Дүниедегі мамандық атаулының төресі –– ұстаз болу. Ол –– шәкіртін білім нәрімен сусындата отырып, алғырлығы мен ұтқырлығын, біліктілігін анықтап, сан алуан маман иелерін тәрбиелеуші. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де ұстаздан білім, тәрбие, тәлім алған.
Шәкіртіне патриоттық тәрбие беруде алдына жан салмайтын ұстаздарымыз қаншама? Солардың бірі – №4 Шонжы орта мектебі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы ұйымдастырушысы Нұрлан Аубатыров. Ол Ресейдің Саратов қаласындағы жоғарғы әскери оқу орнын бітіріп, еңбек жолын 1996 жылы Қаракемер ауылында орналасқан №6654 әскери бөлімінде лейтенант шенімен бастап, сол жерде звод командирі атағынан батальон командиріне дейін көтеріліп, лауазымды қызмет атқарған. 2005 жылы денсаулығына байланысты майор атағымен запасқа кетеді. Арада бір жыл өткен соң бүгінгі таңда өзі қызмет жасап жүрген мектепке жұмысқа орналасып, болашақ патриоттарды тәрбиелей бастайды. Төккен терінің, жасаған еңбегінің арқасында шәкірттерінің жетістігіне де қол жеткізіп отыр. Оның айтуынша, бүгінгі таңда қарулы күштер құрамында жоғарғы оқу орнын оқып офицер болған және еліміздің түкпір-түкпірінде лейтенант, аға лейтенант болып жұмыс жасап жүрген шәкірттері бар. Олардың атын мақтанышпен атап өтті. Сабақ барысында тек оқулық оқытумен шектеліп қалмайтын Нұрлан Аубатыров практика жүзінде де талай нәрсені үйретіп келеді. Мектеп мұғалімдерімен бірлесе жұмыс жасап, Ұлы Отан және Ауған соғысының ардагерлерімен кездесулер ұйымдастыруды әр жыл сайын әдетке айналдырғын. Бұл – оқушылардың рухын көтеруде, патриоттық санасын оятуда үлкен септігін тигізеді дейді. Сонымен қатар аудандағы әскери, қорғаныс және ішкі істер бөліміне арнайы саяхат жасайтын көрінеді. Мұнда Отан алдындағы азаматтық борышты өтеу, қоғамдық тәртіп сияқты дүниелерден арнайы мамандар арқылы сабақ алып, әскери қару-жарақтардың құрылымымен таныстырады. Ылғида бейнероликтер арқылы Қазақстанның қарулы күштерінен оқушыларға ақпарат беріп, жаңашылдыққа ізденіс жасап жүретін кейіпкеріміз «Ең үздік алғашқы әскери дайындық мұғалімі» атты облыстық жарысқа да қатысып, жүлделі орынмен оралған екен. Осы тұрғыда оқушыларды да үнемі алға сүйреп, нәтижесінде «Жас жол инспекторлары» жарысында жас сарбаздары ауданда бірінші орынға ие болып, облыста жүлделі орынды қанжығасына байлап келген.
Мемлекеттік нышандардың тәуелсіз ел үшін маңызының зор екендігін әңгімелеген Нұрлан Аубатыров оқушыларға тек теория жүзінде ғана сабақты түсіндіріп қоймай, практика бойынша да көрсету керектігін айтты. Сонда ғана баланың қызығушылығы артып, құлшынысы ілгерілей түсетін көрінеді. Балаға рухани білім, дәстүрлі тәрбие беріп, ынталандыру, көтермелеу арқылы белгілі бір дәрежеге жеткізу де ұстаздың міндеті көрінеді. Бұл жолда талай балаға жол көрсетіп, ой салған үздік мұғалімнің болашақ әскери азамат болатындарды таңдай білетін қасиеті де бар. Бүгінгі таңда 11 сынып оқушыларының арасынан үш баланы дайындауда. Оларға артатын сенімі де мол. Отан алдындағы борышты өтеу бір бөлек, қызмет жасау жеке дара екендігі шындық. Ендеше үнемі жаңашылдық пен ілгерілеудің алдында жүретін ұстаздың еңбегі әлі де талай бағаланады деген ойдамыз.
Думан
САРТБАЕВ