Басты бет Адал азамат ДАСТАРҚАННЫҢ БЕРЕКЕСІ – АСПАЗДА

ДАСТАРҚАННЫҢ БЕРЕКЕСІ – АСПАЗДА

0
15

Бұл серия – Райымбек шекара басқармасында еңбек етіп, өз ісіне адалдығымен, адамгершілік қасиетімен және өнегелі өмір жолымен ерекшеленген жандарды оқырманға таныстыруға арналғандығын алдыңғы сандарда айтқан болатынбыз.

Адам өмірінде әр мамандықтың өзіндік орны бар. Әсіресе шекара қызметінде жүрген әскери қызметшілердің күнделікті тұрмысын қамтамасыз етіп, олардың күш-қуатын сақтауға үлес қосатын мамандардың еңбегі ерекше құрметке лайықтылары болады. Ас – адамның арқауы деген сөз бекерден бекер айтылмаса керек. Әскерилердің ас-суын уақытында дәмді етіп беруге де шеберлік қажет-ақ. Сондай қызметте жүрген жанның бірі – Гүлмира Абдукаримова. Ол Райымбек шекара басқармасында 2010 жылдан бері аспаз болып еңбек етіп келеді. Шонжы ауылында дүниеге келген ол аспаздық деген мамандықты жан-тәнімен жақсы көргендіктен елдің батасына бөленіп жүр деп түйдік.

–  Гүлмира Тұрғанқызы, әр кәсіптің өзіне тән қиындығы мен қызығы болады, сіздің жұмысыңыздың басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– Аспаздың жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біз күн сайын жүзден астам әскери қызметшінің тамағын дайындауымыз керек. Оның тұзы, басқа да қоспалары сапалы, талапқа сай болуы үшін ептілік керек. Кез келген асты дайындау үшін ең алдымен жүрек қалауы болғаны шарт. Әсіресе шекара күзетінде жүрген әскерилердің дәмді, құнарлы тағамды өз мезгілінде жегендері маңызды. Әр адамның денсаулығы мен күш-қуаты дұрыс тамақтануға да байланысты.

– Егер құпия болмаса әскери қызметшілер қандай тағамдарды ерекше ұнатады? Әлде сіздер белгілі тәртіп пен ережеге бағынасыздар ма?

– Жігіттер болғандықтан олар көбіне ет тағамдарын, бауырсақты, сорпаны, палауды, қазы-қартаны жақсы көреді. Кейде макарон мен картоптан дайындалған тағамдарды да сұрайтындар бар. Ас мәзірін жасағанда тағамның құнарлылығына, әртүрлілігіне және сапасына көңіл бөлеміз.

– Олардың қалауларын жүзеге асыруға мүмкіндік, жағдай бар ма?

– Енді күнде ет, бауырсақ десем өтірік болып қалар, мерекелерде, айтулы күндерде  міндетті түрде дастарқан мәзірін жақсы етіп әзірлеуге тырысамыз.

Аспаздық қызметте ең маңыздысы не деп ойлайсыз?

– Ең бастысы – тазалық, ұқыптылық және жауапкершілік. Ас әзірлеу тек қазанға салып, пісірумен шектелмейді. Әр өнімнің сапасы басты назарда болуы керек. Сонан соң санитарлық талаптарды сақтау міндетті. Пайдалану мерзімі өтіп кеткен азық-түлікті мүлдем қолдануға болмайды. Жұмысыңды шын көңілмен атқарсаң, оның нәтижесі де көңіл толарлықтай болады.

– Жұмысыңыздағы басты ұстанымыңыз немесе сізге күш беретін не нәрсе?

     – Өз еңбегімнің біреуге пайдасы тиіп жатқанын сезіну маған қуаныш сыйлайды. Әскери қызметшілердің асқа көңілі толып, алғыс айтқандарының өзі үлкен демеу. Асханаға кірген сәттен бастап мойныма жауапкершілік алам, өз міндетімді жақсы орындауға тырысамын. Тәбетіңді ашатын, сүйсініп жейтін тамақ әзірлегеннен артық бақытты сезінбеймін.

– Отбасыңыз туралы айтсаңыз?

– Өмірлік серігім Пархат Иминов 2004 жылдан бері жол саласы бойынша ДЭУ мекемесінде еңбек етіп келеді. Қызым Наилья Абай атындағы мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, ұлым Карим Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің 21742 әскери бөлімінде, Жамбыл облысы Қордай ауданының Отар елді мекенінде мерзімді әскери қызметін өтеп, жақында үйге оралды. Ел қатарлы тіршілік етіп жүрген отбасыларының біріміз.

– Шүкір, шаңырақтың берекесін кіргізіп отырған Сізге алдағы уақытта да зор денсаулық, отбасыңызға амандық, жұмысыңызға табыс тілейміз. Сіздің күнделікті адал еңбегіңіз шекарашылардың саулығы мен сергектігін сақтауға септігін тигізіп, ел тыныштығын күзету жолындағы ортақ іске үлес қосып келеді деп бағамдаймыз. Шекараны күзету тек қару-жарақ пен әскери дайындыққа ғана емес, жеке құрамның денсаулығы мен төзімділігіне де байланысты. Ал сапалы әрі уақтылы дайындалған ас – әскери қызметшілердің күш-қуатын сақтаудың маңызды бөлігі. Осы тұрғыдан алғанда, Сіздің еңбегіңіз күнделікті көзге көріне бермегенімен, шекара қызметінің тыныс-тіршілігіне қосылған елеулі үлес деп есептейміз. Тағамдарыңыз әркез дәмді болсын.

– Рақмет.

Әңгімелескен Юлтуз АЖИЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

09 сәуір күні Ұйғыр ауданы, Қалжат ауылдық округі әкімдігінде «Адал азамат» жобасы аясында…