Қазақстан Жазушылар Одағы деген киелі мекен бар. Ол талай марқасқалардың табаны тиген, талай таланттардың қаламдарының ізі қалған, ұлы тұлғалардың бас қосатын жері. Бұл үйге бас сұғудың өзі ерекше сезімге бөлейтіні тағы бар. Атақтары дардай, ауыздары дуалы, қаламдары киелі ақын, жазушылардың бас қосатын, қазақ руханиятының дамып, өркендеп, қанат жаятын одағының құрылғанына 90 жыл уақыт болыпты. Ғасырға жуық еліне, ұлтына қызмет етіп келе жатқан мекенде талай тұлға тер төккенін білеміз.
Жазушылар Одағы 1934 жылы құрылды. Тарихтың талай белестерінен өтіп, репрессияны да, соғысты да бастан өткеріп, қоғамдық ауысулар мен төңкерістердің ішінде жүріп, руханият деген әлемге бет бұрғандарға бағдаршам бола білген бұл қасиетті орын туралы қалам тербеу оңай әрі қиын. Оңай дейтініміз қазақтың зиялыларын шығармалары арқылы жақсы танитындықтан, қиын дейтініміз дарынды тұлғаларға тісіміз батпайтындықтан. Шығармашылық жолында жүрген жандар үшін оның аты да, заты да ерекше. Қазір заманның оңтайланған, жеңілдетілген кезеңінде өмір сүріп жүргендейміз. Кітапты ақтарып, қадалып оқымай-ақ не жайында екендігін ғаламтордан біле саласыз. Бас қатырмайсыз. Жеп-жеңіл. Бірақ ол рухани азық бола алмайтындығын түсіне бермейміз.
Бір кездері жазушыға да, ақынға да қойылатын талап қатаң еді. Сондай сыннан өткен жазушы мен ақынның шығармалары ғана халыққа жол тартатын. Яғни жазушылар одағына мүше болу да биік белесті бағындырғанмен тең болды. Қазақстан Жазушылар одағының алғаш ұйымдасуы Қазақстанның пролетариат жазушыларының қауымдастығы болып құрылған кезден басталады. Сол кездегі саясат пролетариат деген ұғыммен басталатын. Құрамында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин бар ұйымдастыру бюросы құрылды.
Бұл ұйымға республикадағы әдебиет күштерін біріктіру және пролетариат жазушыларының бүкіл Қазақстанның бірінші конференциясына әзірлеу тапсырылды. Осылайша, 1925 жылы қауымдастықтың алғашқы төрағасы болып Сәкен Сейфуллин бекітілгендігін тарихтан білеміз.1932 жылы Орталық комитеттің әдеби көркем ұйымдарды қайта құру туралы Қаулысы негізінде Қазақстан өлкелік партия комитетінің секретариаты мамыр айында Қарар қабылдады. Осыдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы құрылды.
Қазақстан жазушылар одағы бұл алғашқы съезге 1932 жылдан бастап дайындалды. Ұйымдастыру бюросының төрағалығына Ілияс Жансүгіров тағайындалды. Қазақстан кеңес жазушыларының бірінші съезі 1934 жылдың 12-18 маусымы аралығында өтті. 1925 жылы Қазақстан Жазушылар одағының 10 мүшесі ғана болған. Ал, 1935 жылы одақтың төрағасы болып әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері Ғаббас Тоғжанов тағайындалады. 1935 жылы елімізде КСРО әдеби қорының қазақ бөлімшесі құрылып, Қазақстан Жазушылар одағын мемлекет тарапынан қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Алғашында идеологиялық қару ретінде құрылғанымен, Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған арыстарымыз ұйым жұмысын ұлт әдебиетіне, тұтас халықтың мүддесіне қарай бағыттай білді.
Ел тағдыры, жер тағдыры қыл үстінде тұрған кезде өмірге келген Қазақстан Жазушылар одағының үлкен міндеттерінің бірі – ауыз әдебиетінен тамыр тартқан, Абай поэзиясынан бастау алған жазба әдебиетіміздің бай мұрасын жинау мен екшеу, дамыту мен қорғау және оны кеңінен насихаттау болды. 1936 жылы одақтың төрағалығына жазушы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Сәбит Мұқанов сайланды.
