Басты бет Спорт ЖҮЙРІКТЕР ШЫҚТЫ ЖАРЫСҚА

ЖҮЙРІКТЕР ШЫҚТЫ ЖАРЫСҚА

0
21

Күні кеше ғана аудан әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлері жылдағы дәстүр бойынша жүгіруден жарысқа жиналды. Алаң сайысқа лайықталып безендіріліп, үлкен бір дүбірден хабар бергендей. Жиналған қауым, спорт ардагерлері алаңды бір сәтке думанға айналдырып жіберді. Әрине кез келген спорттық дода ең алдымен жеңіске жетелесе, оның арғы жағында салауатты өмір салтын насихаттау деген үлкен мақсат тұратыны заңдылық. Сонан соң адамдардың бір-бірімен аралас-құраласы, достығы, сыйластығы деген игі ниеттің де болатыны ақиқат. Алаңға жиналған әрбір жан – тек жарысқа қатысушы ғана емес, сонымен қатар денсаулық пен табандылықтың жарқын үлгісін көрсетушілер деп қабылдадық.

 Мемлекеттік Гимн орындалған соң жарысқа арнайы шақырылған қонақтар таныстырылды. Олардың дүбірлі додадағы  жетістіктері айтылды. Яғни тағы бір қуанышты сәтке куә болдық. Осындай игі шара аясында ел намысын халықаралық деңгейде қорғап келген жерлестерімізге өз тарапымыздан рақмет айту рәсімін жасадық. Ағымдағы жылдың 7-12 сәуір аралығында Таиланд мемлекетінің Бангкок қаласында  пара пауэрлифтингтен Азия және Океания чемпионаты өткендігін білеміз. Аталған чемпионатта ауданымыздың тумасы Рахметжан Хамаев жүлделі 3-орынға және үш жаттығудың қосындысы бойынша 203 кг нәтижесімен 2-орынға ие болса, ал Адилжан Баутов 197 кг нәтижесімен 3-орынға табан тірегендігін естідік. Сондай-ақ 22-23 наурыз аралығында Көне шаһар  – Түркістан  төрінде ұлттық ойын теңге ілуден IV Азия кубогі өткенінен хабардармыз. Дүбірлі додаға Азияның 8 елінен спортшылар келіп қатысқан-ды. Осы сайыста Кетпен ауылының тумасы Дарын Мырзағали “Қос Құлаш”стилі бойынша 1 ші орынды иеленіп мәртебемізді аспандатты. Аудан намысын ғана емес, ел намысын қорғап келген жеңімпаздарға қандай мадақ болса да жарасымды. Оларға деген құрмет ерекше. Табандылық пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен жандарға айтар алғыс та шексіз. Аудан әкімі Бота Елеусізова осы мықтыларымызға шынайы ризашылығын жеткізіп, оларды сахна төріне шақырды. Пара пауэрлифтингтен Бангкок қаласында өткен Азия және Океания чемпионатының жүлдегерлері Р.Хамаев, А.Баутов және Түркістан қаласында өткен IV Азия кубогында топ жарған Дарын Мырзағали төрден орын алды. Бота Серікқызы ақжарма тілегін ақтарып, өзінің Құрмет грамотасын табыстап, чемпиондардың иығына шапан жапты.

Ал жүгіруден додаға түсетін жандарға жеңіс тіледі. Спорт нұсқаушылары марафоншылардың денелерін қыздыру жаттығуларын жасатып, төрешілерге әділдік, қатысушыларға сәттілік тілеп, жарысты бастап кетті. 145 ке жуық жан бақтарын сынауға ортаға шықты.

Шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктер суырылып алға шықты. Әйелдер арасында Ширин Рустам бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Муқадәс Маденова місе тұтса, үшінші орынға Шахизям Амруллаева табан тіреді. Ерлер арасында жеңіс тұғырына Камилжан Инпахунов шықса, екінші және үшінші орындарды Ернат Серікбаев пен Шерхан Өсер өзара бөлісті.

Жеңімпаздарды марапаттау үшін сахна төріне аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы көтерілді. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортты өмірлеріне серік еткен жандарға алғысын арқалатып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтарын ұсынды.

Құндыз САБЫРБАЙ,

аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҰСТАЗДАР ТҮСТІ ЖАРЫСҚА

Алматы облысының оқу-ағарту және бюджеттік ұйымдары қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамд…