Басты бет Тағзым ТАУТҰЛҒА ҰЛЫҚТАЛДЫ

ТАУТҰЛҒА ҰЛЫҚТАЛДЫ

0
521

Үйсінтаудың етегіндегі Кіші Дихан ауылдық округінде тағы да бір тамаша шара өтті. Аталмыш ауылдық округке қарасты Үлкен Дихан ауылында қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Заманбек Батталхановтың бюсті ашылды.  Халық қаһарманы Мөрдін Тайыпов, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин, бес орденнің иегері, атақты шопан Сәлім Шормақов, жазушы, ақын, ға­­лымдар – Мәкен Тойшыбеков, Сәйден Жолдасбаев, Илья Бах­тия сияқты тұлғаларды дүниеге әкелген киелі мекен Кіші Дихан ауылын жергілікті тұрғындар «Батырлар мен ақындар ауылы» деп атайды. Осындай кие қонған мекенде дүниеге келген Заманбек Батталханов ағамыздың ел үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Өз заманының қажырлы қайраткері, ел ағасы атанған Заманбек Батталханұлының есімі мен атқарған ісі көпшілік жадында сақтаулы.

1922 жылы 22 желтоқ-санда Үлкен Дихан ауылы, «Қаратам» қыстауында дүниеге келген Заманбек ағамыз 1942 жылы Қалжат орта мектебін бітіре сала Ұлы Отан соғысына аттанды. Соғыс жылдары ол екі рет жарақат алды. Гвардия полковнигі шенін иеленіп, Қызыл Жұлдыз, 1-ші және 2-ші дәрежелі Отан соғысының ордендері және Жауынгерлік медальдарымен марапатталды.

Соғыстан елге аман-есен оралған соң да ел дамуына үлес қосты. Ең әуелі жоғары білім алды. 1952 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін тамамдайды. 1946-1954 жылдары ауданның әртүрлі мектептерінде мұғалім және директор қызметін атқарады. 1955-1957 жылдары аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, 1957-1965 жылдары Ұйғыр, Панфилов аудандарының атқару комитетi төрағасының бірінші орынбасары, 1965-1972 жылдары Іле аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1973-1985 жылдары Іле аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды.

Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Алматы облысының Іле, Талғар, Ұйғыр аудандарының және Қапшағай қаласының “Құрметті азаматы” атанды.

Оның ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ауыл шаруашылығы дамып, жаңа шаруашылықтар құрылды, елді мекендер бой көтеріп, өндіріс орындары пайдалануға берілді. Мұнымен қоса маман кадрлардың өсіп-жетілуіне септігін тигізді. Ағаның ақылын тыңдап, шекпенінен шыққан жастар бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде елеулі еңбек етіп жүр.

Міне, осындай тау тұлғалы азаматты ел жадында мәңгі қалдыру үшін 2021 жылы өзі туған ауылдағы өзі іргесін қалауға септігін тигізген Үлкен Дихан орта мектебіне Заманбек Батталхановтың есімі берілген болатын. Күні кеше мектеп алдына қоғам қайраткерінің еңселі бюсті бой көтеріп, ашылу салтанаты өтті.

Шараға ел ағасының дос-жараны, қамқорлығын көрген шәкірттері, ауылдың үлкен-кішісі түгелдей жиналды. Батасыз іс бастамаған қазақтың ұрпағы емеспіз бе? Байырғы дәстүр бойынша ең әуелі шараның басы ақ батамен басталды. Ауыл ақсақалы Шормақов Ботан атамыз елдің амандығын, ердің адалдығын, ағайынның ауызбіршілігін Жаратқаннан сұрап, ақ тілегін ақтарды. Бюсті ашу құрметіне аудан әкімі Елеусізова Бота Серікқызы, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алиев Данияр Абзалиденұлы, қоғам қайраткері, ақын Оразалин Нұрлан Мырқасымұлы, облыстың құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынұлы, Заманбек Батталхановтың ұлы Бекболат Заманбекұлдары ие болды. Бюст ашылған соң аналардың шашуы шашылып, күмбірлеген күй әуеледі. Арқа-жарқа ағайын бір-біріне абыз ақсақалдың төрге орнаған бюстіне құтты болсын айтысып жатты.

Алғашқы сөзді аудан әкімі Бота Серікқызы алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізе­ді»,– деген сөзін тілге тиек ете келе, еңбегімен ел алдында абыройға кенелген тұлғаның бюстінің ашылу салтанатына келген қонақтарға ізгі тілегін арнады.

Мұнан соң ақын Нұрлан аға Оразалин, ел ағасы Стахан Белғожаев, ауданның құрметті ақсақалы Ызғарбек Бектұрсыновтар естеліктер айтып, ел мен жерге қамқорлығын танытып қана қоймай, артынан ерген іні-қарындастарын, кез келген қазақ баласын қанатының астына алып, өз өнегесімен қатар өмірлік тәжірибесін үлгі еткен ағаның өткен өміріне шолу жасап, тұлғаның еселі істерін еске алды.

Баласы Бекболат та әкесінің асқар таудай тұлғасын еске ала отырып, оның жүріп өткен өмір жолы Жетісу өңіріне етене таныс екенін, Ұйғыр аудандық, партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Панфилов пен Ұйғыр аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Талғар мен Іле аудандық, атқару комитеті төрағасы, Іле аудандық, партия комитетінің бірінші хатшысы, тағы басқа да қызметтерде ол үлкенге іні, кішіге аға бола білгенін айтып өтті.

Жиын соңында келген қонақтар Заманбек Батталханов атындағы орта мектеп ішіндегі ел ағасына арнайы жасалған кішігірім мұражаймен танысты. Өз ықыластары мен алғыстарын айтып тарқасты.

АНАР ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

Шығысы шекара, батысы Бұғыты тауларымен танымал, әлемге Шарын шатқалымен әйгілі, қасиетті …