Қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сыйластықты сақтау, келіспеушіліктердің алдын алу және даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Әсіресе, өскелең ұрпақтың бойында өзара құрмет, сабырлылық және ортақ шешімге келе білу дағдыларын қалыптастырудың маңызы зор. Осы бағытта Шонжы ауылындағы Көпсалалы инновациялық колледжде студенттермен «Жастар мен медиация: жанжалды бейбіт жолмен шешу дағдылары» тақырыбында ақпараттық кездесу өткізілді. Іс-шараға «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ-нің Ұйғыр аудандық бөлімінің мамандары, аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы және Алматы облысы Дін істері басқармасына қарасты Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының Ұйғыр аудандық теолог маманы қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың медиация туралы түсінігін кеңейту, жанжалдардың алдын алу жолдарын түсіндіру және студенттер арасында өзара сыйластық пен келісім мәдениетін қалыптастыру. Медиация – келіспеушіліктерді өзара түсіністік пен келіссөз арқылы шешуге мүмкіндік беретін тиімді тәсіл. Кездесу барысында мамандар студенттерге медиацияның мәні мен маңызын түсіндіріп, күнделікті өмірде кездесетін түрлі келіспеушіліктерді бейбіт жолмен реттеудің жолдарына тоқталды. Сондай-ақ дау туындаған жағдайда эмоцияға берілмей, мәселенің мән-жайын байыппен бағалау, қарсы тараптың пікірін тыңдау және ортақ шешім іздеу қажеттігі атап өтілді. Ақпараттық кездесуде адамдар арасындағы қарым-қатынастағы өзара құрмет пен түсіністіктің рөліне де ерекше назар аударылды. Мамандар жастарды кез келген даулы жағдайда сабыр сақтауға, өз ойын мәдениетті түрде жеткізуге, өзгелердің көзқарасына құрметпен қарауға және келіспеушілікті ушықтырмай, бейбіт жолмен шешуге шақырды. Сонымен қатар жастар арасында татулық пен қоғамдық келісімді нығайту, дінаралық және этносаралық сыйластықты сақтау мәселелері қозғалды. Мұндай түсіндіру жұмыстары жас буынның қоғамдық ортадағы жауапкершілігін арттырып, түрлі көзқарастарға құрметпен қарауына ықпал етеді. Бүгінде жастардың жанжалдарды өршітпей, өзара диалог арқылы шешуге үйренуі ерекше маңызды. Себебі түсіністікке негізделген қарым-қатынас білім беру ұйымдарында да, қоғамдық ортада да қолайлы ахуал қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал өзара сыйластық пен келісімге ұмтылу – қоғамдағы тұрақтылықтың берік негізі. Кездесу қорытындысында медиация мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді. Осындай ақпараттық-түсіндіру шаралары жастардың құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттыруға, келіспеушіліктердің алдын алуға және қоғамда бейбіт қарым-қатынас қағидаттарын орнықтыруға бағытталған.
Келісім бар жерде – береке, түсіністік бар жерде – татулық. Сондықтан жанжалды ушықтыру емес, оны өзара диалог пен құрмет арқылы шешуге ұмтылу – саналы қоғам қалыптастырудың маңызды шарты.
