атүсті оқып, атүсті қарау мүмкін емес. Оның әр сөйлеміне мән беріп, жүрегіңмен өткізгенде ғана нағыз мәнін, мағынасын түсіне аласың. Аталмыш мақала көптеген ізгі шараларға түрткі болғаны анық. Соның ішінде адамзаттың асыл қазынасы дінге қатысты ойлары назардан тыс қала алмайды. Дін – аса мұқияттылықты, терең зерттеуді, биік сауаттылықты, әсіресе жан тазалығын қажетсінетін сала десек қателеспеспіз. Алматы облыстық дін істері басқармасының бастамасымен «Рухани керуен» жобасы аймақтарға жол тартты. Біздің ауданға да керуен келіп жеткені туралы хабар тарасымен оның жұмысына қатысқысы келген жұртта қисап болмады. Жұмыстарын таңертеңгілік Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан бастаған керуеншілер «Өткенін ұмытқандардың болашағы бұлыңғыр» деген қағидамен ата-бабалар рухына тағзым етті. 


КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ
Аудандық мәдениет үйі халыққа лық толды. Оның себебі әдеттегідей айтулы күндерге арналған мерекелік шара емес облыстан ат терлетіп келген керуен көшінің басшылары өткізген кездесу болғандықтан да шығар. Алматы облыстық дін істері басқармасының ұйытқы болуымен «Рухани керуен» жобасы біздің аудан жұртымен қауышты. Кездесу тізгінін қолына алған аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл үш бірдей бастама көтеріп, даму жолымызды жан-жақты айқындап бергендігін, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының ұлтымыз үшін маңыздылығын айқындап, ұлтымыздың табысты, сауатты болуы үшін алдымызға қойған міндеттерін орындау мақсатында «Рухани керуен» жобасының шаралары басталғандығын айтты. Облыс орталығынан келген қонақтармен таныстырды. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Алматы өңірі бойынша өкіл имамы Қуаныш Наржанов, сондай-ақ денсаулық, жастар, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар, спорт басқармаларының, дін саласының мамандары, мәдениет қайраткерлері, кино, театр актерлері, жыршы, термеші, дәстүрлі әншілер келіп отырғандығын жеткізді жиылған қауымға. Күні бойы өтетін шараның тәртібімен таныстырып, алғашқы сөзді «Рухани керуенді» бастап келген облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетовке берді.
Бүгінгі кездесуде жастардың көптігіне қуаныш сезімін жеткізген Рахмет Разбекұлы тәуелсіздік түлектерінің отаршылдықты, соғысты көрмей өскен бақытты ұрпақ екендігін айта келе, ендігі ел иелері болар олардың бойында рухани байлықтың мол болуын, бәсекеге қабілеттілігін, елімізді цифрлы Қазақстанға айналдыратындығына зор сенімін жеткізді. Рухани жаңғыру мақаласының бірінші бағыты тұжырымдамалық, екіншісі қолданбалы деп Елбасы алға қойған міндеттермен таныстырды. Керуеннің мақсаты да тек түсіндіру, насихаттау емес, мақалада айтылған дүниелерді әрі қарай сабақтастыру, іліп әкету екендігін қарапайым сөздермен жеткізді. Жамбыл ауданынан бастау алған керуен Жаркент топырағында болып, міне Қарадала төсіне де келгендігін жақсы ырымға балап, рухани жаңғыратын кездің жеткендігін, рухани тазалыққа бет бұрудың басталғандығын айтты.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт те өз ойын еркін, ресми емес бағытта жеткізді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көрші Панфилов ауданында совхоз директоры болған кезіне біраз шегініс жасап, елдің есеңгіреп, ұжымдардың тараған тұстарынан естелік айтты. Өзінің басынан өткерген жағдайларын, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды, тек директор деген атағы болғанымен, бір өзі қойма меңгерушісі, жанармай құюшы, мал дәрігері болған кездері жүрегіне салмақ түсірген нәрселерді тәптіштеп жеткізді. Көп нәрсені сол кездері білімді бола тұра өзінің де түсінбегендігін, кейінірек Парламент депутаты боған кезде саясаттың сиқырлы әлеміне сүңгіп, оның ақ пен қарасына көзін жеткізіп, осындай жарқын күндердің келетіндігіне сенгендігін нақты мысалдармен әңгімеледі. Ширек ғасырда егемендіктің алғышарттары жасалғандығын, ендігі жерде рухани жаңғыруға бет бұрғандығымызды айтты.
