Әлі күнге кейбіріміз дін десе дір етеміз. Сан себебі бар оның. Ғасырлар аңсаған азаттықтың жалауын желбіреткеннен бастап өткеніміз бен өшкенімізді қайта жандандыруға тырыстық. Шама-шарқымыз бен әліміздің келгенінше әрине. Сол жаңғырған дүниелеріміздің арасында ата-бабаларымыздың ақ жолы – Ислам діні де қайта оралды. Елбасымыздың: «Тегіміз – түрік, Дініміз – Ислам, Кітабымыз – Құран Кәрім» деп ислами құндылықтарымызды естен шығармауымыз керектігін қадап айтқан сөзі көптің көкейіндегі күдігін сейілтуге әсер етті. Осылайша дінге сусындаған халқымыз ата жолына қайта түсті. Бірақ… Біз зайырлы мемлекетпіз.
ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ПЕН БҮЛДІРГІ ДІНСЫМАҚТАР
Иә, Қазақстан – зайырлы мемлекет! Бұл біздің Ата Заңымызда айшықталған. Еліміздің қай азаматы болса да қандай көзқарас, наным не сенім ұстанамын десе де өз еркі. Конституцияда көрсетілген ар мен ұждан бостандығы талаптарына сәйкес адамды сеніміне және көзқарасына байланысты қудалауға тыйым салынады. Яғни, дін заңмен қорғалады. Алайда дін нормалары мен тәжірибесі азаматтық заң нормаларына қайшы келмеуі керек. Дін саясатпен шұғылданбауы тиіс. Мемлекет пен дін өзінше бөлек, автономды өмір сүреді, мемлекет діннен ажыратылған. Бір-бірінің ісіне араласпайды.
Қазақ халқының ежелден ұстанатын діні – ислам. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, ата-бабаларымыздың ислам дінін қабылдағанына шамамен 1200 жылдан аса уақыт өтіпті. Міне, содан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ислам діні қазақтың бөлінбес бөлшегіне айналған. Небір зұлмат кезеңдерде де аузынан «Алласы» түспеген Алашым, дінін тастамады. Қылышынан қан тамған Кеңес одағының саясаты да елімізді діннен біржола айыра алмады. Ата дініміз діңгегінің мықтылығынан құламады. Бірақ азаттық алған уақыттан кейін еліміздің тәуелсіздігін талқан етуді қалаған сан түрлі ұйымдар шықты. Саңырауқұлақтай самсып секталар қаптады. Қой терісін жамылған қасқырдай боп бір Ислам дінінің өзін бетперде еткен ұйымдар қаншама? Одан бөлек жат дін, жат ағым ағылып келді. Бүгінде «Аль-Каида», Ахмадия жамағаты, «Әллә-Аят» (Фархатшылар) культтік-мистикалық діни ағымы, «Ата жолы», Салафизм немесе уахабтық ағым, Тәкпіршілер, «Талибан қозғалысы», «Хизб-ут-Тахрир», т.б. Бұдан басқа Үндістаннан, батыс пен шығыстан келген шоқынушылар мен мүсінге табынушылар да жетіп жатыр. Енді солардың бірді-екілісіне тоқталсақ…
«КРИШНА» ДЕП ӘНДЕТКЕН ҚАЗАҚ БАЛАСЫ
Бірқатар журналистермен бірге Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылдық округіндегі Кришнаиттердің ғибадатханасына жол түсті бір кездері. Ойымыз – ақпарат алып қайту. Таңғаларлығы еш кедергісіз тілшілер қауымын қарсы алды ондағы тұрғындар. Тіпті ашық-жарқын әңгіменің өзегін де ағытты. Азан шақырып қойған атын Азамат, бірақ кришна дініне өткелі өзінің есімін өзгерткенін айтқан қазақ жігіті бұл діннің жай-жапсарын түсіндіріп жатыр бізге. Тіпті жақсылығын айтып жарнаманы да үдетті. Әу баста ата-анасы қарсы болған екен. «Бірақ бұл діннің тазалығы мен нағыз хақ екенін айтып, ата-анамды да осы дінге алып келдім. Бүгін өміріміз тамаша», – дейді ағынан жарылған Азамат. Айтарға сөз жоқ. Қаракөздің сұрқына қарап біздің жүрегіміз қан жылады. Үстіне ораған киімі мен бетіне жағылған бояу, тағынған бұйымдары жиіркеніш тудыра ма, қалай? Ғибадатханаларына кірдік. Құдайларына «Кришна, кришна, хари кришна» деп әндетіп, құлдық ұрушылар қатары аз емес. Кіріп, шығып жатқандары да бар. Ең сорақысы, сол ұйымға басы-байлы бет қойғандардың дені өзіміздің қаракөздеріміз. Кейбір ақпарат құралдарының сөзіне сенсек, келушілердің 80 пайызы өз қандастарымыз екен. Тұла бойың тітіркенеді. Дегбіріміз қашып, далаға беттедік. Бізді әңгімеге тартқан Азамат бұл діннің ерекшеліктерін қайталап айтып жатыр. Әу баста, сөзіне илана қаласың. «Адам баласын жаратқан бір ғана Жаратушы бар», – дейді. Ақылға сыйымды. Исламнан бөлек емес сияқты. Сеніміңе кіре бастағанын сезе сала өздерінің ағымдарын алдыңа тартады. Ұзыннан созылған сарайды көріп, оның не екені сұрастырдық. «Біздің аналарымыздай