Отаны жоқ болса да тілдерін жоғалтпай, қызғыштай қорғап жүрген ұлттар баршылық. Олар өзге мемлекетте туып, өскендіктен сол жердің тілінде сөйлейді, білім алады, қызмет атқарады. Дегенмен өз ұлтының тілінде сөйлеуді жөргектегі сәби кезінен қолға алады. Бұл жақсы нәрсе. Өз тілінде сөйлеп, өз тілінде ұғынысып, бірақ тұрып жатқан мемлекетінің тілін де құрметтеп, сол тілде таза сөйлеуге тырысып жүргендерін көргенде риза боласың.
Тілі жоқ халықты айуанға теңеп жатады. Тілі кедей елді – мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды. Шындығы сол, егер тілің жоғалса өзің де жоқсың деген сөз. Сондықтан тәуелсіз мемлекеттің басты ұстанымдарының тілі екендігін ешқашан естен шығармағанымыз жөн. Тіл – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми-әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам-құрылыстары мен салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелді мөлшері. Тілдің көмегімен өнер-білімге, мәдениет-ғылымға жетіп, өткен-кеткенмен әлемді танып, өзімізді әлемге танытамыз, сөйлейміз, оқимыз, жазамыз, өз басымызды, үй-ішімізді, қоғам-халықты, ел-жұртты, мемлекетті меңгереміз. Сондықтан «Өнер алды қызыл тіл» дегендейін, адам баласының байлығында тілден артық не бар. Оның ішінде қазақ тілінің байлығы туралы әңгіме бөлек. Қазақтың бір сөзінен бірнеше мағына табуға болады. Қазақтың тіліндей шұрайлы, сұлу сөз басқа ұлтта жоқ сияқты болып көрінеді. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады», «Сөз жүйесін табады, мал иесін табады», «Қиыстырып қаласаң отын жанар, қисындырып айтсаң халық нанар», «Зекетсіздің малы арам, тілсіздің дауы арам», дегендейін – қазақ тілі өзінің таза түрінде, бірнеше ғасыр, біздің заманымызға дейін, өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіне тиімді, көңіл көтеріп, керегінде жанға тиіп, ашындырып, өтін сыртқа шығарып, долдандырып, қысыл-таяң – қатал жағдайда қайрап, егеп «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендейін ерге, елге медет болып, ер намысын, ел намысын, адамгершілік арын, қан майданда, қырғын соғыста қасиетті тудай жоғары көтеріп, текті сезім оятып – туғызып, адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл болған емес пе еді, – депті атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Бұдан артық не айтуға болады.Әдебиетші болмаса да қазақ тілінің байлығын қалай жеткізген деп тамсанасыз.
Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыраған ел «азғын» ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кеткенін, тарихтан кездестіруге болады. Барлық өткен заманның, халық тәжірибе-қасиеттерін, ғылыми-мәдениетін, өнеркәсібін бойымызға тарата сіңіріп, бізді бұл дәрежеге жеткізіп отырған алдымен тіл екендігін бәріміз білеміз. Ауыздан ауызға жеткізген небір шешендеріміз тарихта мәңгілікке қалды. Айтыс өнері бізден басқа қай ұлтта бар. Тек қазақта ғана. Сөздің мәйегін тамызатын, сөз қадірін ұғатын да біздің халық деп кеуде керіп мақтана аламыз. Бір ауыз сөзге тоқтаған да біздің халық. Аталы сөз айтылған жерде, күрмеуі шешілмей тұрған мәселе де тарқап, тиісті нәтиже беретінін білеміз. Көптеген мысалдар келтіруге болады. Ал дәл қазір сол бабалардан жеткен асыл, маржан сөздерімізді бүлдірмей таза, саф қалпында сақтау, әрі қарай ұрпаққа жеткізу біздің буынның міндеті деп түсінуіміз керек.
Мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарын жүргізу мемлекеттік тілге жүргізіледі деп жатамыз. Ал шындығында соның бәрі тұнық, таза дей алмаймыз. Тиісті мамандардың «сауатсыздықтарының» арқасында кейде құжаттағы сөйлемдер орыс тілінен тікелей аударылғанын аңғарамыз. Әйтеуір жоғары жақ шұғыл түрде сұратып жатыр, деп кейде көзбояушылыққа бой алдыратынымыз да жасырын емес. «Айғайлай-айғайлай қасқырдан ұят болды» демекші, өз тілімізге өзіміздің жанымыз ашымаса, оны сырттан келіп бізге түзеп бермесі тағы анық.
Қазақ тілінің Отаны – жалғыз, Қазақстан ғана. Соны бір сәт те жадымыздан шығармауымыз керек. Мемлекеттік тілді балабақшадағы сәбиден бастап үйретуді қолға алып, оқыту, үйретуді нағыз мамандарға берген абзал. Сирек десек те кездесіп отырған оқиғалар осындай ойға итермелейді. Әйтеуір жалақы төлейтін жұмысқа тұру үшін сатып ала салған дипломымен қазақ тілінің көсегесін көгертеді дегенге сене қою қиын. Мұндай жағдайлар балабақшада да, мектепте кездесіп тұратыны өтірік емес. Адам баласынікі секілді мемлекеттің де барша тірлігі – ой арқылы пайда болады, ой арқылы сөйленеді, ой арқылы істелінеді, ой арқылы жүзеге асады. Ал ой дегеніміз, Абайша айтсақ, – «қаріпсіз-дауыссыз» сөз. Сөз дегеніміз – тіл, тіл дегеніміз – рух. Егер біз ел рухының мықтылығын – бақыт, ел бірлігін – мақсат, «Мәңгілік ел» идеясын мұрат тұтсақ, онда мемлекеттік тілдің тағдыры қашанда бірінші орында тұруға тиіс. Мемлекеттік тілді білу – еліміздің әр азаматының да, елге жұмыс іздеп тұрақты мекендеуге келген әр шетелдіктің де міндеті мен парызы болмағы абзал.
«Ырыс алды – ынтымақ» дейді халқымыз, ынтымаққа ұйытқы ретіндегі мемлекеттік тіл құндылығы негізінде топтаса ойлаған-сөйлеген халық қана бірлікте болады. Сондықтан тіліміз арқылы біз ұлт бойып ұйыса аламыз, ал ұлт болған соң егемендігімізді, азат елдігімізді қорғай аламыз. Тіліміздің мәртебесін көтергенде, елдігіміздің айбары айшықтала түседі.
Бейбітгүл ЖҰМАДІЛОВА
