ҚАЗАҚ руханияты кейде сырт көзге байқалмайтын, бірақ ішкі әлемді тұтас селт еткізетін сәттерді бастан өткереді. Өмір өз ағысымен жалғасып жатқандай көрінгенімен, ел жадында, ұлттың жан дүниесінде бір тірек босап, бір үн алыстап кеткендей күй кешіледі. Мұхтар Шаханов өмірден өтті деген қаралы хабар дәл сондай салмақты сездірді.
Бұл – бір адамның ғана ғұмырының аяқталуы емес, сөздің салмағын көтеріп тұрған бір биіктің аласаруы, ардың үнін жеткізген бір дауыстың қоғамнан сыртқы кеңістіктен ішкі кеңістікке ауысуы.
Мұхтар Шаханов – поэзияны жай көркемдік деңгейде қалдырмаған, оны азаматтық мінберге көтерген ақын. Оның жырлары қағазда қалып қоймайды, адаммен бірге өмір сүреді. Оқырман оның өлеңдерін оқымайды – бастан кешіреді. Себебі оның әрбір жолында тек ақынның емес, тұтас қоғамның ішкі толғанысы, адамдықтың күрделі сұрақтары жатыр.
Ақынның «Қорықпаймын түсінігі жоқтардан, жүрегі жоқ адамдардан қорқамын» деген жолдары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл – бір ғана поэтикалық тіркес емес, уақыттың, қоғамның дәл диагнозы. Шаханов үшін ең қауіпті нәрсе – білімсіздік емес, жүректің өшуі еді. Өйткені адамды адам ететін – ақылдан бұрын жүрек. Ақыл жол көрсетеді, ал жүрек сол жолдың мәнін айқындайды. Жүрек әлсіреген жерде әділет те әлсірейді. Осыны ерте аңғарған ақын өз поэзиясын жұбатудың емес, оятудың құралына айналдырды.
Оның «Үлкен болып қалу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» деген сөзі – бүгінгі қоғам үшін де маңызды тұжырым. Бұл – жай әдемі айтылған ой емес, өмірдің ішкі заңы. Мұхтар Шаханов арманды қиял ретінде емес, жауапкершілік ретінде түсінді. Үлкен арман – үлкен міндет. Ақын осы міндеттен қашқан жоқ. Керісінше, сол жауапкершіліктің ауыр жүгін көтеріп өтті.
Мұхтар Шахановтың шығармашылығы тек поэзиямен шектелмейді. Ол қазақ өнерінің басқа да салаларына елеулі үлес қосқан тұлға. Соның ішінде оның Шәмші Қалдаяқовпен шығармашылық байланысы ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл – екі дарынның ғана емес, екі рухтың үндестігі. Олардың бірлесіп жазған әндері халықтың жүрегінде сақталып қалды. Бұл әндер уақытпен бірге ескірмейді, керісінше уақыт өткен сайын тереңдей түседі. Себебі ол туындыларда өмірдің шынайы тынысы, адамның ішкі сезімі бар.
Шәмші мен Мұхтардың достығы – бүгінгі қоғам үшін үлгі боларлық құндылықтардың бірі. Бұл достықта есеп яки пайда жоқ, тек сенім мен шынайылық бар. Бір шаңырақ астында ұзақ жыл бірге өмір сүру – жай ғана тұрмыстық жағдай емес, бұл – рухани жақындықтың көрінісі, бір дәуірдің тазалығы мен адамдық биіктігінің белгісі.
МҰХТАР ШАХАНОВТЫҢ тұлғасы ұлттық шеңбермен шектеліп қалған жоқ. Ол түркі дүниесінің ортақ рухани кеңістігінде өз орнын тапқан қайраткер. Оның Шыңғыс Айтматовпен шығармашылық үндестігі – әдебиет тарихындағы ерекше құбылыс. «Құз басындағы аңшының зары» еңбегі – екі қаламгердің ғана емес, екі халықтың, тіпті адамзаттың ішкі күйзелісін, рухани ізденісін бейнелеген туынды. Шығармада қойылған сұрақтар әлі де өзекті, ал оның жауабы әр адамның өз ішінде.
Ақынның болмысын түсіну үшін оның алған тәрбиесіне де назар аудару қажет. Нағашысы Ысқақ атаның қарапайым өмірлік ұстанымдары – оның дүниетанымының негізіне айналды. «Күн сайын ең кем дегенде бір адамға жақсылық жаса» деген қағида Мұхтар Шахановтың өмірлік бағытын айқындады. Ол бұл сөзді жай айтып қойған жоқ, өмір бойы соны ұстанды. Сондықтан оның шығармашылығында адамгершілік, адалдық, ар мәселесі негізгі орын алады.
Мұхтар Шаханов ешқашан қоғамнан шет қалған жоқ. Қай кезде де халықтың сөзін сөйледі. Оның поэзиясы тек көркемдік құбылыс емес, азаматтық әрекет болды. Ол үнсіз қалуды таңдамады. Себебі үнсіздік – кейде шындықтан бас тарту. «Өз пікірі жоқ еркектен қорқу керек қашанда» деген сөзі – оның өмірлік ұстанымының көрінісі. Ол үшін сөз – сән емес, жауапкершілік. Әрбір айтылған ой – ар алдындағы есеп.