Бикен Римова атындағы театрдың белді актрисасы, Алматы облысының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Алмахан Кенжебекова керуен көшіне ілесіп шет жатқан ауданға келгендігіне ризашылық сезімін жеткізіп, егемендіктің алғашқы жылдары шекарамызды мықтап, көрші мемлекеттермен достық қатынасымызды орнықтырып, экономикамызды көтеріп, алып елдермен тереземіз теңескендігін әдемі сөздерімен жеткізді. Енді руханиятқа көңіл бөлетін кездің келгендігін жария еткен Елбасының рухани жаңғыру мақаласының уақыт талабынан туындағандығын айтып, мәдениет саласындағы өсу, өркендеу жолдарынан мағлұмат берді. Қырық жамау жұртты басқару оңай дүние еместігін, ондай жүкті Елбасымыз абыроймен көтеріп келе жатқандығын, ендігі жерде мақаладан туындайтын міндеттерді орындауға әр сала мамандары атсалысып, адамдардың рухани жағынан таза болуын тіледі. Облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары Жұматай Әміреев қалың жұртпен амандасып алған соң Нұрлан Оразалиннің «Қарадала» өлеңін нақышына келтіре жатқа оқып, жұртты бір серпілтіп тастады. Рухани керуеннің ресми жиналыс емес, осындай емен-жарқын кездесу түрінде өтіп жатуын жақсылыққа балады. Қарадала жерінің киелілігін, ыстық суының қасиетін, адамдарының қонақжайлығын мақтанышпен айтып, 5 жасында-ақ батыр болатындығы байқалған Райымбек бабамыздың елесін сезінгендігін аса тебіреніспен айтты. Кімдер көз сүзбеген, кімдер қызғанбаған бұл жерімізді ұрпаққа аманаттаған бабалар мұрасын сақтауға, рухани жаңғыру арқылы атадан қалған жерімізді қорғауға дайын болайық деген патриоттық сөздерін жеткізді. Жерлесіміз Сәдіғожа Мошанұлының «Сарыбидай» әнін рухани жаңғырудың бір белгісі ретінде қабыл алыңыздар деп шырқай жөнелгенде бүкіл зал қол шапалақтарымен қошеметтеді. Жұматай ақындығы, әншілігі бір төбе азамат екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Рухани жаңғыру әр адамның бойынан осылайша айшықталар болса онда болашағымыздың жарқындығына сенім мол екендігіне көзіміз анық жетті.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Алматы өңірі бойынша өкіл имамы Қуаныш Наржанов рухани жаңғыру әр адамзаттың жан дүниесінің тазалығымен, адалдығымен бағаланып, мына өмірдің уақытша екендігін түсіндірді.
Кездесуді қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев өркендеудің жаңа кеңістігіне шығып, бәсекелестік қабілеттілік пен прагматизм, сананың ашықтығын қамтамасыз ету, ұлттық бірегейлікті сақтау мен білімнің салтанат құруы бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беретіндігіне, керуеннің аудандағы шараларының сәтті өтетіндігіне сенім білдірді.
ЖАСТАРЫМЫЗ ЖІГЕРЛІ
«Рухани жаңғыру: ел ертеңінің бастауы» тақырыбында зиялы қауым өкілдерімен әңгімелесу түрінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында өткен бас қосуға жастар, спорт нұсқаушылары қатысты. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұров рухани керуеннің келгендегі мақсаты жайында ақпарат беріп, сөзді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айдын Нұрмағанбетовке берді. Рухани жаңғыру мақаласы жарық көрген күннен бастап облыс деңгейінде жастардың атқарған жұмыстары, бағдарлама аясындағы жұмыстарға ұйытқы болған шаралары жөнінде толығырақ мәлімет берді. «Ұлы мұра» қорының директоры, дінтанушы, заңгер Тимур Нүсіпханов дін тақырыбында айтылар әңгімелердің көптігі және маңыздылығына тоқталып, жастардың басқа ағымдар жетегінде кетпеулері үшін барлық жағдайлардың барлығына сендірді. Жұмыссыз, ерігіп жүрген жастардың белгілі бір шаруамен айналысуларына мүмкіндік тудыру мәселесін де көтерді. Облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев рухани жаңғыруды әр адам өз басынан бастау керектігін, сызып берген қалыптан шықпау деген сөз еместігін, жан дүниең елім, жерім, Отаным деп елжірегенде ғана рухани тазалыққа, байлыққа кенелетіндігіміз жайлы ойын сабақтай келе Мағжан Жұмабаевтың, Мұқағали Мақатаевтың жастарға арнаған өлеңдерін жатқа оқып, жастардың жігеріне дем берді. Кездесудің мәнісіне жеткен жастар да арқаланып, жалындап шықты. Ертеңгі күндеріне деген жарқындық, айқындық басым болды.
ИМАМДАР ТҮСТІ ЖАРЫСҚА
Рухани керуен жобасы аясында аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде аудандағы имамдар мен жамағат және жастар командалары өзара волейболдан сайысқа түсті. «Дін бірлігі-ел тұтастығының кепілі» атты тақырыпта өткен жарыс та өзгеше болды. Спорттан қол үзбегендері байқалған имамдар да болды. Күнделікті жаттығу жасап жүргендері да байқалды. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Айдар Әшімханов кіріспе сөзбен жарыстың шымылдығын ашып, ойыншыларға жеңіс тіледі. Біраз уақыт доп ұстамай тоқырап қалғандары қара терге түсті. Жарыс қорытындысында имамдар бірінші орынды, спорт әдіскер нұсқаушылары екінші, жамағаттан құралған команда үшінші орынды иеленісті. Жеңімпаз имамдар командасы Кубок және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ ЕШКІМ
«Рухани жаңғыру: жарқын істердің бастамасы» тақырыбында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық әлеуметтік бөлім қызметкерлері, жұмыспен қамту орталығы, деструктивке шалдыққан отбасы мүшелерімен кездесу өтті. Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Әйгерім Жусанбаева «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жөнінде жалпылай түсінік беріп өтті. Аудандық әлеуметтік жұмыспен қамту және бағдарламалар бөлімінің басшысы Вахидин Амирдинов аудандағы деструктивті екі отбасы мүшелеріне қысқа мерзімде кәсіби білім алдырып, бүгінде олардың жұмысқа орналасулары үшін жұмыс жүргізіліп жатқандығынан хабардар етті. Арнайы кәсіби білім алған соң ол отбасының тұрмыс жағдайы түзеліп, отбасыларын асырауға мүмкіндіктері туатындығын түсіндірді. Рухани керуен көшімен келген мамандар жұмыссыздықты жою үшін қандай алғышарттар қажеттігін, қайткен күнде әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға көмек көрсетуге болатындығын айтты. Қоғам назарынан ешкімнің тыс қалмайтындығын жеткізді. Рухани күйзеліске түспеу үшін адамдардың жанашырлары көп болса екен деген тілеумен шықтық кездесуден.
Рухани керуен сазды әуен сыйлаған концертпен мәресіне жетті.

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…