Басты бет ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНДАҒЫ ЖЕҢІС БЕЙБІТ КҮННІҢ БАҒАСЫ НЕМЕН ӨЛШЕНЕДІ?

БЕЙБІТ КҮННІҢ БАҒАСЫ НЕМЕН ӨЛШЕНЕДІ?

0
17

Екінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан үшін сырттағы бір қақтығыс қана болған жоқ. Ол – елдің тағдырын өзгерткен, әрбір шаңыраққа қайғы әкелген зұлмат кезең болды. 1941-1945 жылдары Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам адам майданға аттанды. Соның 600 мыңнан астамы елге оралмады. Әрбір екінші отбасы қара жамылды десек, артық емес.

Соғыс қазақтың демографиясына да ауыр соққы болды.  1940-жылдардың ортасында халық саны 1,5 миллионға дейін кеміген. Ерлердің  басым бөлігі майданға кеткен соң, тылдағы ауыр тіршілік әйелдер мен балалардың иығына түсті.

Қазақстан сол жылдары майданның негізгі тірек базасына айналды. Республикаға 220-дан астам зауыт пен фабрика көшіріліп, қысқа уақытта іске қосылды. Қарағанды көмірі, Балқаш пен Жезқазған мысы, Шымкент қорғасыны – бәрі де майдан қажетіне жұмсалды. Тарихшылардың дерегінше, соғыс кезінде атылған әрбір он оқтың жетеуі Қазақстанда өндірілген қорғасыннан жасалған. Ауыл шаруашылығы да күйремей, керісінше, тылдағы басты күшке айналды. 1943 жылы ел мемлекетке 6 миллион тоннаға жуық астық тапсырды.

Майдан даласындағы ерлік те ұмытылмайды.  500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың қатарында Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова бар. Дегенмен, жүзден астам қазақ жауынгері бұл атаққа ұсынылса да, ала алмағаны – тарихтағы ашылмаған ақтаңдақтардың бірі.

Соғыс жылдары Қазақстанға түрлі ұлт өкілдері күштеп көшірілді. Еділ бойы немістері, шешендер, ингуштар, кәрістер қазақ жерінен пана тапты. Қиын-қыстау кезеңге қарамастан, жергілікті халық оларды жатсынбай, барымен бөлісті.

Бүгінде бейбіт өмірдің куәсі болып отырған ардагерлердің қатары сиреп барады. Мәселен, Алматы облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан небәрі 7 майдангер ғана қалды. Олардың арасында ғасыр жасаған қариялар да бар. Бұл – уақыттың өтпелі екенін, тарихтың тірі куәгерлері азайып бара жатқанын аңғартатын ащы шындық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ардагерлер – біздің тірі тарихымыз. Олардың ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Жас ұрпақ бейбіт өмірдің қадірін осы буынның тағдыры арқылы түсінуі керек» деген еді. Бұл – құр сөз емес, қоғамға бағытталған нақты үндеу.

Бүгінде ел ішінде «бұл біздің соғыс емес» дейтін пікірлер де айтылып жүр. Алайда дерек басқа нәрсені көрсетеді. Бұл – біздің тарихымыз. Себебі оның зардабын біздің халық тартты, оның ауыртпалығын біздің ата-бабамыз көтерді.

Жеңіс күнін атап өту – өткенді мадақтау емес, құрбан болғандарды еске алу. Бұл – соғысты дәріптеу емес, бейбітшіліктің құнын түсіну. Өйткені соғыстың шындығы – ерлікпен қатар, қасірет. Бүгінгі міндет – тарихи жадты сақтау. Ұмыт қалған есімдерді жаңғырту, архивтерді сөйлету, жас ұрпаққа шынайы тарихты жеткізу – бұл қоғам алдындағы жауапкершілік.

Біз соғысты көрмеген ұрпақпыз. Бірақ сол соғыстың ақиқатын ұмытпауға міндеттіміз. Себебі бейбіт күннің бағасы – өткеннің сабағымен өлшенеді.

С. БАЗАРҚҰЛОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЕШКІМ, ЕШНӘРСЕ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Жылдар өтседе адамзат тарихында болып көрмеген зұлмат соғыстың салдары, оның қайғы қасірет…