Басты бет Кәсіпкерлік СҰЛУЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

СҰЛУЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

0
27

Дүниежүзінде 150-ден астам мемлекет гендерлік саясатты қолдайды. Алайда әр елде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі әртүрлі. Мысалы, гендерлік теңдік индексінің рейтингінде Қазақстан 62-орында (2023 жылғы мәлімет бойынша). Бүгінде елімізде әйелдер мен ерлердің тең мүмкіндіктерге ие болуына ерекше көңіл бөлінуде. Нәтижесі де жаман емес. Бұрын білім беру мен денсаулық сақтау салаларынан аса алмай келген нәзік жандар бүгінде кез келген жұмыстың үдесінен шығып, қоғамда ерлермен қатар еңбек етуде.

  Іскер әйел Лаура Дульскаяның жеке кәсіппен айналысып келе жатқанына жиырма жылдан асты. Өз ісінің шебері атанған шаштараз 2017 жылы «Лаура» сұлулық салонын ашып, кәсібін одан әрі жандандыра түсті. Ол жылдары аудандағы сұлулық салондарының саны қазіргідей көп емес еді. Қазір бұл салада қызмет ететіндер көбейген. Соған қарамастан, ол мол тәжірибесі мен еңбекқорлығының арқасында ұзақ жылдар бойы тұрақты клиенттерінің көңілінен шығып келеді. Дегенмен бір орында тоқтап қалу бүгінгі кейіпкерімізге тән емес. Жақында ол салонының орнында денсаулық және сұлулық орталығын ашып, жаңа бастамасын қолға алды.

«Сұлулық» ұғымын тек сыртқы келбетімізге қатысты қолдану дұрыс емес. Нағыз сұлулық – деннің саулығында. Әсіресе табиғатынан нәзік жаратылған әйелдер үшін денсаулыққа күтім жасау аса маңызды. Экологияның нашарлауынан ба, әлде қозғалыстың азаюынан ба, әйтеуір қазіргі таңда әйелдер арасында түрлі аурулар көбейіп кетті. Қарапайым мысал ретінде айтсақ, бүгінде көптеген аналардың табиғи жолмен босануына денсаулығы мүмкіндік бермей жатады. Артық салмақ пен психологиялық күйзелістің зардабын тартып жүргендер де аз емес. Мұның барлығы – әйелдердің өздеріне жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеуінің салдары. Осындай жағдайда ауданда әйелдерге пайдасы зор арнайы орталықтың ашылуы үлкен бір олқылықтың орнын толтырғандай болды.

– Әйел – ана. Сау анадан сау бала туады. Сондықтан әйелдердің денсаулығын жақсарту, өмір сүру сапасын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында денсаулық және сұлулық орталығын ашуға шешім қабылдадым, – дейді Лаура Бекбатырқызы.

Расымен де, тек атауы ғана емес, орталықтың іші де жаңарған. Мұнда арнайы велотренажерлер, джампингке арналған құрылғылар, вибромассажерлер орнатылған. Жалпы, фитнеспен айналысуға қажетті барлық жағдай жасалған. Остеопатия мен стретчинг бағдарламаларынан бөлек, йога, вумбилдинг (интимдік гимнастика), зумба, шығыс биі секілді сабақтарға да жазылуға болады. Жан мен тән үйлесімін қамтамасыз ететін орталықта тәжірибелі мамандар қызмет етеді. Солардың бірі – Гүлжахан Әликеева. Ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте, жоғары лауазымдарда еңбек етіп, зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген Гүлжахан Кәкішқызын бұл жерден көру біз үшін де тосын болды.

– Мен йогадан сабақ беремін. Адам жасы ұлғайған сайын буындары сырқырай бастайды ғой. Ауырсынуды уақытша басатын дәрілердің пайдасымен қатар зияны да бар. Сондықтан денсаулығымды жақсарту үшін хирургиялық араласусыз емделу жолдарын іздедім. Йоганың пайдасы туралы естігеннен кейін Алматыдағы йога академиясында білім алдым. Осы жасымда әлемнің 160 елінде мойындалған сертификатқа қол жеткіздім. Алғашында курсқа қатысудағы мақсатым өз денсаулығымды жақсарту болатын. Нәтижесін көре бастағаннан кейін, алған білімім басқаларға да пайдалы болса деген ой келді, – дейді ол.

«Жігітке жетпіс өнер де аз» деген сөз бар. Бүгінгі қоғамда сан түрлі өнерді меңгерген әйелдер де аз емес. Солардың бірқатары «Лаура» денсаулық және сұлулық орталығында еңбек етуде. Үй шаруасы мен жұмыстың ауыртпалығын бір сәтке ысырып қойып, өздеріне уақыт бөлуге келген әйелдерді көріп, ерекше қуанып қалдық. Қаладан кем түспейтін орталық ашып, ауыл әйелдеріне осындай мүмкіндік жасаған Лаура Дульскаяның жаңа бастамасы баянды болғай!

Сабирәм ӘНВӘРОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

«САЛИХ» ВОЗРОЖДАЮЩИЙ ТРАДИЦИИ

В нашем районе есть место, где наследие предков гармонично сочетается с современным подход…