Басты бет Көкжиек ТАЛАПТАРЫ ТАУДАЙ БАЛАЛАР

ТАЛАПТАРЫ ТАУДАЙ БАЛАЛАР

0
461

Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында IQanat олимпиадасының финалы өтті. Ауқымды сайыс 8 айы бойы, республика бойынша ауыл балаларының арасында ұйымдастырылды. Бірінші кезеңге қатысқан 50 мыңнан аса оқушының ішінен 1000 бала іріктелді. Марапаттау рәсімінде Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатында оқитын 100 баланың есімі анықталды. Тағы жүз жасөспірім жоғары оқу орындарына түсуге арналған тереңдетілген дайындық бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Қалған 800 финалист үш жыл ішінде тәжірибелі оқытушылардан тәлім алатын болды. Орталықта оқушыларды ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға дайындап, ағылшын тілін үйретеді. Қазір жоба түлектері әлемнің 15 елінде білім алып жатыр. Олимпиаданың негізгі мақсаты еліміздің ауылдық жалпы білім беретін мектептерінің оқушыларын, сондай-ақ ауыл оқушыларының ынтасын арттыру, зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға жәрдемдесу болып табылады. Сонымен қатар орта білім беру ұйымдарының оқушылары арасында дарынды оқушыларды анықтау, оларды одан әрі зияткерлік дамыту және кәсіптік бағдарлау үшін оңтайлы жағдай жасау; тұлғаның өзін дамытуына жәрдемдесу, сондай-ақ оларды болашақ академиялық және кәсіби сынақтарға дайындауды мақсат тұтқандықтан өз білімдерін сынауға бейім балалар көп болды. Біздің ауданның талапкерлері де бұл олимпиадаға қатысты. IQanat республикалық олимпиадасының ІІІ кезеңінен Сүмбе орта мектебінің оқушысы Бейқұт Балым Жақсыбекқызы, №1 Шонжы мектеп-лицейінің оқушысы Карим Талипов IQanat high school of Burabay инновациялық мектебіне 50 пайыздық жартылай грантын иеленді. Абай атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Рысбек Жанжігер Медетұлы, №1 Шонжы мектеп-лицейінің оқушылары Дилмурат Исаев, Малика Имнахунова, Назмин Акимов, Сүмбе орта мектебінің оқушысы Айым Еркебай республикалық кезеңнің финалисі сертификатымен марапатталды. Ауданымыздың білімді балаларының еңбегі жанды. Алар асулары әлі алда. Республикалық деңгейде бақтарын сынап, білім жарыстырып, білімділер қатарында болған оқушыларға тек табыстар тілейміз. «Білімді мыңды жығады» деген тәмсілді ұстанып, әрі қарай өз еліне адал қызмет ететін балалар болғай деген таудай тілегіміз бар.

Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕР – ОРТАҚ ҮЙІМІЗ

«Жер елшілері» креативті жастардың бүкілқазақстандық экологиялық қозғалысы соңғы кезде жаң…