Басты бет Тағзым АҒА БУЫНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

АҒА БУЫНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

0
1,212

     Қазанның бірінші күні қарттарымызға құрмет көр­сетіп, құттықтау, тілек айтатын ерекше күн. Өткен жылдарды қайдам биыл аудан орталығындағы «Мария» кафесінде арнайы ақ дастарқан жайылып, кезінде аудан экономикасы мен мәдениет өркендетуге, спорты мен әлемеуттік саласын дамытуға атсалысқан ағалар мен апалардың қарасын көріп мәз болдық. Мәре-сәре болған ақсақалдардың бас қосуының өзі керемет көрініс екен. Күн де жарқырап, оларға өзінің шуағын шашып тұрды.

   Мол жайылған дастарқан басына отырған қарияларды құттықтау үшін аудан әкімі Бота Елеусізова ортаға шықты. Қариясы бар ел – қазыналы деген тәмсілден сөзін бастап, алдымызда ақыл айтып жүретін, әр ісі мен әрекеті, мінезі мен адами болмыстары арқылы үлгі болып жүрген қарияларға ыстық ықыласын төкпеледі. Күнде бас қосуға мүмкіндіктің бола бермейтіндігін тіліне тиек етіп, осындай сәтте өзінің ақжарма тілегін ақтарып алғысы келгендігін жасырмады. Шынайы пейілі мен ниетін жақсы сөздерімен жеткізді. Жиналған қарияларға алғысын арқалатты. Емен-жарқын отырып, ас ауыз тиіп, көңілдеріңізді көтеріп қайтыңыздар деген тілегін айтты. Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жәнет Керімқұлов қарияларға деген пейілін өлең жолдарымен жеткізді. Аға буынға деген өзінің алғысын жыр жолдарымен төкпеледі. Осындай шараны ұйымдастырғандарға, аудан басшысына рақметін айтты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ербол Нұрсейітов жылына бір рет аталып өтетін бүгінгідей мерекеде бас қосқан ауылдың ақылмандарына өзінің ізгі тілегін жеткізді. Арамызда болмай қалған, еңбегі сіңген зейнеткерлерің аттарын атап, түстерін түстеп шықты. Аудан әкімі Бота Серікқызына рақметін жеткізді. Ауданның, облыстың құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов әңгімесін әріден бастап, кезінде жап-жас болып қоғамның, елдің дамуына өзіндік үлестерін қосқан азаматтардың бүгінде қазыналы қарияға айналғандығын, солардың қол жеткізе алмаған биіктеріне ұрпағымыздың жетуін тіледі. Еңбектері өлшеусіз азаматтардың арамызда ұзақ жүруін, қариялық жастың қандай өлшеммен өлшенетіндігін өз пайымдауымен жеткізді. Ардагерлеріміз өздеріне деген шынайы қамқорлықты сезініп, үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету салтымен бұл игі дәстүр лайым жалғасын тапсын деген ниетімен сөзін қорытындылады. Аудандық ұйғыр этномәдени орталығының басшысы Арлен Османов қарияларды мерекелерімен құттықтап, осындай сәттің енді болар, болмасын айтып, өзінің жүрекжарды тілегін ақтарды. Аудандық қоғамдық келісім және даму орталығының жетекшісі Гүлжаһан Әликеева кезінде әр салада қызмет атқарып, бүгінде құрметті демалыста жүрген жандарды төл мерекелерімен құттықтады. Алтын күздің тамаша күніндегі мынандай шараға қатысқан қарияларға денсаулық тіледі. Ағалардың салып берген сара жолын ары қарай жалғайтын саналы ұрпақтың бар екендігіне сендіріп, аға буын өкілдеріне ризашылық сезімін жеткізді. Әр құттықтау сөздің арасында аудандық мәдениет бөлімінің мамандары концерттік бағдарлама ұсынып отырды. Көптен көрмегендер көрісіп, қауқылдасып, қалжыңдасып, мерекенің сәнін кіргізді.

   Кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейір­бандылыққа, Отанымызға адал қыз­мет етуге, айналадағы адамдардың өмір­ге, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға үйретіп, егемен еліміздің жарқын болашағына сенім­мен қарауды, жақсы күндерді еселі еңбе­гі­міз­бен жақындатуды біз ақсақалдар үйреніп келеміз. Зейнетте жүрсе де жұмыстан қол үзбей жүргендер бар. Оларға да құдай қуат берсін. Ақ шашты ардагерлеріміз бүгінгідей мерекеде ғана емес, әрдайым біздің наза­ры­мызда болсын, сіздердің оларға көрсет­кен ізгі ние­тіңіз өз балаларыңыз бен неме­релеріңізден қайта­тыны ақиқат. Аға буынның толайым табыстары мен бай тәжірибелері, дарқан көңіл даналықтары кейінгі буынға үлкен өмірлік сабақ. Шараның өтуіне мұрындық болған аудан әкімі, ауданның ішкі саясат бөлімі мен «Адам және қоғам» бірлестігіне алғысымыз шексіз.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАНЫМДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

Ата-анамыз өмірден өткен соң ғана олардың айтқан сөздерін, қылықтары мен іс-әрекеттерін ес…