Қазақстан Жазушылар одағы алғашында идеологиялық қару ретінде құрылғанымен, Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған арыстар ұйым жұмысын ұлт әдебиетіне, тұтас халықтың мүддесіне қарай бағыттай білді. Жазушылар одағы қазақ халқының сүйеніші, таянышы болды.
1956-1966 жылдар аралығында екі рет Жазушылар одағына жетекшілік еткен Ғабит Мүсірепов дүниеден озарда: «Тіл мен әдебиет сендерге аманат», деп қазақ жазушыларына сенім артқан. 1996-2002 жылдар Қазақ Елі үшін қиындығы мен қуанышы, азабы мен ғажабы, күнгейі мен көлеңкесі қатар жүрген Тәуелсіздік атты ұлы ұғымның аясында өткені, елдік туымызды желбіреткені, әлемнің түкпір-түкпіріне Қазақ Елі мен Жерінің аты Абай, Жамбыл, Мұхтар, Қаныш, Сәбит есімдері арқылы ЮНЕСКО шеңберінде жеткені жалпақ жұртқа белгілі.
Тәуелсіздік жылдары Жазушылар одағы көптеген игі істерге мұрындық болды. «Бұлақ көрсең көзін аш», деген тәмсілді ұстанатын аға буын әдебиеттегі жас буынның қалыптасуына мүмкіндіктер ашты. Соның арқасында ұлт әдебиетінің туын құлатпай, дамуына үлес қосатын толқын қалыптасты. Жастардың көрінуіне, газет-журналдарда насихатталуына, сонан кейін Жазушылар одағындағы кештерде өлең оқып ысылуына, танылуына кәсіби жақтан қалыптасуына баға жетпес ұстаз болды.
Ел сөзін ұстаған шешендер мен келешекке бағыт көрсетер көсемдердің басын қосқан бұл ортаның тарихы қысқаша осындай. 90 жыл деп бір ауыз сөзбен қайырғанға оңай болып көрінгенімен, осы жылдар арасында мұнда ел руханиятының кемелденуі үшін маңызды істер атқарылды. Алдағы уақытта да Жазушылар одағы ұлт әдебиетіне шырақшы болып, талантты жастарды жазушылыққа баулуды күн тәртібінен түсірмейтіндігіне кәміл сенеміз.
Жазушылар халықты біріктіретін үлкен мақсатқа жұмылдыратын белсенді зиялы адамдар. Сондықтан, оларға қарапайым халық сенеді. Қоғамдық көзқарасты қалыптастыратын ат төбеліндей ақын-жазушыларға қойылатын талап та жоғары.
Қазір Жазушылар одағы 700-ден астам қазақстандық ақын-жазушының басын қосқан, еліміздегі ең алғашқы және ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі. Одақ – еліміздің мәдени өмірінің дамуына, моральдық және рухани құндылықтардың нығая түсуіне, жастар тәрбиесіне зор үлес қосып отырған іргелі ұжым. Жазушылардың бүгінгі буыны – Қазақстан әдебиетінің кешегі Абай, Жамбыл, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов сынды көптеген көрнекті тұлғаларының баға жетпес мұраларын лайықты жалғастырушы ізбасарлары.
Кешегі жыр алыбы Жамбыл бастаған жыраулар тобы Алматыда айтыс өнерін жоғары деңгейге көтерді. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды алыптар тобы небір классикалық туындыларын дүниеге әкелді. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев сияқты ақиық ақындар қазақ поэзиясын жаңа биікке шығарды.
Жазушы, ақын, қаламгер… Бұл ұғымдар халқымыз үшін қашанда қасиетті. «Өнер алды — қызыл тіл» деп тілді, оның құдіретін ерекше бағалайтын халқымыз ақындары мен шешендерін, дуалы ауызымен ұлттық, елдік мәселелерді шешкен көсемдерін қашанда ардақ тұтқаны тарихтан белгілі жайт. Жазушылар бас қосқан кезде де елдің болашағы, халқымыздың ынтымағы мен берекесі, рухани құндылықтар, тәуелсіз еліміздің баянды жетістіктері, мемлекетіміздің бүгінгі келбеті мен ертеңгі асулары әңгіме арқауына айналары сөзсіз.
