«Заңғар 2024» жастар сыйлығы. Бұл жыл сайын дәстүрлі түрде тағайындалып келе жатқан Алматы облысы әкімінің жастарға арналған арнайы марапаты. Облыс аумағындағы әр салада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан ерекше еңбегімен елдің назарында жүрген, халықтың оң бағасын алып, көпшіліктің ықыласына бөленген, өзінің игерген мамандығы мен атқарып жүрген жұмысында жоғарғы нәтижелерге қол жеткізген, іскер, еңбекқор, бәсекеге қабілетті нағыз жалынды жастарды жария түрде марапаттап, оларды да және өзге де жастардың ынтасын ояту үшін қомақты қаржылай сыйлық табыс ету әр жыл сайн үзілмес үрдіске айналып келе жатыр. Биыл да бұл игі бастама өзінің жалғасын тапты. Өңіріміздің мәдени-рухани өмірі, қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау , білім беру, спорт, кәсіп секілді ең негізгі салаларында көштің басын бастап келе жатқан үздік жастарды іріктеп алу үшін алдымен бекітілген ережеге сәйкес әр ауданнан түрлі сала бойынша үміткерлердің тиісті құжаттары мен еңбек жолындағы жетістіктерін дәлелдейтін альбомдары жинақталып алынды. Осыдан кейін арнайы құрылған комиссия облыс орталығында үміткер жастардың жалпы құжаттарын салыстырмалы түрде талқылап, ортақ шешіммен жастардың арасынан ең мықтыларын таңдап шықты. Жоғарыда аталған әр сала бойынша облыс әкімінің жастар сыйлығына лайықты деп танылған жеңімпаздардың арасында біздің жерлесіміз Еркебұлан Жұмағалиұлы да төбе көрсетіп, барлығымызды бір қуантты.
Нұржақып Еркебұлан бұл сайыста комиссия мүшелерінің бір ауыздан қабылдаған шешімімен «Жас өнерпаз» номинациясына лайықты деп танылды. Осылайша облыс әкімінің «Заңғар 2024» жастар сыйлығына ие болып, қаржылай марапатталды. Нұржақып Еркебұлан Жұмағалиұлы Алматы облысының дамуына және жастар арасында белсенді өмірлік ұстаным қалыптастыруға қосқан елеулі үлесі үшін «Заңғар — 2024» жастар сыйлығына ауданымыздың тарапынан үміткер ретінде ұсынылған болатын.
Еркебұлан ауданымыздың мәдениет саласының дамуына жас та болса қажырлы еңбегі мен үздіксіз ізденісінің арқасында айтарлықтай қомақты үлесін қосып келе жатқан ең талантты актерлардың бірі. Бүгінгі таңда аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Қарадала» халықтық театырының жетекшісі ретінде өзін іскерлігі мен бастамашылдығымен танытып келе жатыр. Еркебұлан Жұмағалиұлы ауданның мәдениет саласына келгелі бері аудандық мәдениет үйінде өтетін әрбір мәдени және салтанатты іс-шара оның сахнадағы қайталанбас өнерімен көркем әрі жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Оның салтанатты, мәдени көпшілік шаралардағы жүргізушілігі кәсіби деңгейде бағаланады. Сондай-ақ «Қарадала» халықтық театрындағы жеткшілік қызметінде де өзінің өнердегі кәсібилігі мен тәжірибесін ұштастыра отырып, түрлі шығармаларды жоғарғы деңгейде сахналап, халықаралық деңгейдегі байқауда бас жүлдені жеңіп алды. Аудан тұрғындары мен өнерсүйер қауым еркебұланды сахнада айнытпай сомдаған Мұқағали образынан кейін жақсырақ тани түсті. ағымдағы жылдың күзінде Елордада өткен халықаралық Ұлы дала көшпенділер ойынында Хантәңірінің мұзбалағы Мұқағали ақынның кейпін айнытпай алып шығып, шараға жан-жақтан, шет елден келген қонақтарды табиғи талантымен тәнті қылған болатын.
Аудан жастарының арасындағы белсенділігі де өте жоғары. Қоғамдық жұмыстар мен қайырымдылық шараларына үнемі қол ұшын созады. Еліміздің батыс аймақтары су тасқыны табиғат апатынан зардап шеккен сәтте ауданымыздан аттанатын гуманитарлық көмектің жиналуына тер төгіп, жоғары белсенділік танытты. Жастар арасынан оқ бойы озық шыққан қоғамдық пікір көшбасшысы ретінде Президентіміздің саясатын әр кез қолдауға және жүзеге асыруға білімі мен бар ерік-жігерін жұмсап жүрген азамат. Осы белсенділігінің арқасында аудандық маслихаттың бір шақырылым бойы депутат атағын да абыроймен арқалап жүрді. Халықтың аманатын арқалап, мінбеге жеткізіп, аудан көлеміндегі бірқатар түйткілді мәселелердің шешілуіне тер төкті. Артынан ерген өкшебасар жас буынға өнегелі жол көрсетіп, қатарластарының көшін бастап келе жатқан Еркебұлан Жұмағалиұлын осы ерен еңбектері мен жеткен жетістіктерінің арқасында «Заңғар — 2024» жастар сыйлығына әбден лайықты деп танылып, Алматы облысының әкімі М.Сұлтанғазиевтің арнайы сыйлығымен марапатталып қайтты.
Еркебұланның бұл марапаты артынан ерген жас ұрпақтың арқасын қамшылай түсуі тиіс. Еліміздің ертеңі үшін алаңдайтын әрбір жас алдына қойған мақсатына адаспай жетуі үшін аянбай еңбек етуі керек және бәсекеге қабілетті болуы керек. Болашағымыз жарқын, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы, жастарымыз жігерлі болғай!
ӨЗ ТІЛШІМІЗ