Жылдар өтседе адамзат тарихында болып көрмеген зұлмат соғыстың салдары, оның қайғы қасіреті ешқашан ұмытылмайды. 1941-1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысы 20 млн-нан астам адамдардың өмірін жалмады. 1418 күнге созылған соғыс, сол кездегі Кеңес одағының әрбір отбасына қасірет пен қайғы әкелді.
Осындай алапат соғыста біз халықтардың достығы мен ынтымағының, тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегінің арқасында жеңіске жеттік. Бұл соғысқа Қазақстаннан 2 млн-ға жуық адам қатысса, біздің ауданнан 4461 адам барып, олардың 1781-і соғыс майданында ерлікпен қаза тапты. 2680 жауынгер соғыстан аман-есен туған еліне оралды. Сұрапыл соғыста жанқиярлық ерлігі үшін Қазақстаннан 500, Алматы облысынан 52 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың ішінде жерлестеріміз «Халық Қаhарманы» Мөрдін Тайипов, үш дәрежелі «Даңқ» орденінің толық иегері Стариков Игнат Михайлович бар. Көптеген жерлестеріміз Отан алдындағы елеулі еңбектері үшін орден-медальдармен марапатталды. Ауданымызда «Қызыл Жұлдыз» орденімен 48, «Отан соғысы» орденімен 20, «Жауынгерлік Даңқ» орденімен 17, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік қызметі үшін» медальдарымен 73 жауынгер марапатталған. Соғыс кезінде 42 майдангер Е.Нысанбаев, А.Е.Коробейников, П.В.Щербаков, С.Тәнекеев, И.Камалов, З.Батталханов, А.Буренков, И.Садимов, М.Насиров, Ұ.Таубалдин, С.Абрамов, Н.Азнибақиев, М.Илибакиев, З.Палтаев, Қ.Қожахметов, М.Мансуров тағы басқалары командир болып, ал Р.Абусәмәтов, Б.Ғожамбәрдиев, Р.Тохметов, М.Сыдыков, А.Абдухәмитовтар әскери хирург-дәрігер болған.
Ал соғыс кезінде «Свердлов» атындағы колхоздың төрағасы Сайдуллаев Мысыр, Сүмбе ауылының тұрғыны, малшы Сәттібаев Сыдықтар 1943 жылы өз қаражаттарына «Т-34» танкісін сатып алып, Курс доғасы майданына жіберген. Отан соғысынан еліне аман оралған жауынгерлер соғыс зардабынан әбден әлсіреп, күйреген халық шаруашылығын ретке келтіріп, өркендету үшін бар күш-жігерін жұмсап, шаруашылықтарды қалпына келтірген. Ауданымызға қайтып келген жауынгерлердің ішінен Ю.Раджибаев, С.Тәнекеев, Ә.Қасимов, З.Батталханов, С.Баратов, Қ.Қожахметов, Н.Мансуров, А.Хизбакиев, Ұ.Таубалдиндер ауданды басқарса, 27 жауынгер колхоздарды, партия ұйымдары мен ауылдық Кеңестерді, мекемелер мен мектептерді басқарған. 20-дан астам соғыс ардагері мектептерде ұстаз болған. Қазіргі уақытта ауданымызда Ұлы Отан соғысына қатысқан көзі тірі ардагеріміз Бахар ауылының тұрғыны, I дәрежелі «Отан соғысы» орденінің және «Украинаны азат еткені үшін», «Львов қаласын азат еткені үшін» және бірнеше медальдардың иегері 102 жастағы Алым Кебиров ақсақалымыз. Құдайға шүкір, ортамызда жүріп тәуелсіз мемлекетіміздің бақытты шағын көріп отыр.
Ауданымызда 1941-1945 жылдары «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған 1836 тыл ардагерлерінен бүгінгі таңда 142 і арамызда. Соғыста ерлік істерімен даңқымызды шығарған аталарымыз бен әкелеріміздің қанымен, тылда ерен еңбектің үлгісін көрсеткен апаларымыздың терімен келген Ұлы Жеңіс біздің жадымызда мәңгілік сақталуға тиіс. Ұлы Жеңістің маңыздылығын еш уақытта естен шығармауымыз керек. Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын!
Ербол НҰРСЕЙІТОВ,
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі
аудандық филиалының төрағасы
