Басты бет Көкжиек ЖҮРЕКТІ ҰСТАЗ

ЖҮРЕКТІ ҰСТАЗ

0
408

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы» дейді. Иә, алдыңа келген 30 оқушының отыз түрлі мінезіне үйреніп, сол 30 түрлі мінезге өзгеріп, әрі сол 30 баланың тілінде сөйлесу кез келген жанның қолынан келе бермейтін қасиет. Ал ұстаз – сол қасиеттің иегері. Әсіресе мектеп табалдырығын жаңа аттаған, «әліпті таяқ деп білмейтін» бірінші сынып оқушыларын тәрбиелеу асқан шеберлікті қажет етеді. Оларға әріп үйретіп қана қоймай, болашаққа деген көзқарастарын қалыптастыратын да, зейіндерін ашатын да бастауыш сынып мұғалімдері. Үйдің іргетасы қаншалықты мығым болса, сәні мен салтанаты келіскен ғана емес жылуы мен сапасы жоғары баспананы тұрақтайсың. Сол сияқты бастауышта алынған білімнің іргетасы қаншалықты мықты құйылса, баланың болашақ жолы да соншалықты мығым болмақ. Ғалым да кенші де бас иетін ұстаздық жолы – ұлы жол. Осы жолда табаны талмай 32 жыл еңбек етіп келе жатқан Гүлбақыт Миналқызы жайында ой толғасақ деген шешімге келдік. Өйткені Гүлбақыт Миналқызы –нағыз ұстаз деген атқа лайық жан. Оған бұл бағаны шәкірттері мен ата-аналар, әріптестері берген.

1973 жылы Кіші Дихан ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген Гүлбақыт Миналқызының бала кездегі арманы орыс тілі мұғалімі болу екен. Неге екені белгісіз, қазақ сыныптарына орыс тілін үйретсем деген бала қиял ақыры жетелеп отырып, ұстаздық жолға алып келеді. Мектепті күміс медальмен бітіріп, жоғары оқу орнына тапсырады. Бірақ әп дегенде жолы болмайды. Десе де сағы сынбай сол кездегі Алматы қалалық №1 педагогикалық колледжге құжат тапсырады. Колледжді қызыл дипломмен аяқтап, бастауыш сынып мұғалімі деген мамандықты иеленіп шығады. 1992 жылы оқуын бітіре сала туған жерге оралып, аудан орталығы Шонжыдағы үлкен қарашаңырақта алғашқы еңбек жолын бастайды. Небәрі 19 жастағы маманның сол кезден-ақ алғырлығын аңғарса керек, басшылық оны No 4 аралас орта мектепке жұмысқа қабылдап қана қоймай, бірден

бастауыш сыныптың жетекшісі етеді. Ананың ақылын, әкесінің өнегесін алған, темірдей тәртіп пен тәрбиені де қатар бойына сіңірген Гүлбақыт бірден іске кіріседі. Өзіне үлкен сенім артқан ана мен әкенің абыройына нұқсан келтірмесем екен деген ой бірінші тұрады санасында сол сәтте. Өзі көп балалы отбасынан шыққан Гүлбақыт әсіресе әкесінің тәрбиесін көп алған екен. Қабақпен басқарып, әр баласының сабағына сағаттап отырып қадағалау жасайтын әкенің тәрбиесі ғана емес, өнегесі де, ақылы да ол ұстаздық еткенде көп көмектесті. Міне, содан бері зымыраған уақыт 32 жылды артқа тастапты. Бүгінгі күні Жанғазиева Гүлбақыт сол өзі еңбек жолын бастаған білім ордасында әлі күнге ұстаздық етуде. Абай атындағы мектеп-гимназия атанған бұл мектеп Гүлбақыт апай үшін қасиетті қарашаңырақ.

Мектепте оқып жүргенде бала Гүлбақыт барлық мұғалімдерге қызыға қарайтын. Олардың жүріс-тұрысы, өздеріне деген сенімділіктері, бәрі де Гүлбақыт үшін арман болатын. Мұғалімдікті ең керемет, ең керекті, әрі ең жоғары деңгейдегі мамандық деп түсінген. Болашақта сол мұғалімдер сияқты болсам деп үйіндегі өзінен кіші іні-сіңлілеріне сабақ та өткізетін. Ондай сәтте өзін құдды бір тақта алдында тұрғандай сезініп, кеудесін мақтаныш кернейтін. Ақыры сол арманына қол жеткізіп, ұстаз атанды. Жас маман болған соң аға буынның ақылына көп құлақ асты. Әңгіме арасында Гүлбақыт Миналқызы ең алғаш мектепке жас маман болып келгенде аға буын ұстаздардың тәрбиесін көп көргенін айтты. Әсіресе, Гүлнар Дүйсенбайқызынан үйренгені көп екен. «Сынып жетекшілікте, тәрбие саласында маған сара жол салып берген жанның бірі де бірегейі Гүлнар апайымыз. Ол кісінің еңбегін бағаламай өте алмаймын. Мықты сынып жетекші, мықты маман болуыма, кәсіби тұрғыда дамуыма Гүлнар тәте көп