болған сиырлар сол жерде бағылады. Оларды біз қасиет тұтамыз, табынамыз…» Шоршып түстік. Астапыралла, не дейді? Міне, осыдан бастап Азаматымыз әлгі діннің жақсылығы мен жайсаңдығын, мықтылығын, тіпті осында келушілердің барлығына жағдайдың жасалып жатқандығын айтып іші-бауырымызға кіріп барады. Ішімнен «Әй, сені де қазақтың анасы ұл таптым деп дүниеге әкелді-ау. Сен өмірге келгенде арда Алаштың бір азаматы дүниеге келді деп аталарымыз азан шақырды-ау. Сен туғанда ұлан ғайыр қазақтың алып даласы ұлды болдым деп еміренді-ау. Әдірем қал, қазақ атыңа кір келтіргенің – бабаларыңның аруағын таптағаның емес пе? Сені кешегі Алаштың арыстары көрсе, жаудан ел қорғаған батырлары мен тілінен жыр төгілген ақындары көрсе, намыстан жарылар еді-ау…» Өз ойыммен өзім келген жағыма қайта кетуге асықтым. Көлікке барып мінген тұста бір автобуспен жастар аймаққа келді. Кілең қазақтың ұл-қыздары. Ұрпағың пұтқа табынған қайран қазағым-ай…
ӘЛЛӘ АЯТТЫҢ ӘЛЕГІ БАСЫЛМАЙ КЕЛЕДІ
Бәрімізге аян, бұл ағымға да заңды түрде тыйым салынған. Ағымның негізін қалаушы – өзін құдай және «Жаратушы» деп жариялаған ауылымыздың тұрғыны. Өмірден өзі өтсе де, шәкірттері ағымның негізін қалаушы Ф.Абдуллаевтың тұлғасын пір тұтып, «Фархат Ата» деп атайды. Күнге табынып, тұзды шәй ішіп, емделуді мақсат ететін адамдар әр жыл сайын қаңтар, мамыр, қыркүйек айларында ауданымызға қарай көш түзейді. Бұл жат дүние екендігі, пайдасынан зиянының шексіздігі талай мәрте дәлелденген де. Мәселен, 2006 жылы Астана қаласының прокуратурасы «Әллә Аят» әдістемесі бойынша емдеу сеанстарына қатысқан азаматтардың жүйке ауруларына ұшыраған фактілерді анықтаған. Астана қаласындағы Жүйке саулығы проблемалары медициналық орталығының деректері бойынша, шизофрения диагнозымен емделушілер болған. Олардың ауруының асқынуы «Әллә Аят» (Фархатшылар) культтік-мистикалық діни ағымы емшілерінің қимылынан кейін қозған делінген деректер де бар.
Осыдан біраз уақыт бұрын «Әллә Аят» жайында пікірлер топтастырып көрдік. Ақсақалдардың ақылына жүгіндік. Ел алдында ата сақалы аузына түсіп, ақыл айтып, бата беріп жүрген кейбір қарияларымыздың бізбен сөйлескендегі ойларына аң-таң қалдық. Атын айтып жатуды қажет деп таппадық. Десе де аузы дуалы бір қариямыз бізді бұл мәселеден алшақ жүруді айтқанын ескерту деп қабылдадық. Өйткені «Әллә Аятты» жамандасақ, жағымсыз жағдайға душар болады екенбіз. Тіпті отбасымыздың ойрандалып кетуі де ғажап емес. Міне, ендеше! Бұл қорқыту ма, әлде біздің сенімімізді өздеріне тарту ма? Сонымен әңгімеміз қарияның «Әллә Аятқа» қалтқысыз сенетіндігі, оның емделушілерінің саны жыл сайын артып отырғанымен жалғасты. Сендірерліктей фактілермен жеткізгісі келді. Біршама уақытқа созылған әңгімеден не түйдік? Ел алдында сөз сөйлеп, көпке ақыл айтып жүрген бәтуалы қартымыз дінге келгенде қайдағы бір жат ағымның жетегінде жүрсе, жастарға қандай үлгі болмақ? Қоғамдық ортада дініміз берік деп дір етпестен сөз сөйлесе, айнала беріп, басқаша сайраса, екіжүзділік емей немене?
Иә, екіжүзділік эпидемия болды біздің қоғамда. Батпандап кіріп, мысқылдап шығатын аурудай. Бүгін кей ағаларымыз бір жүйені сынға алып, саралап отырса, күні ертең сол жүйені айналып, толғанып, мақтауын асырып отырады. Бұл ми мен тілдің, жүрек пен сөздің қайшылығы ма? Әлде мұсылманшылдықтағы мұнафықтық (екіжүзділік) дегеніміз осы ма?
Көрмейін десем, көзім бар… Айналамызда жастарымызды әб жыландай арбап, тәтті-тұрыммен алдап, санасына у сеуіп, мәңгүрттік пен адасудың ауылына азғындатып жатқан жат ағымдардың ісіне еріксіз күйінесің. Қолдан келер қайран жоқ деп өзіңді-өзің өртейсің іштей. Бірақ Аңырақайда азбаған, Алқакөлде тозбаған, қырық жыл қырғын мен ашаршылыққа көнген, бәрібір елі мен жерін қимаған, салты мен ділін сыйлаған, хақ дінін қастерлеген халықтың бүгінгі ұрпағының азғындауына не себеп деген сұраққа жауап таппайсың. ЖҮРЕГІ мен ТІЛІ, СӨЗІ мен ІСІ бөлек аға буынды кінәлаймыз ба, әлде есірген ессіз ұрпаққа мін артамыз ба? Сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?
Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