Басты бет Көкжиек ҰСТАЗ АТЫ БИІК ӘРІ МӘҢГІЛІК

ҰСТАЗ АТЫ БИІК ӘРІ МӘҢГІЛІК

0
563

Жыл сайынғы жомарт күз астығын шашып, қамбаларды толтырып, одан қалса бірнеше жайдары мерекесімен көңілімізге қуаныш сыйлап жатады. Сол мерекелердің бірі 5 қазан күні аталып өтілетін ұстаздар күні. Бұл мереке  қолымызға алғаш қалам ұстатқан, маңдайымыздан сипап білім нәрімен сусындатқан мейірімді мұғалімдеріміздің құшағын гүлге, жүздерін нұрға толтыратын айтулы күн. Сондықтан жыл сайынғы ұстаздар күні ауданымызда ескерусіз қалмайды. Өңіріміздің білім саласы биылғы ұстаздар күнін ауданымызда жаңаша серпінмен атап өтті. Ашық аспан астында, орталық стадиондағы кең алқапта өткізілуінің өзі шараның ауқымы мен деңгейін көрсетті. Әр түрлі деңгейде марапатқа ие болған ұстаздар қызыл кілеммен жүріп, арнайы әзірленген орындарына көпшіліктің алдынан орын алды.

Шараға аудан басшылығы мен зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар, құқық қорғау органдары, шекара басқармасының басшылығы шақырылған және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы, Алматы облысы бойынша кәсіби даму институты директорының орынбасары Хуршидям Ташболатқызы Масимова арнайы қатысты. Шараның беташары оқушылардың ұстаздарына деген құлын жүректерінен шыққан жалынды жырларымен басталды. Шара салтанатты түрде ашылған соң алғашқы сөз кезегі аудан әкімі Бота Серікқызына ұсынылды. Ауданымыздың барша білім саласының бағбанына айналған ұлағатты ұстаздар қауымын, білім саласында табанды еңбек етіп зейнетке шыққан ардагер ұстаздарды төл мерекелерімен шын ықыласымен құттықтап өтті.  Бірқатар ұстаздарды алғыс хатымен марапаттап, артынша осы мереке қарсаңында ұйымдастырылған «Үздік педагог» байқауының жеңімпазына қомақты қаржылай сыйлық табыс етті. Бұл сый-құрметке №1 Шонжы орта мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі Палтаева Халида Зиявдиновна лайықты деп танылып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Облыс орталығынан келген шараның қонағы Хуршидям Масимоваға да құттықтау сөз кезегі ұсынылып, аудан жұртшылығы мен ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, өзімен бірге ала келген марапаттарын лайықты ұстаздарға табыс етті. Қазақстан Республикасы оқу-ағарты министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін, дәл осы министрліктің құрмет грамотасын және алғыс хатын еңбегі еленген қстаздарға сахна төрінде табыс етті. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек ардагері медалімен үш педагог марапатталып, мәртебелері көтерілді. Үшінші болып мінбеге ардагер ұстаз Кәрібай Ізбасарұлы көтеріліп, өзінің әріптестерін жыл сайынғы ұстаздар күні мерекесімен шын жүректен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

Осылайша ауданның еңбегі еселі, білімге қосқан үлесі зор бірқатар ұстаздары лайықты марапаттарын алып марқайып қалды. Әрине инемен құдық қазып жүргендей қажырлы еңбек етіп жүрген барша ұстаз бұдан да биік әрі бағалы марапаттарға әбден лайықты.

«Алты алаштың басы қосылса, төр ұстаздікі» деген ұлы сөзімен Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев ұстаздың қоғамдағы орны мен бағасын айқындап өткендігі баршамызға аян.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады», – деп мұғалімдердің мәртебесін асырған болатын. Сондай-ақ алдағы жылдары мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлу қажеттігін мықтап тапсырды.

Жауапкершілік пен табандылықты талап ететін, қажырлы еңбекті қажет ететін қиын да жауапты қызметтеріңізге толағай табыстар тілейміз! Тәуелсіз Қазақстанның тізгінін ұстайтын білімді әрі бәсекеге қабілетті шәкірттер тәрбиелеп, еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер демекпіз!

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…