Басты бет Көкжиек МҰҒАЛІМДІК – МАМАНДЫҚ, ҰСТАЗДЫҚ – ҚАСИЕТ

МҰҒАЛІМДІК – МАМАНДЫҚ, ҰСТАЗДЫҚ – ҚАСИЕТ

0
33

Мамандықтың ең мәртебелісі – мұғалімдік, ұлылық деген теңеу де көбінесе ұстаздарға қаратыла айтылады. 5 қазан мұғалімдер күні деп белгіленді. Бұл жалпы педагогтерге көрсетілген құрмет деп түсінеміз. Ауданда еңбек етіп жүрген, зейнетке шыққан барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз. Ғалым да, ақын да, ұшқыш пен дәрігер де ұстаздан тәлім алады. Шындығында әріп үйретіп, тіл сындырып, тәрбие беріп, өмірге қанат қақтыратын ұстаздарға қандай мадақтау, марапат айтсақ та лайықты.

Әр адам алғашқы мұғалімін, жоғарғы сыныптарда өзіне ұнайтын ұстазының есімін жүрек түкпірінде сақтайтыны шындық. Өзімде солай. Математикадан сабақ берген Майраш апайымның алғаш рет сыныпқа кіріп, өзін таныстырған сәті, одан әрі қарай сабақ өту тәсілі әлі көз алдымда. Ұмытқан емеспін. Неміс тілінен дәріс берген Кәнжәм Абдуллақызының мінезі, сыпайылығы жүрегімнің түкпіріне орнығып қалған. Тарих пәнінен сабақ өткен Рахима Бейсебайқызының дауысы мен бір айтқанын қайталап, таптап түсіндіретін әдісі құлағымда жаңғырып тұрады. Бұл тізімді ұзағынан соза беруге болады. Ештеңеден бейхабар, әріп түгілі кітап дегеннің не екенін білмей келген бүлдіршінге аналық мейірімін төгіп, әрқайсысының маңдайынан сипап, қолына қалам ұстауды үйретіп, ақ қағазға алғашқы әріпті жаздыратын да – ұстаз. Олардың еңбектері өлшеусіз.

Өткеніміз бен бүгінімізді салыстырып жүретін әдетіміз бар. Бұрынғы мұғалімдер мен қазіргі ұстаздың бейнесін салыстырамыз. Өзіміз оқыған тұстағы апайларымыз бен ағайларымыздың киім киісі, жүріс тұрысы, сөйлеу мәнері көз алдымыздан кете қойған жоқ. Қарапайымдылық деген қасиет басты назарда болатын. Алабажақ киіну, сараласатпақ бояну, әйел мұғалімдер шаштарын күзеп немесе тықырлатып алып тастау, ашық бояуға бояну деген түсінік мүлдем жоқ еді ол кездерде. Қазір еркіндік. Өзім жақында орта жастан асқан бір мұғалімді кездестірдім. Әйел адам, шашының жартысын тықырлатып ұстарамен алып тастаған, қалған жартысын сап-сары түске бояған. Қазіргі мұғалімнің сыртқы бейнесінің өзі тіксіндірді. Мүмкін білімді, білікті болар. Дей тұрғанмен өзімнің көңіліме онша қоныңқырамады. Өткен шаққа орала беру де дұрыс емес. Бірақ сол замандардағы мұғалімдердің бар болмысы, түр-тұрпаты ерекше еді. Мереке күні сын айтуға қақымыз жоқ. Бір сәттік кері шегіну деп қабылдаңыздар.

    Ұстаз ел­дің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді. Адам тәр­бие­леу – ұлы міндет. Ол міндетті атқарушы – ұстаз. Менің түсінігімдегі ұстаз – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен та­бандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жа­ңа­шылдықтың бастаушысы, жү­ре­гі – жылы, көңілі – дарқан адам. Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адам­ның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Шәкірті өзінен оз­ған ұстаз – еңбегі ақталған ұстаз. Жай ғана мысал Мамытхан Құдайбергенов деген мұғалімді жұрттың бәрі таниды. Шәкірт тәрбиелеудегі оның шеберлігіне ауданда әлі ешкім жете қоймады деп айта аламын. Өз пәніне деген қызығушылығы, баланың бойынан жылт еткен дарынды көрсе оны әрі қарай жетелеп кететін қасиеті оны ұлағатты ұстаз деген атқа лайықты етті. Бүгінде аты алты алашқа мәшһүр, арқалы ақын Бақыт Беделхан өзінің ақындық жолын осы ұстазымен ұштастырады. Оны әрдайым айтып жүреді. Мықты режиссер Елзат Ескендір Мамытхан ағамның шәкірті. Өзіміздің Ақжол Нұрдәулетұлы ағайдың өнегесін алған ақын. Өзімнің ұлдарым да мұғалімдері жайлы әңгіме қозғалса Мамытхан ағаларын бірінші кезекте атайды.

     Ұстаздық қызметте, шәкірт­термен қарым-қатынаста ізгі ниеттілік, кішіпейілділік және мә­дениеттілік бірінші кезекте тұру керек. Қытай философы Конфуцийдің «Маған жәй айтсаң – ұмытамын, көрсет­сең есімде сақтаймын, ал өзімді іс-әрекетке қатыстырсаң үйрене­мін» деген даналығын басты ұстаным ету керек болар. Сонда ғана білім алушы бала ұстазының бойындағы бар жақсыны қабыл алады. Сондықтан бүгін білім бе­ру­дің сапалы болуы мұғалімнің өз ма­ман­ды­ғы­на деген шынайы сүй­іс­пенші­лігінің және ешқан­дай дипломмен бірге берілмейтін шығар­машылық қабілеті, балаға деген кіршіксіз адамгершілік қа­сиет­тері болуы шарт. Мен қазір біздің елімізде қа­лыптасқан мұғалімдік маман­дық­қа мектепте негізінен орташа оқыған білім алушыларды қа­был­дап, олардан орташа маман дайындап, оларды білім ұяла­ры­на жіберетін құрсаудың бұзы­лып, ұстаз мамандығы ең жоға­ры ең­бекақы төленетін үз­дік ма­мандыққа айналса деп ар­ман­дай­мын. Ондай күндердің алыс еместігіне де сенімдімін. Жүрек қалауымен таңдалған мамандығына деген сүйіспеншілік болғанда ғана кез келген белесті бағындыруға болады. Жай ғана жалақы үшін күн өткізуге болмайды. Онда рухани дағдарысқа ұшыраймыз.

    Ұлы деген сөзге лайықты мәртебелі мамандық иелері мұғалімдер болса, оларға шығармашылық пен адами жақсы қасиеттерді қосып ұстаз деген ұлағатты есімді арқалап жүрген барша педагогтер қауымын төл мерекелерімен құттықтаймыз. Бала тәрбиесіндегі еңбектеріңіз биіктен жансын!

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…