Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық Қазақстан Республикасындағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл – тек бір саланың ғана емес, тұтас қоғамның дамуына кері әсер ететін күрделі құбылыс. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу үшін оны жан-жақты зерттеп, жүйелі әрі кешенді шаралар қабылдау аса маңызды. Мемлекет үшін сыбайлас жемқорлықты жою – басты стратегиялық бағыттардың бірі. Осыған орай еліміздің ұзақ мерзімді даму бағдарламаларында, соның ішінде «Қазақстан–2050» стратегиясында бұл мәселе ерекше назарға алынған. Себебі әділдік пен ашықтыққа негізделген қоғам ғана тұрақты дамуға қол жеткізе алады.Сыбайлас жемқорлықтың деңгейі мен ауқымы экономикалық өсімді тежеп қана қоймай, инвестициялық ахуалға да кері әсерін тигізеді. Ол мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімді әлсіретіп, қоғамда әділетсіздік сезімін қалыптастырады. Сондықтан да бұл құбылысқа қарсы күрес – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында сыбайлас жемқорлыққа нақты анықтама берілген. Яғни, лауазымды тұлғалардың өз қызметтік өкілеттіктерін жеке бас пайдасына пайдаланып, заңсыз артықшылықтар мен игіліктер алуы немесе ұсынуы – сыбайлас жемқорлықтың көрінісі болып табылады.Елімізде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл сайын Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері кеңінен қарастырылады. Сонымен қатар, 2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия қабылданып, оның негізгі мақсаты – мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру және қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әрбір азамат заңды құрметтеп, адалдықты ту етсе ғана біз әділетті әрі дамыған мемлекет құра аламыз.
К.ИБРАИМОВ,
аудандық аумақтық инспекция басшысы
