Басты бет Мәдениет және руханият ҚАЗАҚТЫҢ ШАХАНОВЫ КЕЛМЕСТІҢ КЕМЕСІНЕ МІНДІ…

ҚАЗАҚТЫҢ ШАХАНОВЫ КЕЛМЕСТІҢ КЕМЕСІНЕ МІНДІ…

0
24

Ұлтқа қызмет еткен жандардың бір шоғыры келместің кемесіне мінді. Уақыты келген соң солай болуы заңдылық та болар. Асанәлі Әшімов қайтқанда қабырғасы қайыспаған қазақ қалмаған шығар. Бүкіл қазақ даласы жоқтау айтып, күңіренгендей болған. Есімізді енді ғана жия бастағанда қазақ театр өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Есмұхан Обаев кетті. Құлазыған шөлде қалғандай күй кештік. Мұхтар Шахановтың қайтыс болғанын естігенде дәл сондай түстік. Ұлтымыздың нағыз мақтаныштары. Оларды не үшін жақсы көрдік, не үшін сүйдік. Сұлу немесе атақты болғандары үшін дерсіздер. Жоқ. Арларын боқ дүниеге сатпағандары, ұлтына қалтқысыз қызмет еткендері, жандарын кірлетпегендері үшін. Пенде болған соң мүмкін кемшіліктері болған шығар. Бірақ елдің алдында, басқа алпауыттардың алдында олар ешқашан аласарған емес. Ұлтына қызмет етуді осындай ағалардан үйренуіміз керек болар. Нағыз дарынды, нағыз талантты бір буын өкілдері көш түзеп, бірінен соң бірі кетіп барады… Бұл көштің соңы болмасы тағы ақиқат…

Дүние өртеніп кетсе де Ақын өлмейді деген түсінік бар. Жай ақын емес, ұлтының тамырын, ру­хын, қанына сіңірген мықтылары өлмейді. Мұхтар Шаханов міне соның бірі әрі бірегейі. Ол ешқандай қалыпқа сыймады, қазақтың кең даласының үнін өлеңімен жеткізді. Студент кезімізде «Махаббатты қорғау» деген шағын қызыл кітабын бәріміз жатқа оқитынбыз. Үйде жүрсек те, түзде жүрсек те ішімізден «Кім айтты саған ақ көйлек кірлемейді… деп» күбірлеп жүретінбіз. Өлеңнің құдіреті деген осы болар. Бір сөзін ұмытып қалсақ дереу кітапқа қарай жүгіретінбіз. Одан кейін әндерін ыңылдап айтып жүретін халге жеттік. «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», «Гүл дәурен», «Мен саған ғашық едім» атты әндерін жұртшылық бірден қабылдады. Ш. Айтмановпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы мен «Сократты еске алу түні» атты драмасы әдебиеке қосылған теңдесі жоқ дүниелер. «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты романдары елуден астам тілге аударылды. Өзге елдерде пікірталас тудырды. Шахановтың мықтылығы демей көріңіз.

Оның өлеңдерінде шындық шырқырап жататын. Мүмкін сондықтан да оның оқырманы көп болған шығар. Ол жалтақтауды білмеді. Ол онгың табиғатына жат дүние. Ешбір жүйе­ні мойындамағандықтан, ешбір шең­бер­ге сыймағандықтан халықтың ақыны атанған болар. Мұхтар Шахановпен бірге бір дәуір көшті. Өкінішті. Оның өлеңдері жадыңда жеңіл жатталып, ойыңа өз-өзінен орала береді. Сөздің құдіреті деген осы болар.

