9 мамыр – ұлт рухын ұлықтайтын, ерлік пен елдікке тағзым ететін қасиетті күн. Бұл – тек күнтізбедегі тарихи дата емес, бұл – бейбіт өмірдің бағасын ұғындыратын, азаттықтың құнын сезіндіретін, ұрпақ жадында мәңгі сақталатын ұлы мереке. Жеңіс күні – кешегі от пен оқтың ортасында жүріп, Отан үшін от кешкен батырларға тағзым ететін, солардың ерлігі мен өрлігін ел есіне қайта жаңғыртатын ұрпақтық парыздың айқын көрінісі. Бұл күн – өткенге тағзым, бүгінге шүкір, ертеңге аманат. Бүгінгі айтар әңгімем 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлесіміз Берліғожа Кебекбаев атамыз туралы.
Кебекбаев Берліғожа 1916 жылы Алматы облысы, Кетпен ауылында дүниеге келген. Қарапайым ауыл баласының балалық шағы еңбекпен өрілді. Жастайынан тіршіліктің тауқыметін көріп өскен ол ерте есейді. Еңбекке төселіп, тәртіп пен төзімді бойына сіңіріп өскен жас жігіт ел басына күн туған шақта ел қатарлы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. 1939 жылы күзде аудандық комиссариаттың шақыртуымен әскер қатарына алынып, Фин соғысына қатысады. Бұл – Берліғожа атаның жауынгерлік жолының бастау алған тұсы еді. Қар жамылған қалың орман, үскірік аяз, жан алып, жан беріскен сұрапыл шайқастар – мұның бәрі жас жауынгерді шыңдап, оның қайсар мінезін қалыптастырды. Фин соғысында ол алғаш рет жауынгерлік өмірдің ащы шындығын көрді. Бірақ жасымай, мойымай, әскери міндетін абыроймен атқарды. Фин соғысы аяқталған соң елге оралып, бейбіт тіршілікке араласамын деген сәтте, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Ел басына тағы да ауыр күн туды. Осылайша Берліғожа ата екінші рет майданға аттанып, енді адамзат тарихындағы ең алапат соғыстың бел ортасына енді.
1941 жылдан 1944 жылға дейін ол Украина майданында пулеметші болып соғысты. Майдан шебіндегі ең ауыр міндеттердің бірі – пулеметші міндеті еді. Себебі пулеметші әрдайым жаудың тура нысанасында жүретін. Бірақ Берліғожа ата дәл осы міндетті асқан табандылықпен, ерлікпен атқарды. Ол ротаның сенімді сарбазы, қаруластарының тірегі болды. Қанды қырғынның ішінде жүріп, сан мәрте өлім мен өмірдің арасында қалса да, жауынгерлік рухынан танған жоқ.
Соғыс жылдарындағы құжаттарда оның есімі кейде «Василий» деп көрсетіліп кеткен. Бұл – сол кезеңдегі құжат рәсімдеу мен әскери ортадағы атау ерекшелігінің көрінісі. Майдан даласында қаруластары Берліғожаны айтуға жеңіл болсын деп «Василий» деп атап кеткен. Кейін бұл атау әскери құжаттарға да еніп кеткен. Алайда бұл – тек құжаттағы атау ғана. Ал ел ішінде, туған топырағында, ұрпағының жүрегінде ол әрдайым Берліғожа болып қалды.
Майдан даласында Берліғожа ата бірнеше мәрте ерлік көрсетті. Ол тапсырылған жауынгерлік міндеттерді мүлтіксіз орындап, командирлерінің сеніміне ие болды. Қауіпті ұрыс шептерінде қайсарлық танытып, ротаның алғы шебінде жүрді. Оның батылдығы мен табандылығы талай жауынгерге рух берді.
1943 жылы ауыр шайқастардың бірінде Берліғожа ата оң жамбасынан ауыр жараланады. Бұл – оның екінші рет жарақат алуы еді. Ол госпитальда ұзақ ем қабылдап, өмір мен өлімнің арасында жатып қайта қатарға қосылды. Алайда денсаулығына байланысты 1944 жылдың қыркүйегінде елге оралады.
Соғыс аяқталған соң да Берліғожа ата ел шетінде қызмет етті. 1945–1946 жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық байланыс және тауар алмасу жұмыстарына қатысты. Бұл да ел үшін маңызды міндет еді. Соғыстан кейінгі ауыр кезеңде шекаралық тәртіпті сақтау, елдің тыныс-тіршілігін қалпына келтіру – үлкен жауапкершілік болатын. Берліғожа ата бұл міндетті де адал атқарды.