Ұлы Жаратушыдан жеткен төрт кітаптың бірі Інжілде «Әуелі сөз болған» деп жазады. Демек, сөз ұстаған адам, қалам ұстаған адамның қай қоғамда, қай елде болмасын атқаратын жүгі де, жауапкершілігі де зор болған. Жазушы бір ұрпақты ғана емес, тұтас ұлтты тәрбиелейді. Ұлы Абайдың дүниеден өткеніне бір жарым ғасырдан асса да осы уақыт ішінде қазақ халқының талай буыны ақын шығармаларымен тәрбиеленді. Тіпті Абайдың ұлылығы жиырма бірінші ғасырдың биігінен де асып, біз ұлы деп келген, ұлық деп келген халықтың, ХХI ғасырдағы өзге де халықтардың ұрпағын тәрбиелеуге көшті. Міне, сөз өнерінің құдіреті, қалам өнерінің құдіреті деген осы болса керек.
Қазақтың ұлы жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Әдебиет ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» деген керемет сөзі бар. Шындығында, ұлттың ұлылығы оның рухани қазығының мықтылығында. Ал сол рухани қазық пен діңгекті орнықтырушы — жазушылар қауымы. ХХ ғасырдың ортасында қазақ әдебиетінің дүниедегі атағы алысқа кеткен талай ұлттардың әдебиетімен терезесі тең, ал көп жағдайда озық екендігін дәлелдеп кеткен ұлы Мұхтар Әуезовтің шығармалары соның айқын айғағы.
90 жылға жуық уақыттан бері қазақ тілінің, қазақ болмысының сақталуы үшін мол пайдасын тигізер небір шаруаларды атқарып келеді. Былайша айтқанда, қазақ қаламгерлерінің басын қосып отырған одақ ұлт мүддесін қорғайтын, соның мәселелерін шешумен айналысатын бейресми ұйым секілді болды. Жасыратын несі бар, кеңестік кезеңдегі солақай саясаттың әмірі жүріп, ұлтымызға қарсы жасалған небір қанды науқандардың нысанасына алдымен ілінген де осы Жазушылар одағының мүшелері − ақын-жазушыларымыз болды. Мәселен, ХХ ғасырдың бас кезіндегі алмағайып кезеңде ұлт тәуелсіздігін алу жолында «Алаш Орда» партиясын құрып, жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетін жасауға белсене кіріскен алашшыл қаламгерлер сталиндік репрессияның құрығына ілініп, мезгілсіз мерт болды. Сөйтіп Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев секілді азат ойлы, жаңа әдебиеттің бастауында тұрған тұлғалардың еңбектері мансұқталып, олардың кітаптары тәркіленді, аттарын атауға тыйым салынды. Туындылары ғасырдан аса уақыт қараңғы архивтердің қол жетпейтін жерлерінде шаң басып жатып, олардың аттарын білетін аз ғана адам қалғанда тәуелсіздік таңы атып, арыстарымыздың есімдері ақталып, халқымен қайта қауышты. Ол азаттық алып, еркіндіктің дәмін енді тата бастаған халыққа рухани күш-жігер берді. Өтпелі кезеңнің қиындығына ұшыраса да, Жазушылар одағы ел алдындағы парызынан бас тартқан жоқ. Керісінше, ақын-жазушыларымыздың екінші тынысы ашылып, қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар − хандар мен би-батырлар туралы түрлі шығармаларды тудырып, халықты өз тарихымыздың ақиқатымен таныстырып жатыр.
Әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлық бар. Жас таланттарға Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы беріледі. Жыл сайын қаламгерлерге Президенттік және Мемлекеттік стипендиялар тапсырылады. Мемлекеттік тапсырыс аясында қазақстандық үздік авторлардың жүздеген кітаптарын шығару игі үрдіске айналған.
Ұлт руханияты мен мәдениетінің шаңырағы болған одақтың бүгінгі басшысы Мереке Құлкенов аймақтардағы ақын, жазушылардың шығармашылығын насихаттау жұмыстарын жемісті жүргізіп отыр. Жас қаламгерлердің кітаптарын шығаруға да белсене атсалысуда. Бұл жақсы үрдіс. Киелі қарашаңырақтың 90 жылдық торқалы тойы тек қана шара ұйымдастырумен, кездесу өткізумен шектеліп қалмай, қазақ руханиятына тың шығармаларымен, заманауи дүниелерімен, ел сусынын қандыратын көркемсөзімен толықтыра түссе деген тілек біздікі.
Баян МАМЫРБАЕВА