Біздің жанымыз, көңіліміз тұтас бір дәуір көшіп кеткендей құлазып тұр. Қазақтың иен даласы да жабырқап қалған сияқты. Орыстың мықты ақыны Е.Евтушенкомен жақын дос болды. Орыс тіліне жүйрік дей алмаймыз. Бірақ өлең деген құдірет екеуін табыстырып, бірін-бірі мойындатып, поэзия әлемінде есімдерін таспен қашап кетті. Е.Евтушенко мықты ақын деп баға берген біздің Шаханов әрине мықты. Адамзаттың Айтматовы атанған қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовпен достығы туралы естеліктерді оқығанда алыптардың жүректері де бірдей соғады екен-ау деген ойға қаласың. Шыңғыс байекесінің махаббаты жайлы жазған дүниесін оқығанда есімді көпке дейін жия алмай қалғам. Біздің махаббат туралы түсінігіміз өте таяз, тіпті ақымақтық деуге келер еді. Махаббат деген ұлы сезім мыңнан біреуде ғана кездесетіндігіне сонда ғана көзім жеткендей болды. Біз адамдардың бірі-біріне бауыр басып, үйренісіп кетуін махаббатқа балап жүріппіз…

Қазақ руханиятына өзіндік із қалдырып, оның жаңаша түрленуіне де сеп болған – Мұхтар Шаханов. Оның әнге айналған өлеңдері қаншама. Әнін де, сөзін де жазған әндері халық жадынан ешқашан шыққан емес. Классика деген осы болар. Өте қарапайым, ұғынықты, түсінікті. Оның әндері бүгінде қазақтың өз үніне айналды. Шаханов осынысымен де бағалы, сыйлы, құрметті. Ең қымбаты –  Мұхтар ағаның азамат­тық болмысы. Ол кісі қай кезде де қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. «Қа­зақстандық ұлт» деген атауға қарсы тұрып, ұлттың өз атын, өз болмысын сақтап қалуға атсалысуының өзі – ерлікке пара-пар іс. Ұлтсыздандыруға, тексіздендіруге қарсы ол тек өлеңімен ғана емес, бар ғұмырымен күресті. Ол күресі нәтиже де берді. Оның сөзінің шындығын сол кездегі де, қазіргі де билік мойындады. Оның сөзінен сескенді. Бірақ ақын жүрегі сыр берді. Тып-тыныш өлеңін жазып жүре берсе де болар еді. Оған оның ары жібермеді. Жанымен, бар болмысымен ұлтының болашағы үшін шырылдады. Сырқат тапты, бірақ күрескерлігінен еш танбады.

Наурыз тойын тойлауда бастамашыл топта болып, Өзбекәлі Жәнібековпен бірлесе қазақ халқына ұлттық мерекені қайтарған, оны жаңаша жаңғыртқан да осы ақын ағамыз. Саясатқа араласпаса тағы мықты өлеңдерін оқитын едік деген пендәуи пікірлер түйсімізге келе қалатыны бар анда-санда. Бірақ ол саясатқа араласпағанда желтоқсан шындығы ашылмай қалар ма еді, тіліміздің мәртебесі әлде қандай күйге түсер еді, деген жауап та қылаң беріп тұрады.

Ақындығы бір төбе, азаматтығы бір төбе болған Мұхтар Шахановтай асылдан айырылдық. Жатқан жері жаннат болсын. Ол ұлтын қалай жақсы көрсе, ұлты оны да солай жақсы көретіндігіне бек сенімдіміз. Ақындар өлмейді. Ақындық таза болмысымен, жүрегінде түгі бар күрескерлік қасиетімен ол біздің жадымызда мәңгілікке қалады. Рухы пейіште шал­қысын! Ол өлген жоқ!

Баян МАМЫРБАЕВА

***

ҚОШ ЕНДІ, МҰХТАР АҚЫН

Елім деп шыққан атың,

жерім деп шыққан атың.

Елдің һәм жердің жайын,

еңіреп ұққан ақын.

 

Ойға да тура тартып,

қырға да тік соғатын.

Уа, жүзден жүйрік ақын,

Уа, мыңнан тұлпар ақын.

 

Алладан пәрмен келіп,

таусылып құмсағатың,

жұлдыздай көкті тіліп,

кеттің бе, сұңқар ақын?

 

Өмірде ойлы адам ең,

өлмейді жыр шапағың.