Майдандағы жанқиярлығы мен ерлігі үшін Кебекбаев Берліғожа І дәрежелі Отан соғысы орденімен, 1945 жылы Германияны жеңгені үшін медалімен және мерейтойлық марапаттармен наградталды. Бұл марапаттар – оның кеудесіне тағылған темір белгі ғана емес, бұл – ел алдындағы ерен ерліктің айғағы.
Соғыстан кейін Кебекбаев Берліғожа бейбіт еңбекке араласып, Қазақстанның орман шаруашылығы саласына қырық жылға жуық ғұмырын арнады. Ол табиғатты түлетуге, ел байлығын арттыруға өлшеусіз еңбек сіңірді. Өз қолымен қалың шырша, қарағай, балқарағай, қайың ормандарын өсірді. Бір саланың күнгей бетіне Сиверс алмасының бауын екті. Бұл – соғыстан кейінгі өмірді қайта түлеткен бейбіт ерліктің көрінісі еді.
Берліғожа ата тек майдангер ғана емес, үлкен әулеттің ақылманы болды. Артында 12 ұл мен қыз тәрбиелеп өсіріп, үлкен әулеттің іргесін қалады. Бүгінде сол ұрпақтар орман шаруашылығында, қорғаныс саласында, халық шаруашылығында, түрлі азаматтық салаларда еңбек етіп жүр. Бұл – атаның тәрбиесі мен тағылымының жалғасы. Солардың бірі – атасының ерлік жолын жалғаған немересі Кебекбаев Ернар Берікұлы.
Ернар Кебекбаев 1990 жылы Бөдеті ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ жауапкершілік пен табандылықты жанына серік еткен жігіт. 2006 жылы 9-сыныпты аяқтап, Есік қаласындағы кәсіптік-техникалық мектепке оқуға түседі. 2009 жылы аталған оқу орнын 3-разрядты газбен электр дәнекерлеуші мамандығы бойынша тамамдап шығады.
Алайда оның өмір жолы бейбіт кәсіппен ғана шектелмеді. Жүрек түкпіріндегі Отан алдындағы борыш сезімі оны әскери жолға бастады. 2009 жылдың желтоқсанында әскер қатарына шақырылып, Астана қаласындағы 6636 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтейді. Әскери орта жас сарбаздың жігерін шыңдап, елге қызмет етудің мәнін терең ұқтырды.
2011 жылдың мамыр айында Ернар Кебекбаев 2534 әскери бөліміне келісімшарт негізінде әскери қызметке қабылданды. Осылайша оның саналы әскери жолы басталды. Қызметке кіріскен жас сарбаз «Ой-Қарағай» шекара бекетіне жіберіліп, атшы лауазымында қызмет атқарды. Бұл – шекара шебіндегі қырағылық пен төзімді талап ететін жауапты міндет еді. 2015 жылы «Сүмбе» шекара заставасына ауыстырылып, 1-атқыштар бөлімшесінің атқышы болып қызмет етті. Бұл кезеңде де ол шекара шебіндегі қызметтің қыр-сырын меңгеріп, әскери тәртіп пен жауынгерлік жауапкершілікті терең игерді. 2018 жылы әскери бөлімнің коменданттық ротасында атқыш лауазымында қызметін жалғастырды. Ал 2020 жылдың қаңтар айынан бастап Алматы облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің күзет тобы құрамында қызмет атқарады. Бұл – жай ғана қызмет емес. Бұл – атаның аманатына адалдық, ұрпақ сабақтастығына беріктік, елге деген перзенттік парыз.
Кебекбаев Берліғожа қолына қару алып Отанын жаудан қорғады. Немересі Ернар бейбіт күнде шекара шебінде ел тыныштығын күзетіп тұр. Бірі – сұрапыл соғыста ел қорғады. Екіншісі – бейбіт заманда шекара күзетіп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Екеуін жалғап тұрған бір ғана ұлы ұғым бар. Ол – Отан.
Атаның ерлігі – ұрпаққа аманат. Немеренің қызметі – сол аманатқа адалдық. Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз – осы. Батырдың қаны, ердің жолы, елдің рухы үзілмеген жерде ұлттың рухы да ешқашан әлсіремейді.
9 мамыр – осындай тағдырларды тоғыстыратын, ерлік пен елдікті ұрпақ жадында қайта тірілтетін қасиетті күн. Кебекбаев Берліғожа мен оның немересі Ернардың өмір жолы – осының айқын дәлелі. Бірі – Жеңісті жақындатқан майдангер. Екіншісі – сол Жеңістің аманатын күзетіп тұрған шекара сарбазы.
Ұлы Жеңіс рухы – ұрпақ жадында. Ерлік – елге мұра. Аманат – ұрпаққа парыз.
Юлтуз АЖИЕВА,
Алматы облысы бойынша шекара қызметі департаменті
Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының қызметкері