Ақынның шығармашылығында махаббат тақырыбы да ерекше орын алады. Бірақ бұл жеңіл сезім емес, терең философиялық ұғым. «Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір, ал қалғаны жай күндер» деген тұжырым – өмірдің мәнін сезім арқылы өлшеген адамның көзқарасы. Мұхтар Шаханов махаббатты адамды тірі ететін күш ретінде қарастырды.
Бүгін біз оның өмірден өткеніне қайғырып отырмыз. Бірақ бұл қайғы – тек жоғалтудың емес, түсінудің қайғысы. Біз оның тұлғасының қаншалықты биік болғанын енді тереңірек сезінгендейміз. Шын мәнінде, Мұхтар Шаханов кеткен жоқ. Ол уақыттың шеңберінен шығып, мәңгілік кеңістікке өтті. Енді ол кітап бетінде ғана емес, халықтың жүрегінде өмір сүреді. Оның сөзі сырттан айтылмайды – іштен естіледі.
МҰХТАР ШАХАНОВ – сөз жазған ақын емес. Ол – сөзге жан бітірген тұлға. Сондықтан оның үні өшпейді. Ол – әрбір саналы жүректе жаңғырып тұратын үн.
Нұрыңыз пейіштің төрінде шалқысын, ұлы ақын. Сөзіңіз ұрпақ санасына СӘУЛЕ құйып, адамдықтың ШАМШЫРАҒЫ болып мәңгілікке жалғаса берсін.
С. БАЗАРҚҰЛОВА
***
ЖІГЕРЛЕНДІРУ
Сен жыладың, жігітім,
Көп көрдім деп тұрмыстың тапшылығын,
Қайтпады деп жұртқа еткен жақсылығым.
Сен жыладың,
Сезімің жасып ағып,
Кіп-кішкентай балаңды қасыңа алып.
Қырмызы күнім өтті деп.
Сенгенім сатып кетті деп.
Сен жыладың:
Аңғармай қалдым орды деп,
Қадамым сәтсіз болды деп,
Бір қатты соққы алдым деп,
Бақытсыз болып қалдым деп.
Сен жыладың:
Мен бірақ селт етпедім,
Білем сені тағдырдың ерке еткенін,
Білем сені – өр көңіл, жомарт едің,
Енді бүгін… қалай бұл кер кеткенің?
Жә, жә, жарар,
Өткен күн оралар ма,
Қарау керек, бауырым, саған алға.
Басындағы бөрік пе,
Орамал ма?
Бөрік болса, ауыс тез басқа күйге,
Көз жасыңды көрсетпе жас сәбиге.
Көз жасыңды көрсетпе, сұранамын,
Әй, әй, жігіт, сен маған ұнамадың.
Жас нәресте көруге тиісті емес,
Әкесінің еңкілдеп жылағанын,
Әкесінің тым күйреп құлағанын.
Ерлік пенен ездіктің жолы қатар
Екеуінің арасы бір-ақ адым.
Көз жасыңды көрсетпе, сұранамын.
Көтер, кәне, басыңды, қалай бұның,
Мұз боп еріп кеткен бе бар айбының?
Көтер, кәне, басыңды,
Күніңді босқа өткізіп пе едің,
Тағдырың неге сыр айтты сараң?
Өмірдің барлық сәтсіздіктерін
Бақытсыздық деп кім айтты саған?
Кім айтты саған:
Тұлпарды сүрінбейді деп,
Асауды мінілмейді деп,
Ақкөйлекті кірлемейді деп,
Қара ешкі мүжіген ағаш
Қайтадан гүлдемейді деп?
Кім айтты саған:
Жұрттың бәрі мейірбан, арайлы деп,
Жұрттың бәрі шындықты қалайды деп,
Биікті ардақтайды деп,
Асылды қорлатпайды деп…
Тоқырау білмес айбыны
Адалдық деген — әлемнің ұлы байлығы.
Бетіне жиған ұятты
Әйтсе де, кейде ол кінәмшіл бала сияқты.
Тірлікте осы баланы
Өкпелететіндер бар да,
Жұбататындар бар.
Жек көретіндер бар да,
Ұнататындар бар.
Арын сатып қорлайтындар бар да,
Жанын сап қорғайтындар бар.
Қиналып бекер алаңдадың-ау,
Ойынды шығар өріске.
Өзің-ақ айтшы ғаламда мынау
Жеңудің бәрі жеңіс пе?
Жігітке арман жеткізіп пе еді
Өз сорын өзі жеңбесе.
Өмірдің барлық сәтсіздіктері
Бақытсыздық емес, ендеше!
БАҚЫТТЫ БОЛ
Өр көңілім саған қарай сүйреген,
Әнім едің шырқай салған кештерде.
Тұрып-тұрып қайтушы едім үйге мен,
Терезеден сенің шамың өшкенде.
Тіпті тура қарай ал май көзіңе,
Жолыққанда көңіліңнен шықпадым.
Сені баурап кете алмадым өзіме,
Содан болар, сен де мені ұқпадың.
Содан болар, бұрылып бір қарамай,
Кеттің ұшып, арман құсым аңсаған.
Көгершіннен қайырласқан баладай
Бақыт тілеп қала бердім мен саған.