Өлеңде пайғамбар ең,

жеттің бе Нұхқа жақын?

 

Қас түлек тұрқың әйгі,

қайырылып бір соғатын.

Өзіңдей ұл тумайды,

жиылып мұнша қатын.

 

Қайғырып қара өлеңге,

кезім бұл мұң шағатын.

Қош енді, Ер Шаханов,

қош енді, Мұхтар ақын!!!

               С.НҰРҒАНАТҰЛЫ

 

***

МҰХТАР КЕТІП БАРАДЫ…      

 

“Келіп жатыр, кетіп жатыр дарындар…”

Мұхтар Шаханов

 

Жаутаңдаймын,

Жанарда жас мөлдіреп,

Бар ма, амалым?

Бұғауға бас көнді кеп…

Жерден ауыр қайғыдан тау қозғалып,

Қақ ортадан бөлінер тас та елжіреп!

 

Дала мұңын тербесе жел жүйіткіп,

Көкірекке мың қатпар шерді ұйыттық.

Аспаным да жылады,

Қас қағымда,

Құлап түсті мызғымас сол биіктік!

 

Сол биіктік құлады, сол тереңдік,

Мұнар тартты ер болмыс, өр кемелдік.

Жортып жүріп жол ашты ғасырларға,

Өлеңді ерттеп мінді де торы төбел ғып.

 

Қасірет бар ертеңгі таң жүзінде,

Жалқы сәтке сыймайтын, жалғыз үнге.

«Қазақ» дейтін тұтас жұрт қалды артында,

Мәңгі өлмейтін мұрасы қалды ізінде!

 

От жүрегін бір асқақ рух тербетіп,

Аласармас айбынын тіпті өрлетіп.

Беу, дүние!

Бұрсаңшы көшті кері,

Мұхтар кетіп барады,

Мұхтар кетіп…

 Мұқағали НҰРСҰЛТАНҰЛЫ

***

АҚЫРҒЫ АМАНАТ

Ауыр қаза бұл өзі, қайдағы жоқ келді еске,

Алпарысып ажалмен айлаң бар ма өлмеске?

Ақиқатын ту еткен ақын кетті келмеске

Амал қанша ағайын, шара бар ма сенбеске?

 

Сенің жаның жаралы,

Менің жаным жаралы,

Уа, жаралы қарт Семей,

Уай, қазақтың Аралы.

Жаутаң-жаутаң қағады,

Жарлы жұрттың жанары,

Басымыздан бақандай дәуір көшіп барады!

 

Топырағы- ай киелі Түркістанның, Созақтың,

Отырарда шайыр көп азулысы азақ тым.

Шахановтай шайырдан,

мезгілсізде айырған,

Аңыранып барады атырабы қазақтың!

Күңіреніп барады топырағы қазақтың!

 

Ұлттың Рухын аңсаған,

Аңсай-аңсай шаршаған,

Көкірегінде кетті оның

қаншама жыр, қаншама ән?

Мұхтар менің інім деп,

Айбергенов гүрілдеп,

Айтыматов күлімдеп,

Күткен шығар Шәмші ағаң!

 

Соны ойладым тағы да, дауа таппай жаныма,

Мұң қосылып мұңыма, зар қосылып зарыма.

Түркістанда түмен баб,

Сайрамдағы сансыз баб,

Отырарда отыз баб,

Арыстандай бабыма,

Қол жаяйын тағы да,

Шахановтай ұл сыйла қазағымның бағына!

 

Күңірендім, аһ ұрдым,

Мен бір жүрген пақырмын,

Демесеңдер елді алдап,

Аруақты ерді қатырдым.

Мемлекеттік тіл деген,

Желтоқсанды үндеген,

Ұлтыңды сүй ұл деген,

Аманатын ақырғы орындаңдар ақынның!!!

Санжар КЕЛЕКЕЕВ

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада «Ұлттық кітап» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

Астанадағы Президенттік орталықта ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен …