Басты бет Мәдениет және руханият ҚАСИЕТ ҚОНҒАН КИЕЛІ МЕКЕН – ҚАРАДАЛА

ҚАСИЕТ ҚОНҒАН КИЕЛІ МЕКЕН – ҚАРАДАЛА

0
38

Кез келген елдің ерекшелігі мәдениеті мен өнерінен, салт-дәстүрінен көрініс табатындығы айқын. Мәдениет адамзаттың рухани айнасы. Осы орайда дамыған озық елдердің қатарынан көрінеміз десек мәдениетіміздің де деңгейі әлдеқайда жоғарылауы керектігі заңдылық. Бұл бағытта еліміздің әр өңірінде жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бір дәлелі өнері өміршең, салт-дәстүрі сақталған, қойнауы құтқа, қамбасы дәнге, аспаны әнге толы қасиетті Қарадаланың бүгін мәдени және рухани тұрғыда түлеп жатқандығына баршамыз куә болдық. Оған себепші болып отырған облыс бойынша үзілмес үрдіске айналған аудан, қала мәдениет күндерінің байқауы. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Ауылым – алтын бесігім» атты ауданның мәдениет күрдерінің кезегі біздің ауданымызға да келіп жетті. Осы намысты рухани бәйгеде топтың алды болып келу үшін біздің мәдениет саласының майталмандары бар өнерін ортаға салып, өңіріміздің өзіндік ерекшеліктері мен ұмыт болған салт-дәстүрлерді жаңғыртып, татулық пен достықты ту еткен халқымыздың ауызбірлігін айғақтап барша аудан жұртшылығы аталмыш шараға барынша атсалысты.

Шараның басы аудандық мәдениет үйі орналасқан Әл-Фараби көшесіндегі қаз қатар тігілген ақ үйлерді аралаудан басталды. Әр үйде ұмыт болған ұлттық салт-дәстүрлер мен ұлттық тағамдар және төл өнер жаңғырып жатты. Одан бөлек қылқалам шеберлерінің көрмесі мен ұсталардың қолөнер бұйымдары қазылар алқасының назарына ұсынылды. Мәдениет үйіне кіреберісте әр түрлі этностардың ұлттық киімдерін киген қыз жігіттер мен ақ кимешек киген әжелер ауданымыздың көпэтностылығын көрсеткен тамаша көрініспен қонақтарды қарсы алып тұрды. Өңіріміздің өнерден қандай деңгейде екендігін бағалау үшін шара аудандық мәдениет үйінің көрермендер залында жалғасын тапты. Ресми ашылудан кейін алғашқы сөз кезегі аудан әкімі Б.Елеусізоваға берілді. Аудан басшысы мәдениетіміз бен руханиятымыздың одан әрі дами түсуіне айтарлықтай септігін тигізетін тамаша байқаудың біздің ауданда өтіп жатқандығына ризашылығын білдіріп, мәдениет саласындағы бірқатар жетістіктерді жіпке тізіп айтты.

Қара қылды қақ жарып әділ баға беру үшін ақын-композитор,  ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан жазушылар, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Ғұмаров Төлеужан Нүсіпжанұлы, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің бас балетмеистері Абдиева Ғазиза Мәкешқызы, әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Такежанова Гүлшат Ақатқызы, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясының әртісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Шарипова Базаркүл Құлмұхамбетқызы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының Алматы облыстық филалының төрағасы Ержан Тоқтар сынды мәдениет майталмандары байқауда қазылық қызметте болды.

Шараның басы ауданымыздағы адуынды өнер ұжымы «Қарадала» халықтық театрының сахналық қойылымынан басталды. Осы өңірдің тумасы, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделханның «Ұлым, саған айтам» пьесасынан үзінді қойылымы қалың көрерменнің қошеметіне бөленіп, қазылар алқасының екі рет тікеден тік тұрып қол соғып, қолдауына ие болды.

Аудандық «Жазерке», «Арзу» халықтық ансамбльдарының да талай жылғы тәжірибеден туындаған ән, би өнері де көпшіліктің жүрегінен орын тапты. Жалпы ауданымыздың өнер мен мәдениет саласындағы деңгейі қазылар алқасын таң қалдыра алды. Енді әділ бағалаудың оң нәтижесін күтеміз.

Әбіш Кекілбайұлының: «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы» деп дөп тауып айтқан сөзі бар. Жалпы халықтың бар бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады. Бүгінгі байқауда да біздің бар бітім-болмысымыз жатыр. Өнеріміз өрлеп, мәдениетіміздің мәртебесі асқақтай берсін! Тәуелсіз еліміздің ертеңі еңселі, болашағы баянды болсын!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ,

аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы

        

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

РУХАНИЯТТЫҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ

Қазақстан Жазушылар Одағы деген киелі мекен бар. Ол талай марқасқалардың табаны тиген, тал…