себепші болды. Ол кісі бізге бастауыш сынып мұғалімінің қандай жауапкершілік арқалайтынын санамызға сынадай қағатын. Баланың жүрегіне қалай жол таба білу қажеттігін, ештеңеден хабарсыз болып келген балаға не үйретіп, қалай тәрбиелеу қажеттігін де сол кісіден үйрендім. Гүлнар апайдың жетекшілігінде болған біз нағыз ұстаз болудың қандай болатынын ұғындық. Тіпті көше-көшені аралап, әрбір үйді, ондағы бала санын тізімге алатын кездің өзінде апайымыздың білгірлігіне тәнті боалтынбыз. Кейде жастығымыз болар, жалқаулыққа салынып, кей үйлерді жазбай кетіп, санын кем айтсақ, бірден біліп қоятын. «Сенің көшеңдегі 2 үйді көшіріп жібердің бе?» деп әбден қызартатын. Міне, мен осындай әрі білгір әрі еңбекқор ұстаздың тәрбиесін алдым. Одан кейін де Рая Сартолова, Мамытқан Құдайбергенов, Ноғайбек Дәуренбеков сынды аға буынның ақылын тыңдадық, олардың түйгені мен көргенін санамызға сіңірдік», — деп өзі үлгі ететін ұстаздарын да жіпке тізді ұлағатты ұстаз. Ұстаздың да ұстазы бар екен-ау…

Ұстаз болу үшін жүректілік, табандылық, жауапкершілік, сабырлық, адалдық қажет десек, осы қасиеттің бәрі Гүлбақыт апайдың бойында бар. Ол отыз екі жыл бойы бір ортада, тек шәкірт тәрбиелеп, жүректілігін көрсетті. Ол табандылығының арқасында талай талантты шәкірт тәрбиеледі. Ол жауапкершілігінің нәтижесінде жаман атқа қалмады. Ол қандай жағдайда да сабырлы қалпынан таймай, тек шәкірттерінің бойына жақсы қасиеттерді сіңіруге барын салды. Тіпті ол өзінің таңдауына адал болды. Гүлбақыт Миналқызына бірнеше рет басшылық қызметке ұсыныс та түскен екен. Директордың орынбасары болуды ұсыныпты. Бірақ ол қызмет, лауазым, билік дегеннен ауылын алшақ ұстауды жөн көреді екен. Ол өзін тек балаға тәрбие беріп, әріп танытып, сабақ беру үшін жаралған ұстазбын деп санады. Саналы өмірін соларға арнағысы келді. Сондықтан да басқа қызметтен бірден бас тартып отырды.

«Бастауыш сынып мұғалімі болу дегеніңіз сол балалардың екінші анасы атану деген сөз. 6 жасқа енді толған балалардың бірінің мұрнын сүртіп, бірінің шашын байлап, енді бірінің киімін де кигіземіз. Олар ауырып қалса, мазам кетіп, ата-анасының да мазасын алып жіберемін. Бірінші сыныпқа енді келген балалардан түрлі мінез көресің. Бірі сабақтан қашады. Бірі жылап, ештеңе жазбаймын, оқымаймын деп қиқарланады. Тіпті мектепті айналып, қашқан баланы қуалаған кездерім де болды. Баламен бала боламыз ондай сәттерде. Сол түрлі мінез иелерін бір ортаға жинап, тәрбиеге көндіру үлкен еңбекті талап етеді», — деп баламен жұмыс істеу әрі қиын әрі қызық екенін деп әңгімелеп берді Гүлбақыт апайымыз.

Мектептегі бастауыш сынып балалары өзінің сынып жетекшісіне ұқсайды деп жатады көп жағдайда. Өзін-өзі ұстауы, мінезі, білімі жағынан. Бір ауылда жүрген соң үнемі кез келген ортада Гүлбақыт апайдың тәрбиелеген шәкірттерінің білім жарыстарында да, өнер сайыстарында да алдыңғы орыннан түспейтінін естиміз, көреміз. Яғни ұстаз тек білім беріп қана қоймай, баланың жан-жақты дамуына да бар үлесін қосып отыр. Бұл да нағыз біліктіліктің белгісі болса керек.

32 жыл ішінде жеті буын шәкірт тәрбиелеп, үлкен өмірге қанат қақтырған. Олардың арасында бүгінгі күнде жоғары лауазымдарда қызмет атқарып, ел дамуына үлес қосып жүрген шәкірттері өте көп екен. Тізбектеп еді, саусақпен санап тауыса алмадық. Бірақ осы 32 жылда талай қиындықты та бастан өткерген. Әйел адам үшін түздің жұмысы мен үйдің жұмысы қатар тұрады емес пе? Отанасы ретінде ошақтың берекесін де қашырмау қажет. Ата-ене бағып, ұл-қыз өсіріп те үлгерді осы уақытта. Әрине, ондай сәтте қасыңдағы жарыңның да түсіністікпен қарауы маңызды. Гүлбақыт апайымыздың жан жары Акпаржан ағамыз қашанда қолдау көрсетіп, жарының жақсылығын асырып, кемшілігн жасырып отырған отағасы. Екеуі бүгінде екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, жиен көріп отырған мерейлі отбасы. Үлкен қызы да ұстаздық жолды таңдаса, екінші қызы экономист, ұлы жапон тілінің маманы. Бәрі де мектепте де, үйде де ұстаздың тәрбиесін алып, білікті масан атанып отыр бүгінде.

«Өз өмірін аямай, өзгенің өмірін аялаған» ардақты ұстаздың алдынан шыққан әр шәкірт білімді, білікті. Мұғалім үшін де басты жетістік, мақтаныш осы болса керек. Сондықтан Гүлбақыт апай әлі де алдынан талай қыранды қанаттандырып, көптің алғысын арқалай берері сөзсіз. Лайым солай болғай…

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…