Біріккен ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясы 1990 жылы 14-ші желтоқсандағы 45/106 резолюциясында қазан айының 1-ші күнін «Қарттар күні» деп белгілеген. Бұл мереке бізде де дәстүрлі түрде аталып келеді. Қоңыр күздің шуақты күнінің қарттарға арналғаны жайдан-жай емес. Жиын-терін аяқталып, сергіп, демалатын сәтте аталып өтуі көңілге шуақ сыйлайды.
Аудандық ардагерлер ұйымының тарихы өткен ғасырдың 1987 жылынан басталған. Ресми түрде. Ал ол ұйым деп аталмаса да үлкендердің қоғамда алар орны ерекше еді. Кез келген даулы мәселелерді ауылдың ақсақалдары шешетін. Республика көлемінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылып, оның филиалдары әр облыста және әр ауданда жасақталды. Аудандық ардагерлер ұйымына ауданымызда алғаш Сергей Абрамов басшылық жасаса, 1991-1995 жылдары Зия Палтаев, 1995-2008 жылдарда Ашим Рахмаев, 2008-2019 жылдарда Нурвяг Сеитов, 2019-2023 жылдарда Әбіләкім Есуянов жетекшілік етті. Бүгінде ауданымызда Ұлы Отан соғысының 1 ардагері, 185 тыл ардагері, 8742 зейнеткер бар. Зейнетте жүрміз демей, аудан көлеміндегі кез келген шараға белсене қатысатын да біздің ұйым. Облыс деңгейінде өткізіліп жатқан шаралдардан сырт қалып көрмеді. Батагөйлер, көркемөнерпаздар, әртүрлі спорт сайыстарына да қатысып, жүлделі орындарды еншілегендерін аудандық басылым арқылы көпке тараттық. Саламатты өмір салтын ұстану, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастарға өнеге көрсету сияқты күнделікті қажеттіліктерді естен шығарып көрмедік. Облыстан жүлдемен оралған ақсақалдарымызбен кездесулер өткізіп, олардың өмірлерін жас ұрпаққа насихаттап жүрміз. Аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысы ауқымды. Тек қана мәдени шаралар өткізумен шектелмей, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту жұмыстарында, қазір дайындалмай, жасалмай жатқан тағамдар түрін үйретуде де қарияларымыздың үлесі зор. Өткен жылы облыс тарапынан ұйымдастырылған Батагөйлер арасындағы байқауда тасқарасулық Ерған Мұхамедиұлы ақсақалымыз бас жүлде, сүмбелік Қалабай Мерейімов, 2-ші орынды иеленді. Шарын ауылындағы «Шарын садаси» ансамбльіндегі ардагерлеріміз жүлделі 1-ші орынды жеңіп алып 100 мың теңгеге ие болды. Ал биылғы көркемөнерпаздар арасындағы байқауда шонжылық Рая Сартолова мен ақтамдық Гүлбархан Жаманкеева «дуэт номинациясы» бойынша 1-ші орынды иеленсе, шахматтан Осман Гаппаров 3-і орынды місе тұтты.
Қарттар күнін бір ғана күнмен шектеп қоюға болмайды. Оларға күнделікті көңіл бөліп, қоғамға араластырып, жалғыздықтан шаршап жүргендерін қоғамдық істерге қатыстырып, белсенділіктерін арттыруымыз керек. Ардагерлер кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге көрсететін ақылшылар. Оларсыз өмір мәнсіз. Қарттар күнімен барша аудандағы ақсақалдарды, ақ самайлы аналарды құттықтаймын. Қазынамыз сарқылмасын.
Ербол НҰРСЕЙІТОВ,
«Ардагерлер ұйымы » Р.Қ.Б аудандық филиалының төрағасы